СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ

  Жазушы, драматург, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай 1947 жылы 9 наурызда Түрікменстанда Шаржоу облысында дүниеге келген. 1961 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Алматыдағы №12 мектепте оқыған. 1971 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1975 жылы Мәскеудегі сценаристер дайындайтын жоғарғы курсты тамамдаған.
  Жазушы өзінің бір сұхбаттарында «Ақ боз үй» романының жазылу тарихы туралы: «Университеттің 1-курсында оқып жүргенімде мен «Қашқын ауыл» деген романды жоспарладым. Бұл «Ақ боз үйдің» алғашқы эскизі болатын. Кейіпкерлері кім, тарихы қалай? Бірақ әлі жазушы болып үлгермеген студентке ондай ауыр тақырыпты көтеру 

мүмкін емес еді. Сондықтан оны доғарып қойдық, пісіп-жетілгенде жазармыз дедік», – дейді. С. Елубай өзінің «Ақ боз үй» романында қазақ халқының басына түскен қасіретті жылдардың реалистік көріністерін береді.
  Жазушының «Ойсылқара», «Саттар соқпағы», «Білте шамның жарығы», «Жарық дүние» хикаялар жинағы және «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» романдары бар. «Қызыл отау», «Өтелмеген парыз», «Ай астындағы үй», «Сұрапыл Сұржекей», «Батыр Баян», «Кек» көркемсуретті фильмдер сценарийінің авторы.
  «Ақ боз үй», «Мінәжат» романдары ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін жылдарын қамтыса, трилогияның үшінші кітабы – «Жалған дүние» романы (2001) «тоқырау заманы» дейтін кезеңге арналған. «Құрмет» орденімен марапатталған.
  «Жалған дүние» романы – Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясының үшінші кітабы. Трилогияға кеңестік кезеңдегі қазақ халқының жазылмаған шындығы, айтылмаған тарихы арқау болған. «Ақ боз үй» романына өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық зардаптары, «Мінәжат» романына қуғын-сүргін оқиғалары өзек болса, «Жалған дүние» 80-жылдардағы рухани тоқырау дәуірінен сыр шертеді. Роман-трилогияның басынан соңына дейін жүретін кейіпкер Хансұлудың өмір жолы арқылы барлық оқиға баяндалады. «Ақ боз үй» мен «Мінәжат» романдарында реалистік суреттер басым болса, «Жалған дүние» романында автор экзистенциалистік бейнелер арқылы өмірдің мәнін түсіндіреді.

  ЭКЗИСТЕНЦИАЛИЗМ (лат. eksіstentіa – өмір сүру) – ХХ ғасырдың бас кезінде пайда болған және болмысты субъект пен объектінің тікелей бөлінбес тұтастығы ретінде түсіндіруге тырысқан қазіргі заманғы философиядағы бағыт. Адам өмірінің мәні, оның тұлғалық болмысы жайлы.
  Әдебиетте экзистенциализм кейіпкердің өзіндік «менін» тануы, өмір мен өлімнің мәні, адамгершілік, еркіндік, сұлулық, әділдік, ақиқат, асқақтық, адамның дүниеге келудегі мақсаты сияқты мәселелерді қарастырады. Кейіпкерлер арасындағы негізгі тартыс өзге біреудің басты кейіпкердің бостандығына қол сұққанынан болады. Автор бейнесі экзистенциалистік суреттеуде үнемі кейіпкерімен біртұтас болып көрінеді. Негізгі мәселе өз жан дүниесіндегі қорқынышты жеңуімен байланысты қарастырылады.

  Сөз арқауы – «Ақ боз үй».
  Менің ғана емес, жалпы сөз танып, ой сараптап, үлкен әдебиеттің қыр-сырына бойлап, жүрекжарды бағасын әділ, адал айтар кез келген оқырман үшін бұл туындының жолы, жөні бөлек деп ойлаймын. Өйткені, аталмыш роман – ұлттық прозамыздағы шоқтығы биік, шыңдары түу алыстан көз тартатын ақбас таулардай менмұндалап тұратын ерекше дүние. Суреткер көкірегін тербеткен ақ боз үй түтінінің ақбоз ғалам төрінде әркез түзу ұшатынына сенеміз.
  Өйткені …
  Смағұлдың ақ боз үйі – Алаштың ақ боз ғаламы…

Нұрлан Оразалин

×
×

Cart