Халыққа жеткіз күйімді

Мәтіннің тақырыбы және қорытынды бөлімі негізінде сюжеттің дамуын болжаймын.

1. Іштей оқып, күй құдіреті туралы теңеу сөздерді түртіп ал. Түсіндір.

Күй

Күйді қаққан саусақтан,
Шерткен күйлі ішектен,
Көкке серпіп кетті күй.
Алыстағы тұмандай
Көз ұшында бұлдырап,
Кейде саңқыл соқты күй,
Тас бұлақтай сылдырап.

Кейде бұлтың қақты күй,
Ойнақтаған құлындай
Құйрық атып құлдырап.
Жылы тиді денеге
Жібек желдей үлбіреп.
Кейде бал-бұл тіл шықты,
Жас баладай былдырлап.
Бұл күйдің мұндай суретін

Ой құрықтап, тіл тауып
Айту, тіпті, қиынырақ!

Ілияс Жансүгіров

Поэма – оқиғаны өлеңмен баяндап айтатын көлемді шығарма.

2. І. Жансүгіров туралы мәліметті есіңе түсір. Өзің негізгі деп таныған 3 мәліметті айт.

3. Мәтінді түсініп оқы.

Халыққа жеткіз күйімді

  «1888 жылдың дауылды бір күні еді. Кәрі Каспий әлденеге ашуланғандай арындап, ақ бас толқындарын шыңға соғып жатты. Жар жиегіндегі көгалда күмістей ақ сақалы төсін жапқан бір қария отырды. Оның өткір қара көздері бір нүктеге қадалған. Қария салалы саусақтарымен перне қуып, ақ үкілі домбырасын шертіп қояды. Оның домбырасынан теңіз толқынындай арындаған асау күй төгіледі.
  Арындаған асау күй екпіндеп соққан дауылмен дүниені шарлап бақты. Халық қарияның маңына шоғырлана түсті. Күйші қарт домбырасын бұрынғыдан да гөрі екпіндете шертті. Қос ішекті безілдетіп қаққан сайын қарияның құлағына орап тастаған ұзын мұрты дауылпаздың қанатындай желпілдеді де тұрды. Төсін жапқан сақалы саусағына келіп оралады. Қария сақалын екі айырып, иықтан асыра артына қарай серпіп тастады да, домбырасын қайтадан шерте бастады.
  Қолына кішкене ғана домбыра ұстаған жасөспірім қыз бала қарияның жанына келіп отыра кетті. Қария күйін доғарды да, жас гүлге көз тікті. Тек осыны ғана күтіп отырғандай, жас қызғалдақ қарияның әлгі күйін ала жөнелді. Оның перне басқан сәби саусақтары көз ілеспес шапшаңдықпен ойнады да, отырды. Қарияның жаны әбден сүйсінгендей күліп жіберді. Ол қуанғаннан көз жасы моншақтап, жас баланы мейірімді құшағына қысып, оттай жайнаған қарашықтарынан кезек-кезек сүйді.
  – Айналайын, қарағым, қыз да болсаң, мұрамды ұстарлық болып туыпсың. Көп жаса, қызым, көп жаса! Мен осы күнге дейін:

Жан шошыр бастан өтті талай майдан,
Шыққан жоқ атқан оғым терең сайдан.
Екпінді кек күйіне күш беретін
Ұл туар дәл өзімдей ана қайдан? –

деп налып едім. Өркенің өссін, қарағым, мұрамды менің алып қал. Бұл тартқаның қандай күй? – деді қария.
  – Бұл күйді «Көбік шашқан» деп атаса да, болар еді, – деді қыз бала.
  – Тауып айттың, қарағым. Күйдің аты – «Көбік шашқан», бұл – кек күйі, халық қаһары. Атың кім сенің, қарағым? – деді күйші.
  – Менің атым – Дина, – деді қызғалдақ.
  – Мерейлі бол, Динажан, мен – кек күйшісі Құрманғазымын. Тәрбиешім Махамбет ақын – Исатай ердің серігі, халық үшін жан берген. Сол ерлердің ұраны, сол күрестің дабылы – мынау егіз ішекте.
  Мұрамды саған тапсырдым, халыққа жеткіз күйімді! – деп, қария қызғалдаққа үкілі домбырасын ұсынды.
  – Егер де маған, атажан, шынымен сеніп берсеңіз, кек ұрандас күйіңізді халыққа ойнап беруге жас жүректен ант етем! – деп, қыз бала тізерлеп отырды да, домбыраны қолына ұстап, сүйіп-сүйіп алды».
  Міне, Құрманғазы мен Динаның кездесуі жөнінде де ел осылай аңыз етеді. Ардақтымыз Дина ана осы антын адал орындады. Ол күй атасы Құрманғазыдан алған асыл мұрасын алтындай сақтап, қазақ халқының қымбатты қазынасына табыс етті.

Әбу Сәрсенбаев

4. Автор туралы әңгімеле.

Әбу Сәрсенбаев
1905–1995

  • Атырау облысында туған.
  • Ұлы Отан соғысының ардагері.
  • «Ірі ақын, ұлы ақын – әрқашан ақын. Осы ұғыммен өлшесек, Әбу Сәрсенбаевтың аса көрнекті ақындығы орасан биік азаматтығында жатыр».

Зейнолла Қабдолов

5. «Көбік шашқан» күйінің шығу тарихынан үзінді тыңда.

  Каспий теңізі бір кездері деңгейі көтеріліп, жағадан шығып, тасып кетеді екен. Ғалымдардың айтуынша, бұл әрбір дәуірлік мерзім сайын болып тұратын құбылыс көрінеді. Міне, осындай асып-тасып, көбіктеніп, толқып жатқан теңізді көріп, Құрманғазы оның халыққа залалы тигеніне жаны қиналады. Сөйтіп, жүрек сыздатар сазды «Көбік шашқан» күйі шыққан.

А. Жұбанов. «Құрманғазы күйлері қалай шыққан?»

6. Суретті әңгімеле. Суретте бейнеленген мәтін бөлігін әңгімеле.

7. Фотосуреттерге зер сал. Мәтінге қандай қатысы бар деп ойлайсың?

Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрі

Құрманғазы атындағы консерватория

8. Сабақтың тақырыбына, мәтіннің қорытынды бөлігіне, сурет пен фотосуреттерге зер сал. Әңгіме сюжетін дамытып әңгімеле.

×
×

Cart