ӨЗІМ ТУРАЛЫ


Оқу мақсаттары:
  11.1.1.1 әдеби шығарманың сюжеттік-композициялық құрылымын талдау арқылы көтерілген ғаламдық мәселелерді терең түсіну.
  11.2.2.1 автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау.
  11.2.3.1 шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдай отырып, автор стилін анықтау.
  11.3.1.1 шығарманы ғаламдық тақырыптармен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау.

  Тірек сөздер: лирика, ән-өлең, лирикалық қаһарман, лирикадағы ақын бейнесі.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – өлеңді толық оқып шығу;
  – өлеңнің композициялық құрылымын талдау;
  – өлең идеясы мен автор бейнесін байланыстыра саралау;
  – көркемдегіш құралдар мен айшықтауларды тауып талдау;
  – автордың стиліне тән ерекшеліктер туралы ой-пікір білдіру.


Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім, жалын атқан сөз дайында.
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да…

Аманжол Рақымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын.
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде.
Қай жерде үзіледі қайран сапар,
Түйін боп өмірімнің бір шетінде.

Сол жерге қалармын ба мәңгі тоқтап,
Жоғалып жер бетінен сүрлеу-соқпақ.
Немесе бастармын ба екінші өмір,
Жалынды жыр жолында қызыл шоқ қап.

Дүние, жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетемін.
Арпалыс ала құйын заманалар
Арбасып тұрып алды, мен не етемін.


Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,
Көп күттім, көп тіледім құмарлана.
Қайтейін, жетер емес қысқа өмірім,
Алыстан көрінгенмен мұнарлана.

Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.

Жүзінде кәрі жердің әжімі көп,
Ізімді табарсыңдар әзер іздеп.
Оқырсың сонда мүмкін бұл жырымды,
«Досың да, туысың да біздерміз» деп.

Ризамын туғаныма адам болып,
Өкінбен қаламын деп бір күн солып.
Адамзат сапарының мейманымыз,
Бір мезет жер бетіне кетер соғып.

Екі көз – екі жұлдыз маңдайдағы,
Көруші ең құбылысты қай-қайдағы.
Япырм-ай, сен де бір күн сөнермісің,
Қап-қара түнек болып маңайдағы.


Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп,
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.

Барым да, бақытым да осы өлеңім,
Жақыным, жүрегімнің досы – өлеңім.
Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,
Мен қайтып, босқа жасап, босқа өлемін.

Гүрілдеп жалын атқан кеудем – көрік,
Сөз соғам құлашымды еркін керіп.
Суарып шынықтырам күйге малып,
Болсын деп әрі әдемі, әрі берік.

Құя алман үгітілген балшық өлең,
Көңілімде көл жасаман тамшыменен.
Серінің семсеріндей сертке таққан
Өлеңнің өткірін бір алшы менен.

Ежелден ерке бұлан Қасым едім,
Бұлқына тасып едім, басып едім.
Жүзім – жаз, көңілім – көктем кеңпейілді,
Жақсының жүрегіне ғашық едім.

Сөзім – жыр, лебізім – күй, ерке едім,
Өз жерім, өз елімде еркеледім.
Өмірдің алтын сарай аспанына
Қиялым қақты қанат ерте менің.

Кең жайдым құлашымды дүниеге,
Білдім мен қайғыра да, сүйіне де.
Әйтеуір әрі-сәрі болғаным жоқ,
Ұқтым мен, көңілімнің күйі неде…

Аяған жүрегім жоқ жолдасымнан,
Сый көрді небір сараң мол Қасымнан.
Жолдастың жүзін қайта алдым жинап,
Айырылсам ала көңіл он досымнан.


Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын,
Бақытын ойламаймын құр басымның.
Тымырсық түнек болсаң – дұшпаныңмын,
Ақкөңіл, адал болсаң – сырласыңмын.

Боламын ақын Қасым әлі де мен,
Өлеңін бөбегіндей әлдилеген.
Қанатын қағып жылдам келер жылдар,
Бәрін де қарсы аламын ән-күйменен.

Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел, туған жерден кетпес көшіп.
Торқадай жамылып ап топырағын,
Жатармын өз жерімде бір төмпешік.

Дариға, о, дариға, шіркін, дәурен,
Басымнан таярмысың бір күн дәурен.
Жалт беріп жоғалар ма нажағайдай,
Жүзіңде шалқып тұрған күлкім, дәурен.

Тоқтамас өмірімнің сағатындай,
Жүрегім енді қанша соғар тынбай.
Тыншыр ма ақтық рет бір талпынып,
Мерт болған балапанның қанатындай.

Түсірген ой сәулесін шартарапқа,
Ақылдың алтын оты сөнген шақта.
Бұл күнде саңқылдаған сұңқар үнім.
Кетерсің судай сіңіп табиғатқа.

Сондықтан ап кел бері домбырамды,
Кеудеме күй қанатты қондыр әнді.
Берейін өмірімнен өлең жасап,
Шашайын оңды-солды мол мұрамды.

Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Дауылдай өртке тиген өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың!

Жасық – жігерсіз, ынжық.
Сүрлеу-соқпақ – мал, адам жүріп, әбден тапталған жалғыз аяқ жол. Ауыспалы мағынада: бағыт, бағдар, өмірдің, тағдырдың қиын жолы.
Көрік – ұста дүкеніндегі былғарыдан немесе теріден жасалған үрлеуіш.
Семсер – болаттан жасалған екі жүзді өткір қару.

1. Өлеңді түсініп оқып, қысқаша сипаттама жазыңдар.
2. Шығарманың жанрын, тақырыбы мен идеясын, көтерген мәселесін анықтаңдар.
3. Туындыда басты тұлға кім деп ойлайсыңдар?
4. Өлеңнен байқалатын ақынның мақсаты туралы не айтар едің?
5. Ақын болашақты қалай болжайды және келер ұрпақтан не күтеді?
6. Шығармада ақын болашақ ұрпаққа не айтқысы келді деп ойлайсыңдар?
7. Лирикалық кейіпкерге қандай мінездеме беруге болады?


1. Топқа бөлініп, өлең шумақтарындағы негізгі ойларды топтап жазып, мазмұнын ашыңдар.

2. Өлеңдегі көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарын тауып, қызметін талдаңдар. Ақын стиліне баға беріңдер.
3. Абай Құнанбайұлының «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», А.С. Пушкиннің «Ескерткіш», Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» өлеңдерінің өзектестігі мен үндестігін топпен бірге салыстыра отырып, өз ғұмырында өзіне өлеңнен ескерткіш қойған ақындар туралы жоба жазыңдар.

4. Хрестоматиядан ақынның басқа да өлеңдерін жұптаса оқып, өздеріңе ұнаған өлеңге талдау жасаңдар. Талдауда өлең тақырыбы, идеясы, көркемдік ерекшелігі мен құрылымына назар аударыңдар.


1. Жәнібек Кәрменовтің орындауындағы Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әнін тыңдап, ойларыңмен бөлісіңдер.
• «Өзім туралы» деген әнді тыңдағанда қандай әсер алдың?
• Әнде қандай құнды ой айтылған?

2. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап», –

деген үзіндінің бірінші тармағында айтылған ойға креативті ой қосып, «Біз неткен бақытты едік, бүгінгі ұрпақ» тақырыбында шығармашылық жұмыс жазыңдар.


1. Қасым Аманжоловтың ән-өлеңдері туралы дереккөздерді пайдаланып, шағын зерттеу жүргізіңдер. Ән-өлеңдерін орындаушылар туралы деректік мәлімет жинаңдар.
2. Өлеңді тыңдап, көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан баға беріңдер. Уақыт – 15 минут.
3. «Өзім туралы» өлеңінің тарихи және көркемдік құндылығына баға беріңдер.

Кері байланыс. «Көп нұсқалы жауап талап ететін сұрақтар».

×
×

Cart