ҚАЙТҚАНДА
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.1.3.1 көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау арқылы өмір шындығын көрсету.
  11.2.3.1 шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдай отырып, автор стилін анықтау.
  11.3.3.1 шығарманың идеясын көркемдік-эстетикалық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу.

  Тірек сөздер: ақындық жол, Барлас ақын, Барластың батасы, өлеңмен айтылған шындық.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – жинақтау мен даралау арқылы кейіпкерлердің бейнелерін сипаттауды
қайталау;
  – автор стилі ұғымына байланысты теорияны қайталау;
  – әдеби эссе талаптарына сай эссе жазуға дайындалу.

2

  Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарып қалыпты. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімденген. Бірақ әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес. Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей өскен, реңі солғын, бойшаң ғана өсімдік бейнелес.
  Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазірде қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуір бозшылданған. Сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді. О да ауырғандық пен күн көзінде болмағандық белгісі.
  Абайдың осы сияқты қалпына ендігі мінез машығы да бір алуан боп өзінше үйлесті. Ол атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек, бір дос тапты. Онысы, әсіресе әжесі. Одан қала берсе шешесі. Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі біртүрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады. Сонда ол ойланып отырып:
  – Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? – деп кішкене тақпақтап бастап еді. Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесін тізесінен ақырын қағып:
  – Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? – деп тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді.
  Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ–Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» – бәрі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды.
  Бертін келе, тәуір болып алған соң, әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел ішінде Зеренің жасынан бергі көргені, естігені жайындағы әңгімелер. … Кейде әжесі шаршап, айтпай қойса, өз шешесіне жабысатын. Ұлжан да көп әңгіме білуші еді. Және ол көбінесе өлеңді сөзді жиі айтады. Оқымаған шешесінің әлі күнге ұмытпай, білдірмей сақтап жүрген зейініне таңғалады. Нелер ескі заман жырларын, айтыс, өсиет, әзілдерін де көп айтып береді. Екі анасын көңілдендіріп тағы айтқызу үшін кейде өзі де қаладан әкелген кітаптарының ішінен «Жүсіп–Зылиқа» сияқты қиссаларды оқып береді. Әндетіп, мақамдап қояды. Шешелеріне ұғымсыз болған түрік тілінің жеке сөздерін жолшыбай қазақшалап отырады. Осымен қайта көңілдендіріп алып, ескі әңгімелерді тағы айтқызады.

  …Сондай шеше әңгімелеріне бар бейілін беріп жүрген күндердің бірінде бұл үйге екі бөгде қонақ келіп қонды. Бірі – қартаң, бірі – жас қонақ. Жасын Абай біледі. Таныған жерде қуанып кетті. Ол былтыр жайлауда келіп, осы үйде үш күндей жатып, «Қозы Көрпеш–Баянды» жырлап берген Байкөкше деген жыршы. Қасындағы қартаң кісіні Абай өзі білмегенмен, шешесі әбден таниды екен.
  Қонақтармен жай сұрасып, амандасып болған соң, Ұлжан Абайға қарап жымиып:
  – Ал, балам, әжең екеуімізді қажай беруші едің, әңгіме-жырдың дүкені, міне, жаңа келді. Мына кісі – Барлас деген ақын! – деді.
  Шоқшалау ғана ақ сақалы бар келбетті келген, зор дауысты, ақ сары кісі Барлас Абайға салғаннан ұнады. Білгенін ішіне бүгіп, үндемей отырған өзге үлкендердей емес. Барлас іле сөйлеп кететін жарқылдақ, ашық. Осы үйде талай күннен жатып жүрген, ауыл адамы сияқты.
  – Е, балам, «шешенің судай төгілген, тыңдаушың бордай егілген» дегендей, сөйлеуді де, тыңдауды да сүйген ел – ел дағы. Тыңдауға өзің жалықпасаң, айтуға Байкөкше жалықпас! – деп жас жолдасына қарап, күліп қойды.
  Жайлауға келіп қонғалы бөгде қонақтар келгіш еді. Барлас Сыбан болатын. Жайлауға қоныстары жақындаған соң, жылдағы дағдысы бойынша осы ауылдарға амандаса келген екен. Жолшыбай Мамай ішінен Байкөкше қосылыпты. Ол – Барластың ақын шәкірті. Жылда осылайша қасына еріп, бірнеше айды бірге өткізуші еді.
  Үй іші тегіс қош алған соң, екі ақын да оңай шешілді. Осы түнде ас піскенге шейін Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. Абайдың қазақ аузынан да, кітап ішінен де өмірі естіп білмеген ең бір сұлу, ең бір әсерлі, күшті жыры осы еді. Барлас жырын бітіріп, қол жуғалы қамданған уақытта Абай:
  – Мұны айтқан кім? Осы өлеңді шығарған кім екен? – деп бағанадан бері өзін сүйіндірген ақынның атын білмек еді.
  – Әріден келе жатқан деседі-ау, балам, бұның түбін… – деді.
  Қобыландының қоштасқаны, Тайбурылдың шабысы, Қазан мен Қобыландының жекпе-жегі Абайды әсіресе елтіткендей болатын. Жатқанда көпке дейін алағызып ұйықтай алмады.
  Ертеңіне Ұлжан Барлас пен Байкөкшені жібермеді.
  – Жүрмеңдер. Асықпай әлі біраз күн қонақ боп жатып кетіңдер, – деді. Бұл – Абайдың тілегі. Абай бұрын тағылым, үлгі – кітапта; білім, өнер – медреседе ғана деп түсінетін. Оған дастан шебері – Низами, Науаи, Физулиде; мұң нәзігі – Шайх-Сағди, Хожа-Хафизде, батыр жыры Фердаусиде көрінетін.
  Қазақта нелер «Баян–Көрпеш», талай «Ақбала–Боздақтар» барын анық білмеуші еді.
  Тілі ұғымды, өмірі таныс болғаннан ба немесе Барлас пен Байкөкшенің кезектесіп айтқан жырларының кейде шырқаған, кейде қалқып баяулаған, кейде лекітіп соқтырып, ескектете желген әнінен бе? Бебеу қаққан қоңыр, майда баяу домбырадан ба? Қалайда болса, Абай бұл күнге шейін өмірінде дәл осы Барлас, Байкөкше баян еткен дастан, жырларға барабар еш нәрсе есітпеген сияқты болды. Күндіз де, түнде де Барластардың қасынан шықпайды. Екі ақын Ұлжан үйін барлық осы үлкен ауылға қанбазардай қалың жиын үйі қып жіберді.
  Бие байлап болғаннан кейін, түске жақын ауыл қымызға жиылады. Қыза отырып, жыр тыңдайды. Күндіз ылғи ұзақ жырлар жырланады. Немесе әредікте шешендер, ділмарлар айтқан тақпақ, тартыс, билік, даулар айтылады.
  Ал ел айығып оңаша қалғанда, Барлас өз жырларына Асанқайғы, Бұқар жырау, Марабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Балта, Алпыс ақын – бәрін қоса, өзі құрбы өзге ақындар айтқан жырларды термелеп кетеді.
  Бұлардың ішінен заман зарын, көп мұңын шертетін сөздерді, әсіресе бөліп айтады. Барлас біреуді мақтап, біреуден сұрап жырлайтын ақын емес.
  Абай мен шешелерінің кешкі уақытта тыңдаған жырларының көбі – Барластың өзі сүйген құлақ күйі сияқты термелер болады. Мұндай кезде Барлас Абайға күндізгі Барластан тіпті басқа боп көрінеді. Қызықты, қызуды, қыздырманы ғана айтатын күлкіші, сауықшыл Барлас емес. Кешкі кездерде ол бір үлкен өсиетші, кейде шерлі қарт сияқтанады.
  Сондай-сондай кездерде өзінің де ішін ашып:
  …– Әйтеуір үлкен қасиеті – болымсызды дардай ғып мақтай беретін әдеті жоқ екен. Ел ақтаған ақын емес қой. Сөзін ұғып ал осының! – деп қоюшы еді Ұлжан.
  Тыңдай келе Абай Барластан тағы бір соны сөздер есітті. Ол осы заманның ұлығы мен бегін айтқан, сынап-мінеп айтқан сөздер. Бір терменің ішінде Барлас:

– Аға сұлтан ұлық бар,
Елге мәлім қылықтар,
«Өл» дегенде өлмесең,
«Жүр» дегенде жүрмесең,
Малы құрым құрықтар,
Кісен салып құлыптар! –

деп бір кетті.
  Абай әкесінің үйде жоғын еске алып, «келмей-ақ қоя тұрса екен», «қыдыра түссе екен» деуші еді. Шынында да, Барластар келгелі Құнанбай бұл үйіне кеп қонған емес. Ол бір топ үлкендермен ел аралап, жолаушылап кеткен. Ұлжанның Барласты жібермегені де сол. Ақын мен әнші Құнанбай жоқта болмаса, мұның ауылына онша үйір боп, бой жазып жата алмайтын.
  Барлас «ұлық пен бек» дегенде кімді айтады? Онысын ашпайды. Бірақ Абай оның мұндай жырларын ылғи өзінше ұғады. Мысалдың көбін жақыннан іздейді. Бірақ бұл бала да сырын, ойын ешкімге ашпайды.

Старшын дейтін әкім бар,
Пайдасын көрер жақындар.
Қалың елі тек жемі
Боранды күн тиіскен
Аш қасқырдай тақымдар…

«Бұл – старшын Майбасар» деп ойлайды Абай.

…Жарлы, зарлы демейді,
Кеңінен ашып көмейді,
Түгіменен түйесін
Жұтам десе, қай сорлы
Қалтқы болып бөгейді?
Соны көріп ақынның
Аса түсіп ағы да
Әжімі де көбейді, –

деп «аһ ұрғандай» боп кеткенде, Абай Барластың қайғысын да танығандай болады. «Ел ұйытқысы шайқалды» дейді. Бұрын Абайдың естімеген заршері сияқты.
  Беті-түсі айқын болмаса да, әр заманда, әр жерде күңіреніп, қайғы шеруін тартып жатқан кәрі әжесі сияқты, көп жасаған, көп қайғыны көрген, үлкен бір шері бар. «Ол кім?..» – дәлін, барын Абай біле алмайды.
  Осы жолы Абай әрі өзі ысылып, әрі шешесі арқылы салмақ салып, Барлас пен Байкөкшені дәл бір айдай жібермеді. Бұл уақыттарда жас бала Барлас, Байкөкшемен біржолата дос, жақын боп алды. Бертін келе түнде ол Барластың қойнына кіріп те жатады. Күндіз барынша күтеді. Мұның ұғымтал зеректігіне қатты ырза боп, шын сүйсінген Барлас бір оңашада, жай ғана тақпақтап:

– Шырағым, ержетерсің,
Ержетсең, сірә, не етерсің,
Алысқа шырқап кетерсің,
Шындасаң, шыңға жетерсің, –

деп кеп Абайға домбыраны ұсынды.
  – Міне, балам, осы менің батам болсын. Тіпті шынымен мейірім түсіп, айтқызып отыр, – деді. Абай ыңғайсызданып қысылды да, үндемеді. Бұл «Барластар ертең жүреді» деген түнде, ас алдында болған сөз еді.
  Ертеңінде ақындар аттарын ерттеп, жүрерге тақағанда, Абай шешесін тысқа шығарып алып:
  – Апа, екеуіне де жақсы қып тұрып сый беріп аттандыршы! – деді. Ұлжан үндеген жоқ.
  Қонақтар қымыз ішіп болып, енді қоштасарға келгенде Ұлжан Барласқа қарап, бір сөз айтатындай пішін білдірді. Қонақтар іркіліп қалған еді.
  – Мынау балам оқудан қайтқалы сүле науқас боп, арыла алмай қойып еді. Сендер келгелі жақсы сөздеріңмен ем әкелгендей болдыңдар. Қадамы құтты қонақ болдыңдар! – деді.
  Абай шынында да дәл осы кезде өзін-өзі бар сырқаттан құлан-таза боп арылғандай, нық бір қайрат жиып алғандай сезді. Шешесі үндемесе де, ашып айтпаса да, «білгіш, танығыш, сыншы» сияқты көрінді. Ол бөгелсе де, сөзін бітірген жоқ-ты. – …Тағы да келе жүріңдер. Анау кәрі әжесі мен бізді де көп сейілттіңдер. Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста бір азырақ ырым байлаттым. Ала кетіңдер… Риза, қош боп аттаныңдар! – деді.

    Бозбала – он үш жас пен кәмелет жас аралығындағы жеткіншек. Адамның өз айналасына балаң көзқараспен қараудан арылып, естияр адам ретінде қалыптасуға даярланатын кезең.
  Старшын – Ресей өкіметі тағайындаған ұсақ билеушілер. Рулар ішіндегі шағын топтарды басқарды. Аға сұлтандар мен болыстарға бағынды.
  Сүле науқас – созылмалы дерт, ауру.

  1. Үзіндіні оқып, сюжеттік желісі бойынша «Интеллект картасын» құрастырыңдар.
  2. Жазушының жас Абайдың портретін сомдаудағы шеберлігі туралы не айта аласыңдар?
  3. Ескілікті жыр, аңыздарды көкірегіне тоқыған Зере Абайға қандай ертегілерді, тарихи негізі бар оқиғаларды баяндап береді? Зере өнегесі Абай болашағының қалыптасуына қалай әсер етті?
  4. Ұлжанның әңгімелерін тыңдай отырып, Абай неге таңғалады?
  5. Барластан алған бата Абайдың өміріне, оның ақындық әлеміне қалай әсер етті деп ойлайсыңдар?
  6. «Жарқын ойлар» зерттеу әдісі арқылы «Тілі ұғымды, өмірі таныс болғаннан ба немесе Барлас пен Байкөкшенің кезектесіп айтқан жырларының кейде шырқаған, кейде қалқып баяулаған, кейде лекітіп соқтырып, ескектете желген әнінен бе? Бебеу қаққан қоңыр, майда баяу домбырадан ба? Қалайда болса, Абай бұл күнге шейін өмірінде дәл осы Барлас, Байкөкше баян еткен дастан, жырларға барабар еш нәрсе есітпеген сияқты болды» деген үзіндідегі Барлас пен Байкөкшенің үзіндіде айтылар негізгі ойға қандай қатысы барына зерттеу жасаңдар. Қосымша дереккөздерді пайдаланыңдар.


  1. Зере мен Ұлжан бейнелері жинақтық бейне ме әлде даралық бейне ме? Ойларыңды дәлелдеп, «Пирамида құру» әдісі арқылы жеткізіңдер. Әуелі жұптарға бірігіп, үзіндідегі Зере мен Ұлжан бейнелері туралы өздеріңнің идеяларың, ойларың мен пайымдауларыңмен бөлісіңдер. Содан кейін 4 адамнан тұратын топқа бірігіп, Зере мен Ұлжан бейнелерінің жинақтық немесе даралық бейне екенін дәлелдеңдер. Ең соңында сыныппен бірге қорытынды шығарыңдар.
  2. Үзіндідегі негізгі кейіпкердің портретін тауып, мінездеме беріңдер. Кейіпкердің ең маңызды әрекеттерін анықтаңдар. Жинақталған ақпараттар негізінде кейіпкерге қатысты қорытынды жасаңдар.

  3. Үзіндідегі көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдай отырып, автор стилін анықтаңдар. Төмендегі сұрақтарға жазбаша жауап жазыңдар:
  • Үзіндіде қандай тілдік құралдар қолданылған?
  • Образдың ашылуына көркемдегіш құралдардың әсері қандай?
  • Автор кейіпкерлердің бейнесі мен әрекетін сипаттауда қандай сөздерді қолданған?
  • Жазушы стиліне сыни тұрғыдан қандай баға берер едіңдер?


  1. Жас Абайды күйзелістен айықтырған нелер еді? Топта талқылап, кестені толтырыңдар.

  2. Үзіндідегі кейіпкерлердің портретін өздерің жасап көріңдер.


  1. Жазушы Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан арқылы қазақ әйелдеріне тән қандай ең жақсы қасиеттерді бейнелеген деп ойлайсыңдар? Қазіргі әжелер мен аналар бойынан ондай қасиеттер табыла ма? Өзіндік пікірлеріңді білдіріп, шағын пікірталас ұйымдастырыңдар.
  2. Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына виртуалды саяхат жасап, Абай тыңдаған ертегілер туралы шағын таныстырылым жасаңдар.
  3. Шығарманың идеясын көркемдік-эстетикалық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазыңдар.

  Кері байланыс. «Бес саусақ».
  1. Маған үзінді ұнады ма? Неліктен?
  2. Қандай білім мен тәжірибе алдым?
  3. Мен үзіндіні қалай талқыладым?
  4. Тақырып бойынша басты мәселе қандай?
  5. Сабақ барысында өзімді қалай сезіндім?

  «Абай» романының жазылу жайынан:

  Мен творчествоның адамы жөнінде жазылған романдарды көп оқып, көп зерттедім; олардың iшiндe өзіміздің совет жазушыларының да, қaзipгi Батыс жазушыларының да шығармалары бар. Мұны айтқанда мынаны ескерткім келеді: мені оқығандарымның бәpi бірдей қанағаттандырған жоқ, бipiн ұнатсам, бipiн ұнатпадым. Бipaқ екеуінің де пайдасы болды, екеуінен де үйрендім: бipiнeн қалай жазу керектігін үйрендім, бipiнeн қалай жазбау керектігін үйрендім. Айталық, Батыс жазушысы Моруаның Байрон өмipiн суреттеуі, әcipece ақынның өз қарындасы Августамен қарым-қатынасын көрсетуі мені түңілдірді, мен мұндай кітапқа сырт айналдым. Бұлай жазбау керек деген байлауға келдім. Өйткенi біздің совет оқушылары өткен дәуірдің данышпанын бұлайша суреттеп көрсетуді тілемейді.
  Оларға ақын басынан өткен кез келген кездейсоқ биографиялық ұсақ-түйектерді жиып-теріп көрсетудің кepeгi аз, оларға ақын өмipiнiң ең бip есте қаларлық, тәрбие берерлік бағалы құбылыстарын, адам баласының прогресшіл тарихы үшін аса маңызды жайларын саралап, талғап суреттеп беру керек.

Мұхтар Әуезов, 1959 жыл

  …Мұхаңның атын көпшілікке әйгілі еткен, ең алдымен, «Абай» журналы еді. Бұл журналды Мұхаңның ең алғаш беташары деуге болады. Өйткені оны бірінші рет ұйымдастырып, оның негізгі мақалаларын жазған көбінесе Мұхаңның өзі болатын. Бұл алғашқы өрлеуінде Мұхаң көбінесе журналист, публицист, ойшыл, сыншы, философ ретінде көрінді…

Әлкей Марғұлан

  ТИПТЕНДІРУ деген суреткердің іс жүзінде өмір шындығын өз дүние танымы тұрғысынан белгілі бір уақыт пен кеңістікке, әлеуметтік орта мен дәуірге сай талғап-тануы, таңдап іріктеуі және жинақтауы, сол арқылы өзі жасап отырған көркем бейнені сомдауы, тұлғаландыруы, даралауы болып табылады.

Зейнолла Қабдолов

×
×

Cart