Музыкадағы жыл мезгілдері (жалғасы)

1-тапсырма. Ойтолғау.

   Жыл мезгілдеріне қатысты әндер мен музыкалық шығармалар көп. Мысалы, домбырашы, композитор Төлепберген Тоқжановтың «Жыл он екі ай» атты домбыраға арналған пьесалары бар. Онда он екі айдың ерекшелігі сипатталған.

«Жұмбақ әуендер» (ойын)

   Шарты. Отырған қатарларыңа қарай үш топқа бөлініңдер. Тыңдалатын музыка бойынша түрлі түсті
қағаздармен мыналарды: «Ақпан – Бұрқасын» (ақ), «Қыркүйек – Күзгі той» (сары), «Сәуір – Көктемгі тамшылар» (жасыл), «Шілде – Жаз биі» (қызыл) көрсетіңдер. Шығарма аттары тақтада жазулы тұрады. Аталған әр пьесаның үнтаспасын тыңдай отырып, музыканың орындалуына қарай шығарма атауына сәйкес келетінін қолдарыңдағы түспен көрсетіңдер.
   Мұғалім музыка тыңдау реттілігін араластырып тыңдатады.
   Қазылар алқасы (екі-үш оқушы) пьесалар орындалған кезде көрсеткен қағаздарды түсіне қарай санап, тақтадағы кестеге жазып қояды. Музыканың орындалу реттілігіне қарай қай топ сәйкес келетін түстерді неғұрлым дұрыс көрсетсе, сол топ жеңімпаз атанады.

   Өткен сабақтағы А. Вивальдидің таныс шығармаларының үзінділері мен Т. Тоқжановтың тыңдаған пьесаларын салыстырып, мыналардың айырмашылығы мен ұқсастығын тап:
• музыкалардың атаулары;
• мазмұндарының көркемдігі (композитор қандай музыкалық көркемдеуіш құралдарды пайдаланды);
• шығармалардың орындалу ерекшелігі;
• көлемі;
• әуендердің ұлттық нақышы.

2-тапсырма. Ән орындау.

Жау-жау, жаңбыр!

Өлеңін жазған: Ш. Сариев
Әнін жазған: К. Дүйсекеев

1. Алатаудың бауырына,
Атам, әжем ауылына,
Ақша бұлттар, ауа берші,
Жау-жау, жаңбыр, жауа берші.

Қайырмасы:

Бақыт болып жаушы, жаңбыр,
Менің әсем қалама.
Бақыт болып жаушы, жаңбыр,
Менің байтақ далама,
Менің әсем қалама,
Менің байтақ далама.

2. Алматыдай астанама,
Жасыл желек, жас қалама,
Ақша бұлттар, ауа берші,
Жау-жау, жаңбыр, жауа берші.

Қайырмасы:

Бақыт болып жаушы, жаңбыр,
Менің әсем қалама.
Бақыт болып жаушы, жаңбыр,
Менің байтақ далама,
Менің әсем қалама,
Менің байтақ далама.

• Бұл ән саған 2-сыныптан таныс. Не туралы?
• Әнді орындау барысында мұғалімнің дирижёрлік қимылдарына назар аудар.
• Әнді мәнерлеп, көркем орында.
• Әнді кезек-кезек орындауға да болады. Мысалы, үш топқа бөлінген оқушылар шумақтарды мына түрде айтады:
1-топ: Алатаудың бауырына,
2-топ: Атам, әжем ауылына,
3-топ: Ақша бұлттар, ауа берші,
Бірге: Жау-жау, жаңбыр, жауа берші.
• Ән орындаудың тағы бір тәсілі – «канон» түрінде айту. Бірінші тақырыпта «Дарқан Дала» әнінің қайырмасы осы тәсіл бойынша айтылды.
• Жаңа әннің бірінші шумағын «канон» түрінде айтып көр.
Мына кестеге қарап, сыныбыңмен бірге орында:

1-топАлатаудың бауырына,Атам, әжем ауылына,Ақша бұлттар, ауа берші,  
2-топ
паузаАлатаудың бауырына, Атам, әжем ауылына,
1-топЖау-жау, жаңбыр, жауа берші.пауза
2-топАқша бұлттар, ауа берші,Жау-жау, жаңбыр, жауа берші.

3-тапсырма. Тыңдау. Ақпарат іздеу.

«Музыкалық аспапты тап» (ойын-викторина)

   Шарты.  Бейнетаспамен әр оқушы дербес, өз беттеріңше жұмыс жүргізіп, білімдеріңді тексеріңдер. Сендер мұғалім берген бір бет парақта сызылған кестедегі аспаптардың аттарын белгілеңдер.
   Ойын реттілігі: Бейнетаспа қосылған кезде аспаптың дауысы естіледі, ал аспаптың өзі көрінбейді. Одан кейін интерактивті тақтада «Қай аспаптың дауысы?» деген сұрақ белгісі шығады. Сол кезде сендер кестеде берілген аспап атаулары ішінен дұрыс деген атауын тауып, санмен белгілейсіңдер. Содан соң интерактивті тақтада аспаптың өзі көрсетіледі. Ойынның соңында нәтижесін бірге талқылаңдар.

Аспаптар

литавра

скрипка

кларнет

скрипка

рояль

флейта

арфа

гобой

контрабас

4-тапсырма. Бағалау.

1. Сабақта берілген тапсырмаларды қалай орындадым?
2. Орындағанда қандай қиындықтарға тап болдым?
3. Өз дайындығымды қалай жақсартар едім?

×
×

Cart