Су әуені

1-тапсырма. Әңгімелеу. Тыңдау. Талдау.

«Дүниетану» пәнінен суға байланысты мәліметтерді есіңе түсір:

• Су деген не?
• Судың қандай қасиеттерін білесің?
• Судың адамға деген пайдасы қандай?
• Судың әуені бола ма? Бейнетаспаны қарап, тыңда, талда, пікіріңді айт.

2-тапсырма. Талдау.

• Судың қандай табиғи күйлерін білесің? Оларды ата.
• Су күйіне мұғалім дайындаған бейнетаспа үзінділерін тыңда, талда, пікіріңді айт.
• Судың бір күйден басқа күйге өзгеруі үшін қандай жағдай болу керек? Неліктен?
• Судың қай күйінде дыбыс шығады деп ойлайсың? Ол
қандай дыбыс шығару мүмкін?

3-тапсырма. Зерттеу.

Судың түрлі күйлерін қандай музыкалық аспаптармен бейнелеуге болады?

4-тапсырма. Тыңдау және талдау.

Көңілді бұлақтың әні

Музыкасын жазған: Г. Абдрашева

Г. Абдрашеваның «Көңілді бұлақтың әні» пьесасын мұқият тыңда.
Мына сұрақтарға жауап бер:

• Музыка қандай көңіл күйде орындалды?
• Музыкада әуеннің екпіні қалай өзгереді?
• Музыканы тыңдау барысында көз алдыңа не елестеттің?

Музыкалық бейне

5-тапсырма. Орындау.

Ақбұлақ

Әні мен өлеңін жазған: Б. Тәжібаев

Күндіз-түні бір тынбай,
Дала кезген шапқылап.
Құмар едім өзіңе
Бала кезден, Ақбұлақ.

Әнге бөлеп маңайды
Асып-тасып жатасың.
Ақ моншақтан аспанға
Шашу шашып жатасың.

Қайырмасы:

Сенің келіп жағаңнан
Анам талай су алған.
Сенің келіп жағаңнан
Әкем атын суарған.

Айналайын Ақбұлақ,
Асыр салғам жағаңда.
Сенен артық өлкені
Бұл әлемнен табам ба!

Екінші сыныпта үйренген ақын, сазгер Б. Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнін есіңе түсір.

• Автор өз әнінде не туралы әңгімелейді? Мазмұнын сыныптастарыңмен бірге талда.
• Әнді талап бойынша мәнерлеп, әдемі орында.

6-тапсырма. Музыка шығару.

Ұрмалы, музыкалық-шулы аспаптар мен дауысты қолдана отырып, судың түрлі күйін бейнелейтін әуен құрастыр.

7-тапсырма. Орындау. Бағалау.

Өз композицияңды орында және бағала.
Мына сұрақтарға жауап бер:
• Тапсырма орындау барысында не қолайлы болды?
• Қайсы жұмыс қолайсыз болды?
• Жұмыста нені әлі де жақсарту қажет?

×
×

Cart