Білім. Оқу

Мәтіннің негізгі ойын анықтаймын, қателерді тауып түзетемін.

1. Өлеңді түсініп оқы. Суретпен байланыстыр. Ақын бұл сөздерді кімдерге айтып тұр? Не мақсатпен айтты?

Жасымда ғылым бар деп ескермедім

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Абай Құнанбаев

2. Ғылым ұғымына сөздер тізбегін құрастыр. Топтағы оқушылармен өз жазғаныңды салыстыр. Қандай сөздер қайталанады?

3. Түсініп оқы.

Қарағым

Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме!
Ойынға, құр қаларсың, көңіл бөлме.
Оқымай, ойын қуған балаларға
Жолама, шақырса да қасына ерме!

Кідірме, аялдама, алға ұмтыл,
Алам деп көктен жұлдыз, қолың серме.
«Қарманған қарап қалмас» деген рас,
Тоқтамай істер болсаң, батып терге.

Жасынан оқу қуып, өнер қуған
Жан жетпес көңілі жүйрік кемеңгерге…

Мағжан Жұмабаев

4. Өлеңге сүйеніп, ақынның ойын өз сөзіңмен айтып көр.

5. Ертегіні мұқият тыңда.

Ақыл, Ғылым, Бақыт

(Ертегі)

  Ақыл, Ғылым, Бақыт – үшеуі бір-бірінен артықшылығын салыстырып таласыпты. Сарапшылар оларға былай депті:
  Бірінші – Бақытқа: – Сен тұрақсыз, опасызсың, орныңды таңдамай қонасың, қонғаныңды ісінтесің, тасытасың, ақырында бір күні лақтырып тастап кетесің. Ақылмен байланыс, сонда көп жасайсың, – депті.
  Екінші – Ғылымға: – Дүниеде сенен күшті нәрсе жоқ, қара тасты қайнатасың, дүниежүзін жайнатасың, сақауды сайратасың, жоқты бар, бардан жоқ жасайсың, бірақ та бар ғаламды өзіңе бағындырғың келеді, бағынбағанды демде әлек қыласың. Түзеу де, бұзу да сенен шығады. Ақылмен байланыс, сонда абыроймен ұзақ жасайсың, – депті.
  Үшінші – Ақылға: – Дүниеде адамзатқа сенен артық дос жоқ, бірақ та ашу үстіңе кіріп келгенде, орныңды беріп шығасың да кетесің. Ашу бүлдіріп-бүлдіріп кеткен соң, кіресің де, ашудың бүлдіргенін оңдайсың. Әуелден орныңнан тұрмай отырсаң, ашу сенің үстіңе кірмеген болар еді.
  Барыңдар, Ақыл, сен адам бол, Ғылым, сен ат бол, Бақыт, сен қамшы бол. Үшеуің біріксең, ешбір мұң-мұқтаждарың болмайды, – депті.

«Қазақ ертегілері» кітабынан

6. Ертегіге сүйеніп, қатесін түзетіп, жүйелеп жаз.

Акыл, сен ат бол, гылым, сен камшы бол, бакыт, сен адам бол.

7. Берілген тұжырымның біреуін таңда. Әр тұжырымның дұрыстығына 3 дәлел келтір. Әр дәлелге айғақтар келтір.

8. Білімді болуға жетудің маршрутын сызып көрсетіңдер. Баспалдақтар санын көбейтуге болады.

×
×

Cart