Тірек сөздер: Дәркембайдың аманаты, кедей ауылы, жатақтар тұрмысы.
Абай мен Дәрмен қоңыр адырдан асып, төскей қоныс – Молалы суға жеткенде күн батуға тақаған. Күздің бұлыңғыр күні айықпады. Ертеден кешке дейін қатты қара жел соғумен болды. Онсыз да тозығы жеткен көп жатақтың ауылы қазір, әсіресе жүдей түскен жадаулықта. Жиырма шақты қоңырқай үйлі, жыртық қара лашықты ауылдың тірлік белгісі аз-ақ. Кейбір үйдің түңлігі астынан жіңішкелеп шалқып шыққан түтін байқалады.
Ауыл сыртында жүрген жан байқалмайды. Талшық болмысын жалғыз-жарым сауынынан айыратын шешелер өз үйлерінің ығында бірлі-жарым сиырларын сауып отыр.
Екі жолаушы өздері іздеген үйді ешкімнен сұрастырмай-ақ, сырт долбарынан айырып таныды да, дәл кеп түсті. Бастап келген Дәрмен. Ол бұл үйге келіп, түсіп жүргендіктен, ескі туырлыққа былтыр жамалып қосылған жаңалау қызыл киізді есінде сақтаушы еді. Бұл шақта ол қызыл киіз оңып, құрым сарыға таман айналса да, жапсыра жамалған қалпы белгі болды.
Жүргіншілер кеп түскенде де, бұларды аңғарып, қастарына келген кісі жоқ. Абай бие бауындай жерде, өремен жайылып жүрген екі атты көрді. Біреуі Ерболдың алааяқ қоңыр аты тәрізді. Екіншісі, Базаралының бір кездегі теңбіл аты, бұл күнде тарлан бозға айналған. Екі атты таныған Абайдың көңіліне ол аттың иелері түсті. Күні бойғы ұзақ жүрістен қажыған көңіл жайы енді сәл көтеріле берді.
Үй іші бұл кезде «кісі келді-ау» деп селт етпегендей. Адам жоқ иесіз үй болмаса, не бір басқаша орасан күй болмаса, аттан түскен шет қонақты сезгенде, иті абалап әлек, шу жасап жатқанда, қауқары бар үй жанынан біреуі не шықса немесе дыбыс берсе керек еді. Бұл үй ондай белгілер жасамады. Абай мен Дәрмен үйге кірген соң ғана ерекше жайдың мәнін білісті.
Кішкене қоңыр үйдің сол жағында, жер төсекте ауру жан жатыр. Екі еркек, бір әйел сол қысылып жатқан адамның ескі төсегіне ентелеп, науқасқа үңіле қарасып отыр. Осы жандардың бейнесін көргенде, Абай мен Дәрмен бар күйді анық аңғарды. Бұларды енді ғана білген дені сау жандар тез серпіле берді. Абаймен ақырын амандасып, төр жақты босатып, орын беріп жатқан Базаралы мен Ербол.
Әйел үнсіз жас төгумен отырған қалпынан көп ауысып, өзгерген жоқ. Абай бұл адамдармен ақырын, қысқа ғана амандық айтысты да, аурудың халін сұрады. Осы кезде ауруға телміріп отырған әйел науқастың ымдап жасаған белгісі бойынша еңкейіп үңілді де, жүзіне жүзін тақады. Сөйтті де қатты дыбыстап:
– Келген Абай, Абай, Дәрмен! – деп екі-үш қайырды.
Бетін Абайларға бұрды да: «Келген кім?» – деді, тілі қайта шешілгендей.
Осыдан кейін Базаралы Дәрменге кеңес етті.
– Қасына тақашы. Сені аузына ала береді. Айтпағы бар ғой деймін, – деген еді.
Дәрмен сырт киімін тастап, бешпентшең күйде жаңағы әйел отырған орынға жүресінен отырып, еңкейе берді. Абай да осы кезде тымағын тастап, төсектің бас жағынан шынтақтап келді. Дәрменге бас түйістіре отырып, әлсіз науқастың көз алдына бар жүзімен көрінді.
Ербол сөніп қалған отты осы шақта құрғақ тезек салып, қайта қоздандырып үрлей түсіп еді. Енді бір сәтте лаулап тұрып, маздап жанған от Абай мен Дәрменнің жүзін ауру адамға анық көрсетті. Аурудың аппақ сақалы ұзын күйде ұйысқандай. Кесектеу мұрны қазір сүйірленіп, қырлана түскен. Кішілеу көздері ашылар-ашылмастай сәл ғана сығырайып, төмендеген. Ағарған қалың қасы ретсіз ұйпаланып, көзіне қарай жайылған. Дерт жеңген қарт өзіне үңілген екі жүзге кезек қарап, сәл ғана езу тартқандай болды. Өте ақырын ғана дауыспен:
– Абаймысың? – деді. Кірпігін ғана қозғап, өзіне қарай шақырғандай.
Абай оның не тілегенін аңғарып, аурудың сақалына бетін әкеп баса берді. Науқас бұнысын құптап, бас изегендей ишарат жасады да, Абайды құлағынан, самайынан, маңдайынан қоса иіскеп, сүйгендей белгі етті. Көптен көзден шықпаған кесек тамшы, ыстық жастар Абайдың көзінен кәрі досы Дәркембайдың мұрнына, оң жақ бетіне сап-салқын тамшы боп қат-қат тамды. – Қайран қартым-ай!.. Қадірлім-ай! – деп Абай, өзімен-өзі сөйлескендей күрсініп, бір жалын атты. Демі дір-дір еткен өксік тәрізді ауыр күйініш қалпын байқатты. Үлкен адамдық пен мейірімді достық қасиеттерін жиған кең кеуде аса ащы бір шерменен өзгеше күйзелгендей.
Дәрмен жылап жіберді. Жаңыл да мұрнын тартып, үнсіз жасын төге түсті. Кейінірек отырған Ербол да Абай аузынан шыққан жаңағы жалынды аңдағанда қатты «аһ» ұрғандай боп, дыбыстап күрсінді. Үнсіз, жым-жырт күйде басы-көзін төмен салып Базаралы да ауыр уайымға батқан. Лапылдай жанған тезек отының ойнамалы жарығы оның қастарының арасындағы үш тарау терең әжімдерін өзінше бір ереуілдеген көлеңкедей етеді. Кейіс, нала елесіндей айқындай түседі.
Қасына кімдер келгенін жақсы аңғарып жатқан науқас енді бар күшін, ес, санасын зорлықпен жинап алды. Тағы да қабағымен ишарат жасап, Дәрменді өзіне қарай тарта түсті. Жас жігіт қарт ағасының қиналған жүзіне жүзін тақап, етпеттей кеп еді. Дәркембай баяу салмақпен қозғалған кішкене көздерін бір сәтке Абайға аударды да, Дәрменге сөйледі. Сөзі сыбыр, бірақ анық естілді.
– Абай сенің… қарызыңнан… құтылды! – деген сөздерді бөліп-бөліп, өте ақырын айтты. Аз күшін тартына жұмсап, тағы бір нәрселер айтып қалмақ тәрізді. Қуаты шақ болғанымен санасы сау, ойы сергек. Есті қарттың жаңағы сөзін естумен қатар, оны қоршай отырған бар достары да ендігі жайды жақсы аңғарды.
Ербол, Абай, Дәрмен – үшеуінің де есіне ерте кезде өткен, Дәркембай өзі араласқан бір шақ түскен еді. Ол – Құнанбайдың Меккеге жүргелі жатқан сағатында Тінібай қорасында, Семейде болған оқиға. Сол кезде көзіне көз ауру тиіп, кір орамалмен басы, бетін қиғаштай таңып алған он-он бір жасар бала Дәрменді Дәркембай Құнанбайдың алдына әкелген. Жетімнің Құнанбайда қарызы барын айтқан. Сонда Абай аузынан шыққан бір сөз бар еді. Жас бала Дәрменге қарап: «Әкем үшін мен қарыздармын» деген. Сондағы әділ адамның, адамшылығы зор адамның аузымен айтылған ер серті есепті екен.
Бүгін өлім аузында жатқан Дәркембай осы жайды есіне текке алмады. Базаралы мен Ербол да сол бір жайды еске ала бере, өз беттерімен Дәркембай сөзін құптағандай, бас изесті. «Сонау шақтағы Дәрмен қандай еді, бүгінгі Дәрмен қандай?!», «Абаймен оның екі арасы қандай?!», «Туды» деген жай сөз!», «Бүгінгі Дәрменді бүгіндегі Абайдың баласы емес деп кім айта алады?», «Кейбір туған баладан, аға-ініден, бауыр жақыннан Абайға Дәрмен сонағұрлым жақынырақ, ыстығырақ, қымбаттырақ десе, кім таласады?» Дәркембайдың төрт-ақ сөзбен мегзегені осы. Базаралы, Ерболдай дос-жаранның өз іштерінде талай жайды ойлап өтіп, құптап отырғаны да сол.
Дәрмен мен Абай өз араларын сарапқа салып жүрмеуші еді. Тек қазір Дәркембай аузынан шыққан аз сөзден соң, көңілдерінде, тереңде, іште жатқан бір жарастық жайды аңғарысты. Дәрмен жылай отырып, ауру қартқа тілмен жауап айтқан жоқ. Бірақ басын қайта-қайта еңкейте иіп, изей түсіп, аға сөзін құптағанын танытты. Және содан әрі де Дәркембайдың бір нәрсе айтқалы жатқанын аңғарды. Аурудың аузы мен көзінен өзінің көзін айырмай: «Тағы да айт!», «Тағы да айтарыңды тосамын!», «Не өсиет айтасың?» деген жүзбен телміре қарап отыр. Бұл сәт – осы екі туыстың арыздасу сәті екені бар жанға айқын. Бір Дәрмен емес, кішкене үйде, науқас төсегінің айналасына үйірілген кішкене топтың бәрі де үзілгелі жатқан асыл жанмен арыздасып қалу халінде отыр. Соны аңғарған есті әйел – көзі жасты Жаңыл сыртқа екі-үш рет алаңдап, өзіне-өзі айтқандай етіп үн қатты. Сыбырлай берді. Шалының көптен тілсіз, үнсіз жатып, енді ғана соңғы айтарын айтып кетпек болып жатқанын аңдаған сайын Жаңыл жаңағы сөзін, сыбыр сөзін қайталай түседі.
– Рахым қайда жүр? Келмеді-ау! Неғып кешігіп жүр Рахым! Келмеді-ау, әлгі Рахым! – дей беріп еді. Дәл осы кезде сол анасы көп күткен Рахым да Абай мен Дәрменге сәлем бере кіріп келді.
Бұл күнде жасы он төрт, он беске келген бала жігіт Рахымның бойы бойшаң, ақшыл жүзі ашаң, арықтау екен. Ол кіре салысымен шешесінің үнсіз қол бұлғап шақырған ымы бойынша тымағын тастады да, әкесінің төсегіне Дәрменмен қатар отырып, үңіле түсті. Дәркембай Дәрменнің қасында өзінің жалғыз баласының, жас баласының жүзін көргенде қатты қобалжып, бір толқып, оймен түйіліп қалды. Реңі қашқан жұқа еріндерін жиыра тістеніп, өте ащы бір зәр жұтқандай шер тұтқан-ды.
Абай танып отыр. Қарт досының осы бір сараң ғана бет белгісінде оның бар арманы, айтары сезілгендей. Бұ дүниеден әкетіп бара жатқан бір зары білінгендей.
«Жасы жетпей, бұғанасы қатпай, жетім-жалқы боп жалғыз мынау балам қалып барады. Қолында өнері жоқ, алдында малы жоқ, айнала пана жоқ. Кімге қалып барады?» деген ой, «Күні не болады» деген қауіп, күдік Дәркембайдың діңкесіне, әсіресе дөп тигендей. Осы жайды ойлай отыра, Абай Дәркембайдың жүзін бақты. Аузынан тағы бір айтсам деген арманы шығар ма екен, жоқ, оған мұршасы келмей, әлі жетпей өтер ме екен? Айтылып болмаған арманымен үзілер ме екен! Ондай қасірет мынау жұмылған ауыздың ішінде шығарман боп тұрып шыға алмай кетсе, оның өзі де бір жаза ғой деп, қиналып ойланып еді.
Жаңағы сыбырлап айтқан азғана сөзінен соң, ұзақ үнсіз жатқан Дәркембайдың көзі Дәрменді өз қасынан босатпай, әлі өзіне қарай «тыңдай түс» дегендей тартып жатқан-ды. Сол себепті де Дәрмен бұған «тағы не айтасың?» деген тәрізді көз айырмай қадалып отыр. Енді бір шақта Дәрмен мен Рахымға кезек көз аударып жатқан Дәркембай тағы да бір нәрсе айтарман болды. Еріндері сәл қыбырлай түсті. Сол сәтте тағы да айқын сыбыр естіліп еді. Дәрмен анық ұғынып, нық тоқып алу үшін ағасының аузына өзінің құлағын да тақай төнді.
– Рахымды саған тапсырамын… Осыны адам ету жайын сен де өз мойныңа қарыз етіп ал!.. Сонымен ақта Абай тәрбиесін!.. – деп бұнымен сөзін бітіріп, енді көз қиығын Абайға бұрды. Жаңағы Дәрменше Абай да еңкейіп құлағын тақады. Аурудың бұған айтқан сыбыры, тіпті әлсіреп және қысқарып, азайған еді.
– Рахымды оқуға… берші! Бұны да адам етші!.. – деп, соңғы арыздасу сөзін осымен тамам етті.
Дәркембай енді сұлық түсіп, жым-жырт көз жұмып қалды.
Үзіліп бара ма, жоқ арыз, өсиет айтамын деп әлсіреді ме, білу қиын. Абай науқастың тамырын ұстады, сәл, өте сирек, болар-болмас қана соққан қыбыр бар. Үй іші аурудың жүзіне әр сәтін бағып, қадала қарап отырып, енді бір болжау жасасты. Өздерінше долбар айтысты.
– Жаңағы сөзден әлсіреді ғой, тыным алсын! – деп Базаралы байлаған еді.
– Қайта-қайта сұрап «келе ме, келді ме» деп Абай мен Дәрменді тосып еді. Бұларды көріп арманын айтқан соң, енді тыныштық алды білем! – деп Ербол топшылады.
– Сәл қалғығандай… ұйқыға кетпеді ме екен? – деген үміт сөзін жас Дәрмен айтқан еді.
Абай мен өзге үлкендер бұның сөзіне жауап берген жоқ, олар біліп отыр. Бұндай халге жеткен ауруда дәл бұндай сәтте ұйқы болмайды. Ол барлық пен жоқтық арасындағы бойсұну. Үзілермен шақтың бірі. Дәрмен сияқты жас, әуелі өлім көрмеген тәжірибесіздігін танытады. Болмаса ол өзінен кішірек Рахымның көңілін аулайды, үмітін демейді. Бірақ бұның айтқандарына тәжірибелі үлкендер ілтипат жасаған жоқ. Олардың аңдағандары, енді не де болса науқасты тыныш қалдыру керек. Дәрменге сол отырған қалпында қала беруді қолымен белгі етіп бұйырды да, Абай өзі енді төрге қарай, кейін серпілді. Базаралы мен Ербол да жазылыңқырап, дағдылы қонақтарша отырысты. Осыдан соң бұлар жай сұраса бастап еді, Базаралының сұрауы бойынша Абай бүгін қорықтан шығып келген жайларын айтты. Күздің қысқа күнінде аяңмен ұзақ жүріскен екен.
Абай Дәркембайдың қалай ауырғанын, қашан ауырғанын енді анықтап сұрады. Бұл жайды Базаралы, Ербол, Жаңыл – үшеуі кезектесіп айтысты…
– Суық өтті. Осы бір жұмадан бері айықпай тұр ғой, мынау қара суық, қатты жел, қораға тасылмаған бір отау пішені бар еді, Қарағандысайда. Соған мынау көрші үйдің арбасын сұрап алып, қасына Рахымды ертіп, бір күн ертемен кетіп еді. Барған соң алған жұмысын тындырмай тоқтай ма бұл кісі. Қара дауылдың үстіне қиыршықтап қар да жауған екен. Соған қарамай баласымен екеуі күні бойы шөпті тасып, қораға үйіп те болыпты. Шекпені болса жұқа, омырауы да ашық еді. Жұмыстың қызуымен оны ойламаған ғой. Бейнет ауыр, әл-ауқат аз, киім лыпа нашар… күн болса өңменімен өтетін қатты жел! Өзге емес, бәрі осыдан болды. Ел жата үйге келгенде «Жаңыл-ай, қатты жаурап, аса қиналып келдім, осы бүгінгі күн діңкеме тимесе еді!» – деген еді. Айтқаны болды, таңертең өне бойы қызып, жөтеліп, жата алмай қинала бастады… Соның арты, міне! – деп жүдеу жүзді Жаңыл білгені мен түйгенінің бәрін сондай айқын, саналы жүзбен айтып шықты.
Базаралы көп сордың, жүдеулік-жадаулықтың неше алуан қасіретін шеккен адам өзінің салқын, ащы ойын таратты.
Жасы жетпістен асып бара жатқан Дәркембайдың бүгінгі жайын Базаралының бұл айтқан сөзінен орынды, қисынды сөз тауып айту қиын. Абай мен Ербол «рас, рас» десіп, тек қана бас изесті. Осы түнде Дәркембайдың халі ауырлап, сағат сайын мегдете берді. Үй іші ас ішіп бола бергенде, үнсіз, сұлық жатқан ауруға, соншалық әлсіз шақтың өзінде де қатты бата бастаған қиналу білінді. Сол соңғы шұғыл өзгерістің белгісі екен. Енді біразда деміне сырыл араласты. Абай мен Базаралы, Ербол – үшеуі де ауруға кезек-кезек тақап келіп, ендігі деміне құлақ салысты. Соның артынан бұлар кейіндей отырып, біріне-бірі ақырын ғана айтысқаны сол сырылдың жайы еді.
– Анық сол!
– Сырылдың өзі.
– Мәлім… сол сырыл! – дескен. Кейін тағы бір ет асымдай мезгіл өткен соң, жаңағы жаман нышан араласқан дем ауырлай барып, таңға тақаған кезде Дәркембай дүние салды.
Келесі күні сәскеден бастап, жиын отырған жатақтың барлық жұрты өздерінің қадірлі қарты, кәрі ағасы Дәркембайдың қазасын күтумен болды. Молалы судан қой өрісіндей жерде, бел астында, жатақтың бұдан бұрын өлгендерін қойған көп бейіт бар-ды. Соған ер-азамат Дәркембайдың сүйегін апарып, таза арулап, қойып қайтты.
Құрым – иленген жұмсақ тері. Үзіндіде киіздің тозып, ескіргенін білдіріп тұр.
Кейіс, нала – қайғыда, мұңда, ауыр қайғыда деген мағынада.
1. «Қапада» тарауын оқып, мазмұндаудың жоспарын құрыңдар.
2. Үзіндіге қандай оқиғалар арқау болған?
3. Эпопеяда ел намысының жоқшысы Дәркембай қалай тұлғаланған? Дәркембай талай кедейдің бейнесін бойына жинақтаған типтік бейне деуге бола ма?
4. Үзіндіде Дәркембай қадірін автор Базаралының қандай сөздерімен берген?
5. Дәркембай соңғы арман-тілегін, аманатын кімге айтты?
1. Үзіндіге сүйене отырып, кестені толтырыңдар.
2. 1–4-кітаптар бойынша Базаралы мен Дәркембай бейнесін ашатын эпизодтарды еске түсіріңдер. Базаралы мен Дәркембай бейнелерін «Венн диаграммасы» бойынша салыстырыңдар.
1. Үзіндідегі портреттеуге назар аударыңдар. Оның маңызы, яғни кейіпкерлер іс-әрекетін, жан дүниесін ашудағы маңызы туралы ойларыңды «Төрт сөйлем» әдісімен жеткізіңдер.
2. Топпен бірге романның 1–4-кітаптарына сүйене отырып, Дәрмен бейнесі туралы шағын таныстырылым жасаңдар.
Берілген сұрақтарды талқылай отырып, көркем шығарманың жаңашылдығын зерделеңдер және сыни тұрғыдан баға беріңдер.
1) Шығармадағы жаңашылдық не деп ойлайсыңдар?
2) Романда қандай жаңа идея айтылған? Мысал келтіре отырып дәлелдеңдер.
3) Романның жаңашылдығына қандай баға берер едіңдер?
Кері байланыс. «Шығу парағы» бойынша сұрақтарға жауап жазыңдар.
1. Бүгін не үйрендіңдер?
2. Романның жаңашылдығына баға бере алдың ба?
3. Тақырып бойынша қандай сұрақтарың бар?
4. Келесі сабақта қандай мәселеге баса назар аудару керек?
…Шығыс халықтарының әдебиетіндегі көркем прозаның гүлдене дамуы – айтарлықтай жаңалық. Тарихи дамуының ерекшеліктеріне байланысты бұл халықтарда өлең, ән дәстүрі жақсы дамыған еді… Әйткенмен Шығыстың көптеген халықтары әдебиетінде көркем проза болған емес. Сөйткен топырақта, мәселен, қазақ әдебиетінде Әуезовтің «Абайы» сияқты үздік романдардың тууы – қуаныш үстіне қуаныш.
Александр Фадеев