Мамандық таңдау

Тақырып бойынша өз ойымды білдіремін және шығарманың құрылымын жетілдіремін.

1. «Ең жақсы мамандық» ойыны. Тірек сөздерді пайдаланып ата.

Тірек сөздер:
Ең жауапты… ; Ең салмақты… ; Ең қызықты … ; Ең тәтті … ; Ең ақшалы … ; Ең құрметті … .

2. Түсініп оқы.

Мамандықты талдау

«Мен инженер боламын,
Жерден алтын табамын.
Жолын қуам әйгілі
Академик ағаның», –
Деп Арман бір қуанды
Сергек, ұшқыр көңілмен.
Қоштадым да, құп алдым,
Бұл талабын оның мен.

«Мен ғарышкер боламын,
Жұлдызға ұшып барамын.
Жолын қуам атақты
Тоқтар сынды ағаның», –
Деп Серік бір қуанды
Сергек, ұшқыр көңілмен.
Қоштадым да, құп алдым,
Бұл талабын оның мен.

«Мен дәрігер боламын,
Үлкеннің де, баланың
Қиналғанда қасына
Бірінші боп барамын», –
Деп Ботам бір қуанды
Аппақ, адал көңілмен.
Қоштадым да, құп алдым,
Бұл талабын оның мен.

«Ал мен ақын боламын,
Сусылдаған қаламым.
Адамдардың жүрегін
Жырмен жаулап аламын», –
Деді Қамбар қуанып,
Аңқылдаған көңілмен.
Тұрдым іштей құп алып,
Бұл талабын оның мен.

«Бірің – алтын іздесең,
Бірің – жазсаң өлеңді,
Жұлдыздардан біреуің
Жолдап жатсаң сәлемді.

Бірің болып дәрігер,
Емдеп жатсаң ауруды.
Құрмет тұтып қалың ел,
Сыйлап жатса бар гүлді.

Бәріміз де жейтұғын,
Ең алдымен нан керек.
Көтеруге ел туын
Қуат керек, әл керек.

Нан беретін баршаға
Жер маманы болам мен.
Барып жүрмін бақшаға
Агроном ағаммен.

Гүл егемін жеріме
Осындай ой бар менде.
Жер жемісін еліме,
Сыйлап өтсем арман не?» –
Деді Құрман ойланып,
Мен құп алдым айтқанын.
Ал өзім-ақ қой бағып,
Дайындармын ет жағын.

Тұманбай Молдағалиев

3. Өлеңнің авторы туралы әңгімеле.

Тұманбай
Молдағалиев
1935–2011

  • Ақын Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов т.б. белгілі композиторлардың әндеріне өлеңдер жазған.
  • «Құстар қайтып барады» өлеңіне ән жазған Н. Тілендиев: «Сенің өлеңдеріңе әлі талай ән жазармын. Бірақ дәл осындай ән қайта шықпайды», – деп баға беріпті.
  • «Сырбаз мінезді, сыршыл жырлардың авторы Тұмағаң – теңіздей терең ойлы жақұт жырларды өмірге әкелген талассыз талант».

Сәбит Досанов

4. Өлең жолдарындағы қателерді тауып, түзет.

1. Мен дәрігер боламын,
    Сусылдаған қаламым.
    Адамдардың жүрегін   
    Жырмен жаулап аламын.

2. Мен ғарышкер боламын,
    Гүл егемін жеріме
    Осындай ой бар менде.

5. Өлеңнің соңғы шумағына назар аудар. Өлеңнің соңғы шумағын өз ойыңша өзгерт.

Деді Құрман ойланып,
Мен құп алдым айтқанын.
Ал өзім-ақ …

6. Зер салып тыңда.

Кім болмақшы?

Біреулер бақташы боламын дейді.
Болсын!
Біреулер мақташы боламын дейді.
Болсын!

Біреулер егінші боламын дейді.
Болсын!

Біреулер тігінші боламын дейді.
Болсын!
Біреулер кенші боламын дейді.
Болсын!
Біреулер елші боламын дейді.
Болсын!

Біреулер биші боламын дейді.
Болсын!
Біреулер күйші боламын дейді.
Болсын!

«Мен патша боламын!» – дейді досым.
Міне, содан шошын!

Қадыр Мырза Әли

7. Өлеңнен не үйрендің? Маңызды тұсын белгілеп, дауыстап оқы. Пікір білдір..

8. Тірек сөздерді пайдаланып, ойыңды білдір.

Сен кім боласың?

Мен үшін ең … .
Өйткені … .
Оның қиындығы да … .
Арманыма жету үшін … .

×
×

Cart