Көне мұра

Теңеу сөздерді білемін және сөйлеуде қолданамын.

1. Түсініп оқы.

  «Қыз Жібек» жыры – қазақ халқының ең көне мұраларының бірі, тарихи оқиға. Кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Жырдағы Жібек бейнесі – сұлулық пен әсемдіктің нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіші.

2. Жырды оқы.

«Қыз Жібек» жыры

Қыз Жібектің құрметі,
Жиһаннан асқан сәулетті,
Ләйлі-Мәжнүн болмаса,
Өзгеден артық келбеті.
Үш қызы бар қасында-ай,
Өзі он төрт жасында-ай,
Кебісінің өкшесі
Бұхардың гауһар тасындай.
Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын шашбау шашында-ай.
Қыз Жібектің дидары –
Қоғалы көлдің құрағы,
Көз сипатын қарасаң –
Нұр қызының шырағы.
Дүр жауһар сырғасын
Көтере алмай тұр құлағы.
Бой нұсқасын қарасаң,
Бектер мінген пырағы.
Қыз Жібектің ақтығы –
Наурыздың ақша қарындай.
Ақ бетінің қызылы –
Ақ тауықтың қанындай.

Екі беттің ажары –
Жазғы түскен сағымдай.
Білегінің шырайы –
Айбалтаның сабындай…
Оймақ ауыз, күлім көз
Іздеген ерге табылды-ай.
Өткірлігін байқасаң,
Ұсталар соққан кетпендей.
Нұр тұқымын еккендей,
Екі ауыз сөз сөйлескен
Мұратына жеткендей.
Қыз Жібекті Төлеген
Ақылменен танып тұр,
Көз мейірі қанып тұр,
Бейіштен жанған шамшырақ
Көзі жайнап жанып тұр.
Белі нәзік талып тұр,
Тартқан сымнан жіңішке
Үзіліп кетпей неғып тұр?

«Бабалар сөзі». Жүз томдық, 53-том

беті, жүзі.

нағыз жауһар, асыл тас.

жүйрік, дүлдүл жылқы.

жұмақ.

  Белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге, белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа балап, өрнектеп, ашығырақ көрсету үшін қолданылатын бейнелі сөз теңеу деп аталады. Теңеу көбіне -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары немесе бейне, тәрізді деген сөздер арқылы жасалады.

3. Теңеу сөздерді пайдаланып, Жібектің сұлулығын сипаттап айт.

4. Сұлулық жөнінде сендердің пікірлерің қандай? Түйінді ойларды өрбітіп айтыңдар.

· Әдепті қыз – ең сұлу қыз.
· Менің айдай анамнан
  Сұлу адам бар ма екен?
· Мейірімі күн көзіндей жылы адам – ең сұлу адам.

5. Сұрақтарға жауап беріңдер.

Ұлдарға сұрақ: «Сұлу қыз» –> Қандай болуы керек?
Қыздарға сұрақ: «Ер жігіт» –> Қандай болуы керек?

×
×

Cart