МҰҚАҒАЛИ, ИНОЗЕМЦЕВ
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.1.3.1 көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау арқылы өмір шындығын көрсету.
  11.2.2.1 автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау.
  11.3.3.1 шығарманың идеясын көркемдік-эстетикалық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу.

  Тірек сөздер: қандықол, күнәсін мойнына салу, жауап алу, әділ жаза.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – берілген үзіндіні толық оқу;
  – тарихи және көркемдік құндылығын анықтау;
  – шығармаға сыни баға беру үшін негізгі ойды табу;
  – идеясын анықтау және талдау;
  – көркемдігі мен эстетикалық әсеріне орай әдеби эссе жазу.

  – Адамның еті күйгенде қозы құйқа сөз бе екен?! Сен оны бірақ көрген жоқсың-ау. Көрген мен айтып отырмын, нан маған: қос шынтағы ырсиып жер тандырдан осылай тұрып келе жатқан Нұрғазыны көргенде Рекең екеуіміздің төбеміз көкке жетті. Пенденің төбесі қанша тасығанда, көкке екі елі жетпейді екен ғой. Бірақ жалғыз бала, жалғыз жолдасыңды отқа күнде күйдіріп, қарауылға күнде алып жатқан жоқсың – ол көкке біздің төбе жетпей, сенің төбең жете ме… Біздің шалдардың бас жағында жайнамаз жатса, жамбасында тапанша жүреді. Қос шынтағы шоққа жидіп осылай тұрып келе жатқан Нұрғазыны мен арқасынан сүйей бергенде, Рекең жарықтық, қара тапаншаны жалғызының аузына көмейлетіп тығып жіберіп, сырт-сырт екі басты: қолтығынан қолыма асылып Нұрғазы қалды, Нұраш қалды сонда. Осынша қызықтан құр қалып, аңғалсың-ау, жас батыр. Қайран қорғасынды арқардың ерулік жеген лағына қор қылғанша, бізбен бірге азамат атысып, азамат асысып рақат-ләззаттың ұшпағына шықпаған аңғалсың-ау.
  – Мен емес, мырза, Құдай ұрсын, мен емес, – деді Иноземцев, шаң қапқан ашаң бетінің айғыз-айғызын шығарған қара терді жеңімен сүртіп. – Болыс бұйырса, құлақ аспайтын қай шамаңыз бар, мырза. Қолға түссе көзінен тізіп, ат деген губернатордың бұйрығы бар, мырза, мен қайтейін енді, мырза.
  Иноземцев аяғын құшардай боп жүрелеп қалған екен, Мұқағали оны алқымынан бүріп алып, сәл көтерді де, ыңқ еткізіп орнына, тасқа тастады.
  – Әлбеттә, бұйрыққа құлақ астың. Бұйрық болғасын ғана аттың. Сен, жүдә, атқан жоқсың. Сен деген мен бар ма?! Қашан айттым? Қашан, қашан айттым? Қашан дейм? Мұрын боғыңды сосын сүртесің – қашан айттым?.. Атқан сен емес. Сүйеп тұрған мен, көмейлеп атқан Рекең. Сүйеп тұрғаным да Нұрғазы, оқ жұтқан да Нұрғазы. Мылтықты әркім атады, бірақ оқ жұтқызған жан көріп пе ең? Әлбеттә, көрген жоқсың. Лақ аулап жүрген жас батыр Рекеңнің ауылында не болып, не қойғанын қайдан білсін. Ол ол ма, Нұрғазыны оққа қақалтып тастай берген Рекеңді де бір жайлы қылған мен. Қан толған көзден қатер көп – жолдасымды аямағаннан кейін әкемнің жолдасы еді деп оның әкесін аяйын ба?! Кәңкиген қара шалды ақжал айғырдың құйрығына байлап ап, Керегетастың тұмсығына қарай сүйрегенде, қатын-қалашқа да жан керек екен, үзеңгіме Рекеңнің кемпірі мен келінінен басқа жабысқан жан болған жоқ. Қан аңсаған көкірек қоян бүрген қырандай – шашын жайған бір кемпір мен бір қатынды өңмеңдетіп теппеске қандай шара бар?! Сен оны көрген жоқсың-ау… Қос қайны мен үш бірдей баладан қас пен көздің арасында айырылған кемпір, қас пен көздің арасында қос қайны мен қос қайнаға аздай-ақ, жарынан қоса айырылған жас жесірдің ұстыны Рекеңе араша түскенін көрген жоқсың-ау, сен. Қызық қой, бұдан асқан қызық бар ма?! Дүниедегі мен білетін үш қызық: атаның баласын – Рекеңнің Нұрғазыны атқаны, жігіттің досын – менің Нұрғазыны атқаным, сосынғы қызық – жылаған қос жесірдің өңменінен тепкені ғой.
  – Менің атқым келген жоқ. Құдай ұрсын, менің атқым келген жоқ. Бүлдірген өздері – қарсылық көрсеткен өздері. Бунтшылардың ұясын нұсқа дегенде, жақ ашпаған өздері. Әдейі атты деймісіз, мырза, – деді Иноземцев.
  – Әлбеттә. Әлбеттә, әдейі атқан жоқсың. Рекеңді менің де атқым келген жоқ, бірақ болыс бұйырса, құлақ аспайтын не шама бар?! Сағы сынып, бағы тайған ел екен, бес жігіт, бір шалмен қашқан бақты қайыра алмас бәрібір, көзіге қалсаң, таптап кет деген бұйрық бар еді, бесеуін жайпап біткенде, қолыма Рекең ілікті – оны да аяғам жоқ. Керегетастың көк шалғын тұмсығындағы ақыр тасқа көлденең сап алдымен сақалын үйттім-ау, батыр. Кәрінің сақалы да бір, қарашадағы ебелек те бір – күкірт тиер-тиместе қаулап кетеді. Қаулауға өзі, жаулауға өзі себеп таппай тұрған сақалға екі жездің дәрісін сеуіп от қойса, күлкіге мен мелдектемей, сен мелдектемекпісің. Алдымен сақал үйтілді, жетпістен асқан кәрі емес пе – үйтуге жарар шаш таппадық бірақ. Жоқ, жас батыр, дүниеде үш емес, төрт қызық бар, төртінші қызық – алқымды жапқан ақ сақалды өртеген. Қарғыстан қорыққан сөз бе екен: жігіт атып, жесір теуіп, сақал өртеп, алғысқа қалған жақсы. Көкейіңді крест тессе, жас батыр, сақал өрте, сақал өрте… Ақ сақалынан әп-сәтте айырылып көсесі шыққан Рекең атып таста деп жалынды, атып таста деп, жата кеп жалынды, атпаймын деп мен кергідім. Жылады-ау сосын Рекең, күйелеш бетін жас жуып жылады-ау сосын Рекең. Ақыры әйтеуір, Нұрғазының көмейін өпкен тапанша…
  – Тапанша, – деді Мұқағали. – Тапанша, тапанша, – деді сонсоң тағы да. Қанжардың жүзіндей суық қара сөзді үш қайталағанда кеудесіндегі көк жалын өксік сәл де болса басын тартардай көрініп еді. Өксік бірақ тапаншаны үш қайтарғанда да, үш қайтарып ап алақанымен көзін басып отырып қалғанда да, алдау-арбауға көне қояр сыңай танытпады, қайта қапелімдей сәл сәттің ішінде үрген бүйен боп ісініп кетті де, бұл етегін қармап үлгергенше – тізесінде жатқан жарты құлаш көк бәтес орамалды Мұқағали көре алған жоқ, көретіндей, орамалды іздейтіндей уақыты да болған жоқ – шарасы кең қой көзден тарам-тарам жас боп атқып-атқып кетті. Көп күннен бері шаруабасты боп, атүсті көп сабылған жігіт ішінен тығылып та жүр екен: сақалы үйтіліп көсесі шыққан Рекеңнің қарақұсына кезелген тапаншаны аттап өте алған жоқ, атан жауырынын дірілге тастап еңкілдеп жылап жіберді. – Бұйырған екен ғой саған, бұйырған екен ғой, бұйырған екен ғой саған, – деді сонсоң иегі кемсеңдеп. – Біреуіңе бұйыртып атқызады, біреуің ойнап атасың, біреуің шындап атасың, қай әкеңнің құны қалып еді осы бізде, – деді сонсоң Мұқағали тарам-тарам жасты жұдырығымен бетіне жағып. Өксік бірақ саябырсыған жоқ; қайта кең кеудеден қат-қат шер мен азаның тағы бір көзін ашқандай екен – жас сүртем деп бетке жүгірген қос жұдырықты селтең-селтең секеңдетіп жіберді. – Бұйырған екен ғой саған, азаматын ат, ақсақалының сақалына дәрі сеуіп, өрте деген екен ғой, – деді Мұқағали. Дәл осы сәт шоққа жидіген қос шынтағын ырситып жер тандырдан тұрып келе жатқан Нұрғазы, Нұраш есіне тағы түсті; Нұрғазы, Нұрғазыны ортаға алып, екеуі алда, екеуі артта – бір-бірінің мықынын құшқан Нұрғазының екі аға, екі інісі түсті, Рекең түсті, Рекеңнің кере қарыс ақ сақалы, ақ сақалдың күкірт тиер-тиместе сытыр-сытыр қау ете қалғаны түсті. – Не жазып ек бұ Құдайға, не жазып ек?! Өз байлығым өзіме сор боп тигендей бұ Құдайға не жазып ек, не жазып ек?! – деді Мұқағали сонсоң кере қарыс маңдайын жұдырығымен періп-періп жіберіп. – Маңдайымды өзім соғып, өз бармағымды өзім шайнап, өз жер, өз байлығымды өзім қарғардай не жазып ек?! Ақылым сенен кем бе екен, қайратым сенен кем бе екен?! – деді Мұқағали өксік буған етжең денесін игере алмай қалған ендігі сәтте. Алпамсадай сары жігіт сонсоң қара тасты қақ жарып кіріп кеткісі, сіңіп кеткісі келгендей екі бүктеліп бұға берген ақ офицерді тастың үстінен жұлып алды. Обалы не керек, офицер болғанмен көнбіс екен – тақымға түскенде қарсыласқан жоқ, Мұқағалидың атан балтырынан басы салбырап сұлап қалды. – Ә, Құдай, – деді Мұқағали сонсоң, – ә, Құдай, құныкерім осы болса, мықты бол да, арашаға түсіп бақ. Әттең, Төрекең ғой қолды байлап отырған, әйтпесе мына шібіш бөксеге қайнатып ап қорғасынды құймас па ем?!
  Мұқағали тұтқын офицерді тақымынан суырып алды да, бос қалған оң қолымен оның қарақұсын бүріп-бүріп, мытып-мытып жіберді. – Жат, – деді сонсоң Иноземцевті тізесінен сыпырып тастап. – Өлмейсің. Төрекеңді құтқармай, сенің обалыңа қалардай доңыздың миын жегем жоқ. Сенің тіліңді Сәруар табады. Хабар жетіп Сәруар келсін, әзірге жата тұр. Жаубүйректі сосын асайсың.
  Жасыл шұға шалғынға етпетінен түскен Иноземцев бірақ тұяқ серіпкен жоқ.

Бунтшылар – «бунт» деген орыстың «көтеріліс» деген мағынадағы сөзінен шыққан.
Мелдектеу – қатты тойыну, тою деген мағынадағы сөз.

1. Туындыдағы тақырыптардың идеялық тұтастығы неде?
2. «Бесатар» повесінің идеялық-философиялық шешімі қай деталь арқылы көрінеді?
3. Автор көзқарасының әдеби шешіммен байланысы қандай?
4. Сюжеттің шешімі арқылы автор оқырманына қандай ой тастайды? Повестің идеясы не?
5. Сенің ойыңша, жазушы бодан елдің намысты ұрпақтарының бостандыққа ұмтылған ұлы арманының жеңілісін қалай бейнелеген?


1. Шығармадағы жазушы ұстанымдарын, ұлттық таным мен ұлттық мінезді топпен бірге анықтаңдар.

2. Кейіпкерлерге үзіндіде көрінетін іс-әрекеттеріне сүйене отырып, «Портреттік мінездеме кестесін» толтырыңдар. Жинақтау мен даралау арқылы жасалған өмір шындығын анықтаңдар.

3. «Бесатар» шығармасындағы жазушының тілдік құралдарды қолдану тәсілі мен стильдік мақсатын топпен бірге зерделеңдер.
1-топ: шығарма тақырыбына сәйкес әскери атаулар, шен, қару-жарақ атауларын; 2-топ: көлік атауларына байланысты сөздер мен заман, дүние атауларына тән сөздерді; 3-топ жазушы шығармасындағы фразеологиялық тіркестер мен мақал-мәтелдерді теріп жазыңдар.
4. Үзіндіні тыңдап, өз ойларыңды шағын эссе түрінде жазыңдар. Уақыт – 15 минут.


1. Тарихи туындының танымдық-тәрбиелік қуатының күштілігі мен көркем шығарма ретіндегі эстетикалық пәрменінің қуаттылығы туралы қосымша дереккөздерден ақпараттар жинақтап, таныстырылым жасаңдар.
2. Рәбиға Сыздықтың «Бесатардағы» ой-сана тартысы – зиялылардың өзара пікір таласы емес, ұлттық намыс пен империялық өктемдік арасындағы арпалыс» деген пікіріне түсіндірме жазыңдар.


«Бесатар» повесі – айтар ойы терең шығарма» тақырыбында әдеби эссе жазыңдар.

Кері байланыс. «Борт журналы».

×
×

Cart