Әлемдегі ең танымал кітапханалар

Мәтіндегі басты мәселені анықтаймын.

1. Берілген пікірлерді оқып, түсінгеніңді бір ауыз сөзбен тұжырымдап айт. Неге сол сөзді таңдағаныңды дәлелде.

· Кітап – сарқылмас қазына.
· Кітапхана – кітаптар ордасы.
· Ақпаратты кітаптан аласың.
· Кітапхана – ақпараттар орталығы.
· Кітап – білім көзі.
· Кітапхана – білім мен ғылымның мекені.
· Кітап оқу – ғажап!
· Кітапхананың бары қандай керемет!

2. Жаттап алып, есіңе сақта.

Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта
Ерінбей оқып көруге.

Абай Құнанбаев

3. Түсініп оқы.

Әлемді тамсандырған кітапханалар

  Британ кітапханасы – кітап қоры жөнінен ең үлкен кітапхана. Кітапхана Лондонда орналасқан. 170 миллион құндылық бар. Оның ішінде сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар саны 25 миллионға жуық.
  Конгресс кітапханасы әлемдегі кітап қоры жөнінен екінші кітапхана саналады. Кітапхана Вашингтон қаласында үш бірдей ғимаратта орналасқан. Алып жатқан аумағы жағынан әлемдегі ең үлкен кітапхана. 160 миллионнан астам кітап қоры бар. Білесің бе, мұнда қызметкерлердің саны 3000 адамнан асады екен. 1800 жылы құрылған.
  Францияның Ницца қаласындағы Луи Нюсер кітапханасы. Кітапхананың әкімшілік корпусы 2002 жылы ашылған. Жергілікті жазушының құрметіне аталған. Оқу залдары мен кітап қоры аса мол. Пішіні де ерекше. Кітапхананың сыртқы пішіні адам басымен бейнеленген, ол қорапшамен қоршалған. Бұл барлық идеяның мекені, генераторы – адамның басы, миы дегенді меңзейді.
  Мысырдағы Александрина кітапханасы – Египеттің ең басты кітапханасы және мәдени орталығы ретінде танымал. Кітапхана ежелгі Александрия орнына қоныстанған. Диаметрі 160 метрге жуықтайтын дөңгелек шыны шатыр теңізге қарай қисайған үлкен күн сағатына ұқсайды. Кітап сақтау қоры жерастында орналасқан.
  Колумбияның Медельин қаласындағы Испан кітапхана саябағы. Кітапхана саябағы, бұл бір қарағанда, әлеуметтік дамудың бір түрін елестеткенімен, оның да өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл кітапхана бұрын құйрықты жұлдыз құлаған жерге 2007 жылы испан королі Хуан Карлостың құрметіне ашылған. Бүгінде бұл кешен түнде алыстан жұлдыз тәрізді жарқырап көрінеді.
  Швейцариядағы Санкт-Галлен кітапханасы – 8 ғасырдан бері келе жатқан ескі, құнды қолжазбалар, кітаптар сақталған Еуропадағы ең көне кітапханалардың бірі. Бір ғажабы, 937 жылы монастырь түгел отқа оранғанда кітапхана аман қалған.
  Нидерландыдағы Делфт техникалық университетінің кітапханасы. Ғимарат жоғары технология мен экологиялық талаптарға сай салынған, шатырына көгал төселген. Ол бір жағы демалыс орны болып табылады. Ішінде 1000 адамға арналған жұмыс орны бар. Кітаптар шыны экскалатордың көмегімен беріледі.

(«Алматы ақшамы», 2016, сәуір, №41)

4. Мәтін бойынша берілген тұжырымдар қай қалаға қатысты екенін анықта.

1. Лондон
2. Вашингтон
3. Ницца
4. Александрия
5. Медельин
6. Санкт-Галлен
7. Делфт

а) Үш бірдей ғимаратта орналасқан.
ә) Кітап сақтау қоры жер астында орналасқан.
б) Жергілікті жазушының құрметіне аталған.
в) Монастырь түгел отқа оранғанда кітапхана аман қалған.
г) Кітаптар шыны экскалатордың көмегімен беріледі.
д) Түнде алыстан жұлдыз тәрізді жарқырап көрінеді.
ж) Кітап қоры жөнінен ең үлкен кітапхана.

5. «Кім жылдам?» ойыны. Мәтіндегі осы сандарға қатысты деректі айт.

6. Мәтіндегі кітапханаларды бір-бірімен салыстыр. Мәтіннен өзіңе қажетті қандай құнды ақпарат алдың? Түсіндір.

7. Қазақстанда қандай ірі кітапханалар бар? Олар туралы не білесіңдер? Өз мектептеріңдегі кітапхана туралы не айтасыңдар? Мәтіндегі кітапханалармен салыстыра әңгімеле.

×
×

Cart