Айдынды шалқар Аралым!

1-тапсырма. Зерттеу. Талқылау.

   Қазір туған жерімізде су мәселесі жылдан жылға қиындап келе жатыр. Су – табиғаттың керемет байлығы. Ол жанды табиғатқа, адамның өміріне, оның барлық тіршілігіне ауадай қажет.

Сыныбыңмен бірге бейнетаспадағы су мәселесіне қатысты материалды көр. Пікіріңмен бөліс.
Мына сұрақтарға жауап бер:

• Су қала мен ауылдың өмірінде қандай рөл атқарады?
• Қазақстандағы су мәселесіне байланысты ең өзекті проблемалардың бірі қандай?

2-тапсырма. Тыңдау және талдау.

Шығарма үзіндісін тыңда.

Арал тағдыры

(үзінді)

Қ. Сайжанның күйі

Шығарма атауына көңіл бөл. Композитор қандай мәселені көтеріп отыр?

• Музыканың орындалу нақышы қандай? Қандай көңіл күйді білдіреді?
• Күйді тыңдау барысында көз алдына қандай көріністер елестейді?
• Күйді бағдарламалық музыкаға жатқызуға болады ма? Түсінігіңді айтып бер.

3-тапсырма. Тыңдау, үйрену, орындау.

Аралдан ұшқан аққулар

(қазақтың халық әні)

Өлеңін жазған: Ш. Сариев
Әнін жазған: С. Бәйтереков

1.

Құстардың қайда базары,
Тарқаған түсіп ажары.
Жаралы жүрек жандардай
Төмендеп теңіз назары.

Бұлттардай жүзген ақ ала,
Жападан жалғыз шағала.
Қоштасқан қайран Аралмен,
Қайғылы-мұңды жағада.

2.

Жыл сайын көктем жетеді,
Сені іздеп құстың мекені.
Ұясыз қалған аққулар
Қона алмай ұшып еді.

Айдынды шалқар Аралым,
Балалық шағым, жанарым.
Айдында жүзген құсың ем,
Алыстап кетіп барамын.

Қайырмасы:

Қия алмай қанат қағады,
Қона алмай ұшып барады,
Мөлдіреп құстар жанары, Аралым.
Ең алғаш сені көріп ем,
Аққуды теңіз көгінен ,
Толмайтын орны – Өмір ең, Аралым.

«Аралым» әні жазылған бейнетаспаны көр. Әншінің орындауына көңіл бөл. Қандай көңіл күйде орындайды?

• Әнді үйренгенде әуенін таза, өлеңнің жолдарын түсінікті айт.
• Әнді мәнерлеп орында.

4-тапсырма. Шығармашылық.

Аралым

(виртуалды ойын)

   Ойынның шарты. Оқушылар «Термешілер», «Әншілер», «Күйшілер» деген үш топқа бөлініп, Арал мәселесін көтеріп жатқан интернет желісінен, бейне жазбалардан музыкалық шығармалар мен әндерді іздейді. «Термешілер» тобы терме түрінде орындалатын туындыларды зерттейді. «Әншілер» тобы әндердің мазмұнын талдайды. «Күйшілер» тобы күйлерді қарастырады.

   Ойынның аяғында әр топ сынып алдында жұмысын көрсетеді, қорғайды, түсінік береді және таңдаған музыканың негізгі әуенін орындайды.

5-тапсырма. Орындау. Бағалау.

Өз композицияңды орында және бағала.
Мына сұрақтарға жауап бер:

• Орындаған тапсырмаңда не қолайлы шықты?
• Қайсы жұмыс қолайсыз болды?
• Жұмыста нені әлі де жақсарту қажет?

×
×

Cart