МҰХТАР ОМАРХАНҰЛЫ ӘУЕЗОВ
(1897–1961)

  Мұхтар Омарханұлы Әуезов – жазушы, абайтанушы, драматург, публицист, әдебиеттанушы, аудармашы, қоғам қайраткері, академик. Ол Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі ауылында 1897 жылы 28 қыргүйекте дүниеге келген. Атасы Әуез де, әкесі Омархан да сауатты адамдар болған. Абай ауылымен іргелес отырған Әуез – ақын өлеңдерін алғашқы тыңдаушылардың әрі қағаз бетіне түскен өлеңдер туралы пікір айтқан адамдардың бірі болған. Мұхтар Әуезовтің Абай шығармашылығына қызығушылығын оятқан да атасы еді. Әуезді Абай құрмет тұтып, «Әуке аға», «Үлкен қожа» деп атаған. М. Әуезов өз естеліктерінде атасының оған алты жастан бастап Абайдың өлеңдерін жаттатқанын айтады.

  1908 жылы Семейдегі Камалиддин медресесінде, кейін орыс мектебінің дайындық курсында оқиды. 1910 жылдан Семейдегі бес сыныптық қазына училищесінде оқиды. 1915 жылы Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. 1917 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» поэмасының негізінде «Еңлік–Кебек» пьесасын жазып, оны Ойқұдық деген жерде Әйгерімнің үйінде сахналайды. Осы жылдары «Адамдық негізі – әйел», «Оқудағы құрбыларыма!», «Қайсысын қолданамыз», «Ғылым», «Будда», «Мәдениетке қай кәсіп жуық?», «Мәдениет һәм ұлт» және т.б. көптеген мақалалары жарыққа шыққан. 1918 жылы Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп «Абай» журналын шығарады. 1921 жылы «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі жарияланды.
  1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне оқуға түсіп, «Шолпан» және «Сана» журналдарында қызмет етеді. «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі?», «Заман еркесі» әңгімелері осы басылымдарда жарық көрген.
  1923 жылы маусым айында Ташкенттегі Орта Азия университетінен Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет бөліміне ауысады. 1924–1925 жылдар аралығында Семейдегі мұғалімдер техникумында оқытушы болып істейді. Оқытушы бола жүріп, «Таң» журналын шығарады. 1925 жылы Ленинградқа оралып, оқуын қайта жалғастырады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды. Бұдан бөлек Қазақ ағарту институтында сабақ берді. М. Әуезов проза мен драматургияда қатар қызмет етті. Отызыншы жылдары «Қасеннің құбылыстары», «Іздер», «Шатқалаң», «Құм мен Асқар», «Бүркітші» әңгімелері мен «Айман–Шолпан», «Тас түлек», «Шегарада», «Түнгі сарын» пьесаларын жазады.
  Абайдың өмірі мен шығармашылығын, Абайдың ақындық мектебі тұжырымдамасын, қазақ әдебиеті тарихының кезеңдерін зерттеп, әдебиеттегі зарзаман ақындарының бағыты туралы ғылыми түсінік қалыптастырды. Жазушы өзінің ең басты шығармасы «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші кітабын 1942 жылы, екінші кітабын 1947 жылы жарыққа шығарды. 1949 жылы роман бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлықпен, Құрмет белгісімен марапатталды. 1954 жылы «Абай жолы» романын толық аяқтайды. Абайға байланысты «Абай» трагедиясын, «Абай жолы» роман-эпопеясын, «Абай Құнанбайұлы» ғылыми монографиясын, «Абайтану дәрістерін», «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» және т.б. көптеген ғылыми және танымдық еңбектер жазған.
  1960 жылы ол Кеңес жазушыларымен бірге АҚШ-қа барып қайтты. Қайта оралғаннан кейін «Америка әсерлері» атты очерк және жаңа роман жазумен айналысады.
  1961 жылдың жазында Әуезов емделу үшін Мәскеуге барып, 1961 жылы 27 маусымда ота кезінде қайтыс болды.
  Қазіргі қазақ әдебиетінде әуезовтану ғылыми бағыты қалыптасқан. М. Әуезов өмірі мен шығармашылығы, ұстаздық қызметі, әдеби және мәдени мұрасы туралы Қ. Сәтбаев, М. Қаратаев, З. Қабдолов, З. Ахметов, А. Нұрқатов, З. Кедрина, Ы. Дүйсенбаев, Е. Лизунова, Р. Бердібаев, Л. Әуезова т.б. зерттеулер жүргізді. М. Әуезов шығармашылығы туралы «Мұхтар Әуезовтің қолжазба мұрасы», «Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармаларының шежіресі» деген ұжымдық еңбектер жарыққа шықты. Жазушының алты томдығы (1957), он екі томдығы (1967), жиырма томдығы (1987), елу томдық жинағы жарық көрді.

«Абай» романының жазылу жайынан:

  Мен бұл мақалада Абай жөніндегі (қазір төрт томы түгел жазылып біткен) романдарымның алғашқы eкi кітабын сөз етемін. «Абай жолының» екінші кітабымен оқушы жұртшылық күні бүгін толық танысып болған жоқ. Сондықтан оған кейінірек бip оралып соғуды жөн көрдім. Ал менің ұлы ақынды, ақын өмip сүрген дәуірдің тарихи шындығын көрсету мақсатындағы творчестволық icімнің бірқатар сырын «Абай» романының маңында айтар пікipiмнeн де aңғaруға болады.
  Алдымен, мынаны ескерген жөн: «Абай» да, «Абай жолы» да – тарихи романдар. Бipaқ жұртқа мәлім «Петр Бipiншi», «Емельян Пугачев» немесе «Степан Разин» сияқты романдардан менің романдарымның өзіне тән кейбір өзгешеліктері бар.
  Аталған романдардың геройлары – қайсыбіpi ipi қоғамдық қайраткер болуымен бipгe, көбіне төтенше ер, бұрқанған күштің, қолма-қол қимылдың адамдары болып келеді, олар бұқараны өздерінің epкін іс-әрекеттерімен бастайды; ал менің романдарым батыр емес, ақын туралы, менің геройым – творчестволық тұлға; демек, қоғамдық құбылыс есебінде көрінетін оның қолма-қол қимыл әрекетінің нәтижесі емес, творчестволық еңбегінің туындысы ғана.
  …Міне, бұл тақырыпқа келгенде, мен осы ерекшеліктерді қатты ecкepдiм. Геройымның сыртқы әрекетін ғана емес, iшкi творчестволық бұралаңдарын, творчестволық психологиясын, оның өмipдi тікелей түйсінулерінің, сезіну-толқынуларының нәтижесінде көрінген шындық құбылыстың сырларын, тiптi ақын шығармаларының тамыр тартқан тереңін аша көрсетуге көп күш жұмсадым.

Мұхтар Әуезов, 1959 жыл

  Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде-бірі бұл кітапты жанап өте алмайды: ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілі мен сөздігінің қаз басуы мен қалыптасуын көреді; ғалым-этнограф қазір көне заманмен қоса көнерген небір тұрмыстық белгілер мен өмір құбылыстарын біледі.

Қаныш Сәтбаев

ЭПОПЕЯ (грекше ероs – сөз, баяндау және роіео – жасаймын) – бүкіл бір дәуірді кеңінен қамтып бейнелейтін кең тынысты, сан салалы эпикалық шығарма. Ежелгі Грекияда халықтың өмірін, қаһармандарын, ірі тарихи оқиғаларды суреттейтін өлең-жырларды бір желіге тізіп, тұтастыру арқылы жасалған көлемді эпостық жырды «эпопея» деп атаған. Мысалы, Гомердің «Илиада», «Одиссея» атты эпостық жырлары, үнді елінің «Махабхарата», қырғыз халқының әйгілі «Манас» эпосы осындай әдеби туындылар қатарына жатады.
  Біздің уақытымызда «эпопея» деп тарихи уақыттың маңызды кезеңдерін, халық өмірін әр қырынан көрсететін, үлкен тарихи оқиғаны, күрделі тағдырлар тоғысын бейнелейтін романдар циклін айтады. Л.Н. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», М.А. Шолоховтың «Тынық Дон» атты шығармалары соған мысал. Қазақ әдебиетінде М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ халқының жарты ғасырлық өмірінің энциклопедиясы дерлік кесек, көркем туынды.
  Бұдан біз «эпопея» деген ұғымның жазба әдебиетінде тақырып-мазмұнды бейнелеу әдіс-тәсілдері, көркемдік ерекшеліктері жағынан мүлде өзгеріп, жаңа сипат алғанын айқын көреміз.

Серік Негимов

  М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші кітабы мынадай тараулардан тұрады: «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Жолда», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда».

×
×

Cart