Музыкадағы жыл мезгілдері

1-тапсырма. Ойтолғау.

   Табиғаттың бір керемет құдіреті – жылдың төрт мезгілдерінің «қыс, көктем, жаз, күз» бірінен кейін бірі ауысып келуі. Әр мезгіл өзінің мезгілдік заңдылықтары бойынша өзгере береді. Сен мұны «Дүниетану» сабағынан білесің. Әр мезгіл өзіне тән әсем ерекшелігімен адамдарды қызықтырады, қиялды қозғап, шығармашылық шабытшақырады. Жыл мезгілдеріне арнап қаншама жұмбақтар, өлең-тақпақтар, әндер, музыкалық шығармалар жазылған!
   Бұл сабақта тақырыпқа қатысты отандық және шетелдік классик композиторлардың шығармаларымен танысасың. Соның біреуі – Антонио Вивальди.

   Антонио Вивальди (1678–1741) – итальян композиторы, асқан шебер скрипкашы, педагог, дирижёр, католик шіркеуінің діни қызметкері. Венеция қаласында өмірге келген. 40-қа жуық операның авторы. Көптеген түрлі жанрдағы шығармалар жазған. Ол – сол замандағы итальян скрипка өнеріндегі еңірі өкілдердің бірі. Аспаптық концерттер, әсіресе скрипкаға арналған концерттер оны дүниежүзіне танытты.
   Шығармаларының ішінде ең белгілісі – «Жыл мезгілдері» атты скрипкалық төрт концерті.

2-тапсырма. Тыңдау. Зерттеу. Ақпарат іздеу.

«Төрт жыл мезгілі» (концерттер циклінен үзінділер)

Музыкасын жазған: А. Вивальди

   Шарты. Топтық жұмыс. Тапсырма басында сыныппен бірге А. Вивальдидің «Жыл мезгілдері» концерттерінен
төрт шығарма үзіндісін тыңдайсың: «Көктем» («Көктем келді»), «Жаз» («Жазғы найзағай»), «Күз» («Егін ору»),
«Қыс» («Желтоқсан»).

   Жыл мезгілдері атаулары бойынша төрт топқа бөлініп, әр топ тиісті тапсырмаларды орындайды.

• «Аспапқа арналған концерт» деген не?
• «Скрипкалық концерт» дегенді қалай түсінесің?
• А. Вивальдидің әр скрипкалық концерті қалай аталады?
• Әр концерт неше бөлімнен тұрады? Әр бөлімі айлар бойынша қалай аталады?

3-тапсырма. Ән үйрену. Орындау.

Шат көңіл

Өлеңін жазған: Б. Тәжібаев
Әнін жазған: С. Еркімбеков

1. Аялаймыз ақ сәуле,
Ағарып таң атқанда.
Шаттанамыз ақ күнге,
Шалқып шыққан шақтарда.

2. Аспанды да сүйеміз,
Айдан алқа таққанда.
Сауық-сайран құрамыз,
Жайқалған гүл бақтарда.

3. Қуанамыз ақ толқын
Ойнақтаумен аққанда.
Мәпелеймiз ақ гүлдi,
Көктемде көз тартқанда.

• Әнді басынан аяғына дейін тыңдап, сыныбыңмен бірге талда.
• Әннің көңіл күйіне, көркемдеуіш құралдарына, мәтіннің мазмұнына көңіл бөл.
• Әнді вальс ырғағына, мазмұнына қарай мәнерлеп, көркем орында.
• Топқа бөлініп, сыныппен бірге «Әнді көркем орындайық» деген жарыс өткізіңдер.

   Оркестр – музыкалық шығармаларды орындайтын көптеген музыкалық аспаптар ұжымы.
   Симфониялық оркестр – симфониялық музыкалық шығармаларды орындайтын музыканттардың үлкен ұжымы.
   Дирижёр – (француз тілінен – басқару, жетек шілік жасау) музыкант-орындаушылар ұжымын басқарушы. Шығарманың көркем орындалуына жауап береді.
   Партитура – оркестр аспаптарындағы барлық партиялардың толық ноталық жазбасы.
   Клавир – оркестр музыкасын орындаушы мен фортепианоға бейімдеу түрі.
   Концерт (1-мағынасы) – жұрт алдында музыкалық және басқа шығармалардың орындалуы.
   Концерт (2-мағынасы) – оркестрдің сүйемелдеуімен жеке аспапқа арналған музыкалық шығарма.

4-тапсырма. Бағалау.

1. Сабақта берілген тапсырмаларды қалай орындадым?
2. Орындағанда қандай қиындықтарға тап болдым?
3. Өз дайындығымды қалай жақсартар едім?

×
×

Cart