Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі

Кейіпкерлерді сипаттаймын және шығармадағы оқиғаның жалғасын болжап әңгімелеймін.

1. Түсініп оқыңдар. Абай ата атаған әдептілік, тұрпайы мінез мағынасын ашатындай сөздер тізбегін құрастырыңдар.

Әдептілік, ар-ұят –
Адамдықтың белгісі.
Тұрпайы мінез, жат қылық –
Надандықтың белгісі.

Абай Құнанбаев

2. Түсініп оқы.

Компас

  Қанаттың әкесі бір рет ауданға барғанда оған базарлыққа компас әкеліп берді. Үлкендігі қалта сағаттай қара құтылы, әдемі компас. Тілінің қызыл бояулы ұшын қалай айналдырып жіберсең де, қалтылдай теңселіп барып, солтүстікті нұсқап тұра қалады.
  Қанат қуанып кетті. Рас па, өтірік пе дегендей, әр жерін түртпектеп, айналдыра қарап тұр. Мұндай компас бұл ауылдағы балалардың ешқайсысында да жоқ, тек мектепте ғана бар. Ал ондайды мұғалім қолыңа беріп қоя ма!
  Қанат өзін өзгелерден асып кеткендей сезінді. Жүгіріп көшеге шықты. Ойнап жүрген балаларға келді.
  – Бодан, қарашы, менің компасым бар!

  Балалардың назары Қанатқа ауды. Бәрі ойындарын қойып, оны қоршап алды. «Қане, бере тұршы!» деп, қай-қайсысы да ұстап көруге құштар болып, қолдарын созды. Бірақ Қанат оларға компасын бірден бере қоймады. «Сен кеше бәкіңді беріп пе едің? – деп,   Теміржанның қолын қағып жіберді де, бетін басқаларға бұрды. – Міне, қараңдаршы. Қалай айналдырып жіберсеңдер де, солтүстікті көздеп тұра қалады».
  Біреудің көрсеткені өзің ұстап көргендей қайдан болсын! Балалардың ынтызары арта түсті.
  – Бере тұршы!
  – Бере тұршы!
  Қанат компасты әуелі өзінің тәуір деген жолдасы Боданға берді. Бодан мұндай дәрежеге ие болғанға мәртебесі өсіп әрі компасқа қарап тұр. Тағы екі-үш балаға көрсеткеннен кейін:
  – Жетер енді. Бұзасыңдар! – деп, Қанат компасын жейдесінің төс қалтасына салып қойды.
  Балалар шомылуға өзенге қарай келе жатыр. Бодан Қанатты иектеп келеді.
  – Қанат, компасыңа не сұрайсың?
  – Жоқ, сатпаймын, – деп, Қанат Боданды одан әрмен қызықтыра түспек болғандай, компасын қайтадан қолына алды.
  – Мен саған күй тартқышымды берейін.
  – Оны неғылам? Сонда бермей қойғансың, енді керегі жоқ, – деп кергіді Қанат.
  Бодан осы арада өкініштен өз тілін өзі тістегендей болды. Егер сонда күй тартқышын бере салса, қазір оның компасын қыңқ еткізбей алатын сияқты.
  Бұл жаздың қоңыржай, жайлы күндерінің бірі еді. Аспанды майда түтілген жібек жүндей үлбіреп, торқа бұлт шымылдықтаған. Күннің қапырық жалынын сол сүзіп алып, жерге жанға жайлы майда шуағын ғана себелеп тұрғандай. Балалар шомылып болып, киініп жатыр.
Қанат жейдесін киіп жатқанда төс қалтасынан компасы сусып түсіп қалды. Бұны Боданнан өзге ешкім байқамаған еді…
  Шомылып сергіп алған балалар тоғайға бүлдірген теруге бармақшы болды.
  – Мен бармаймын. Аяғыма шөңге кіріп кетеді, – деді
  Бодан. Оны ешкім қыстамады.
  Бодан самарқау басып, ауылға қарай келе жатыр. Ұры көзбен артына әлсін-әлсін бұрылып қарап қояды. Балалардың қарасы тоғайға батып, көрінбей кеткен кезде ол кілт тоқтады. Тағы біраз тосып тұрды да, содан соң кейін қарай тұра жүгірді. Әлгіндегі өздері суға шомылған жерге жүгіріп келіп, шөптің арасында көрінер-көрінбес болып, жылтырап жатқан компасты іліп алды да, шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберді.

Бердібек Соқпақбаев

3. Автор туралы әңгімеле.

Бердібек Соқпақбаев
1924–1991

  • Шығармашылық жолын өлең жазудан бастаған.
  • Жазушының «Менің атым – Қожа» кітабы әлемнің көптеген тіліне аударылған.
  • «Бердібек Соқпақбаев кітаптарының соңғы беттерін жапқанда көркем шығарма оқып шыққандай болмайсың, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары, міне, осындай. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес».

Қадыр Мырза Әли

4. Әңгімедегі оқиға жылдың қай мезгілінде болған? Оны неден аңғардың? Мәтіннен осы мезгілді суреттеген жолдарды тауып, теріп жаз. Сурет бойынша әңгіме құра.

5. Сөйлесулер (диалог) қай кейіпкерлерге қатысты екенін тап. Сол кейіпкерді сипатта.

– Сен кеше бәкіңді беріп пе едің?
– Жетер, енді бұзасыңдар!
– Жоқ, сатпаймын.

– … компасыңа не сұрайсың?
– Мен саған күй тартқышымды берейін.

шығармадағы екі немесе бірнеше адамның кезектесіп сөйлесуі.

6. Берілген сөздер тізіміне зер сал. Қайсысы Боданға сай келетінін анықта. Өз ойыңды дәлелде.

көрсеқызар
намысшыл
мақтаншақ
сабырсыз
қу
шыдамды
адал
ақылды
өжет

7. Болжа. Шығармадағы оқиға қалай жалғасады?

×
×

Cart