Табиғаттың суреті

Көркем сөйлеймін және сөйлеу барысында суреттерді қолданамын.

1. Түсініп оқы. Табиғат суреті қалай аталады екен?

Пейзаж

Көк шықты таудың тарғыл тасын жарып,
Арықтан сулар жатыр тасып ағып,
Аямай жерге төгіп тұр алтын нұрын,
Күн көзі күлімдейді қолын керіп.

Төлеген Айбергенов

шығармадағы табиғаттың суреті.

3. Пейзаждық суреттеуді зер салып оқы.

Шөптегі шық

  Жаздың таңында тоғайға барсаң, шөп арасында сансыз меруерт көресің, сол меруерттер күннің көзіне жылт-жылт етіп, біресе қызыл, біресе сары, біресе көк болып құлпырады. Құлпырып тұрған немене деп жақындап қарасаң, үшкіл жапырақтар үстінде жылтылдап тұрған шық тамшылары болып шығады.
  Сол жапырақтардың астары – бейне бір түкті барқыт. Бетінде тамшылар домаласа да, жапыраққа су жұқпайды. Жапырақты аңғырттана жұлып алсаң, жылтылдақ тамшылар моншақтай домалап, сабағынан құлап түсіп кеткенін көрмей қаласың. Сондай бір топ жапырақты ақырын үзіп алып, аузыңа ептеп апарып, шықтарын сорып қойсаң, қай сусыннан болса да, тәтті болушы еді!

Жүсіпбек Аймауытов

4. Суретке қарап, шөптегі шықты сипаттап айт. Мәтін сөздерін пайдалан.

5. Мәтінді тыңда.

Шыбынсыз жаз

  Алатаудың теріскей жақ етегінде бұталарға, адамның кеудесінен келетін қурайларға кездесесің. Мамыр, маусым айлары кезінде бұл тұсқа көзіңізді салып көріңізші…
  Ешбір көркем кілемнің, ешбір көркем кестенің бетінен табылмайтын ғажап бояуларды көресіз! Не деген сұлу сурет ол!
  Гүлденгіш қурайлар мен бұталар өсетін тұстан тау басына қарай көтеріліңіз. Онда бойларын жарыстыра, таудың биігіне тырмыса өскен қалың шырша тоғайына кездесесіз. Одан әрі өрлесеңіз, тықырлана, ұйыса өскен қалың бетегеге тап боласыз. Ол – қарлы жотаға жақын тұс.
  Маусым, шілде айларында көптеген ауылдың отарлары сол қурайлар мен бұталар өскен тұстарды жайлайды. Ол тұстарда, әрине, жыра-жыраның бәрінде жылжып ағып жатқан мөлдір бұлақ.
  Абай бір өлеңінде: «Сөзімде жаз бар шыбынсыз» дейді. Сол өлеңді оқығанда мен: «Өзі жаз болсын-дағы, шыбынсыз болсын! Қалай болады ол?!» деп таңданатын едім. Осындай жазды тек ақынның ойы ғана деп ойлайтын едім. Енді көрсем, ондай жаз шынында да бар екен.
  Мамыр-тамыз айлары, әдетте, шыбынды айлар болып есептеледі ғой. Осы кезде Алатаудағы отарларда не масаның, не шыбынның ызыңы естілмейді. Өйткені олар онда жоқ. Қайдан болады олар? Тал түсте ысып кеткен ауа райы күн қайта қоңыржай болады. Ал күн бата мүлде салқындап кетеді. Күндіз көйлекшең жүретін адам түнде тон жамылып отыратын кештер болады. Жылы кештер өте сирек кездеседі. Осындай ауа райы бар тұста маса мен шыбын қайдан тіршілік жасасын! «Шыбынсыз жаз» деген осы екен!

Сәбит Мұқанов

5. Суретке сай келетін мәтін бөлігін әңгімеле. Тақырып ойластыр.

Сәбит Мұқанов
1900–1973

  • Солтүстік Қазақстан облысының Жаманшұбар өңірінде туған.
  • Жазушы, ақын.
  • «Сәбит – халқымыздың шын сүйікті, ең өнімді жазушыларының бірі».

Ғабит Мүсірепов

7. «Шыбынсыз жаз» дегенді қалай түсіндің?

Пейзаж арқылы кейіпкердің де көңіл күйінің қандай екенін алдын ала болжай аласың. Хрестоматиядан М. Әуезовтің «Жетім» әңгімесін оқып көр. 

8. Суреттегі пейзажға зер сал. Дәл жазушыдай толғанып, көңіл күйіңді сөзбен жеткіз (2-азат жолды пайдалан). Өзің қандай сурет салар едің?

×
×

Cart