Ғажайып бақ

Мәтінді толық түсінемін, оқиғаны болжап, жалғастырып әңгімелеймін.

1. Нақыл сөздерді оқы. Жерге жақсылық дегенді қалай түсінесің?

1. Жеріңе жақсылық қылғаның –
    Тасты дей бер қырманың.
2. Жер екеш жер де ауырады.
3. Жер – байлықтың көзі,
    Еңбекқор иесінің өзі.

2. Түсініп оқы.

Ғажайып бақ

(Ертегі)

  Баяғы заманда Асан мен Қасен деген екі дос болыпты. Екеуі де кедей адамдар екен. Асан ұлтарақтай жеріне егін егіп, Қасен өзінің азғана малын бағып, күндерін көріпті.
  Бір жылы көктемде Асан егін салуға қамданып жатқанда, Қасен жұтқа ұшырайды. Қыс аяғы қатты болып, азғантай малы қырылып қалады.
  Көзінің жасы көл болып, Қасен досына жылап келеді:
  – Асан, сенімен қоштасайын деп келіп едім. Азғана малым қырылып қалды. Енді аштан өлместің қамын ойлап, қайыр сұрап, тентіреп кетемін де, – дейді. Бұл сөзді естігенде, Асанның да көңілі босап, көзіне жас келіп, Қасен досын құшақтап тұрып:
  – Екеуіміз жан деген жолдас едік қой, мал-жанымыз бір емес пе еді? Менің егіндік жерімнің жартысы сенікі болсын. Көңіліңді жұбат. Қолыңа кетпен алып, тырбаңдап тіршілік жаса, – дейді.
Сол күннен бастап Қасен де егін салып, тіршілік етеді.
  Күн артынан күн, ай артынан ай өтеді. Арада біраз жылдар да өтеді. Бір күні Қасен өзінің жерін қазып жүріп, кетпеннің шыңылдап темірге тигенін байқап таңғалады. «Бұл не ғажап екен?» деп, сол жерді тереңдетіп қазып жіберсе, ішіне толтырып алтын салған бір қара қазан көрінеді. Қасеннің қуанышы қойнына сыймай, қазанның құлағынан сүйрей, досының үйіне қарай жүгіреді.
  – Сүйінші, Асан! – деп айғайлайды ол жүгіріп келе жатып, – сүйінші, бақытты болдың, үлкен олжалы болдың, мен сенің жеріңнен ішіне алтын толтырылған қазан тауып алдым, енді кедейліктен құтылдың!
  Асан оны қуана қарсы алып:
  – Сенің адалдығыңды білемін ғой, Қасен! Бірақ ол алтын менікі емес, сенікі. Сен оны өз жеріңнен қазып алдың ғой, – деп жауап береді.
  Оған Қасен болмай:
  – Мен де сенің пейілің кең, мейірімді екеніңді білемін ғой, Асан, бірақ сен маған жеріңді бергеніңмен, жеріңнің астындағы қазынасын берген жоқсың ғой, – дейді. Бірақ Асан да көне қоймайды.
  – Ардақты досым, жердің асты-үстіндегі қазынаның барлығы сол жерге маңдай терін төгіп, еңбек еткен адамдікі, – дейді.
  Алтынды алғысы келмей, бұл екеуі ұзақ таласады. Ақыры Асан мынадай бір байлам айтады: «Таласты қояйықшы, Қасен, біздің балаларымыз бар ғой. Алтынды соларға берейік. Тым болмаса біздің балаларымыз кіріптарлық көрмесін» дейді…
  Бірақ алтынды балалары да алмайды…

«Қазақ ертегілері» кітабынан

3. Сен қалай ойлайсың? Шынында да, алтынды кім алуы керек?

4. Суретке қарап, оқиғаның әрі қарай қалай жалғасатынын болжа.

  Таласып-таласып, ақыры бір дана қарияға барып жүгінбек болады.
  Талай күн, талай түн жүріп отырып, бұлар әлгі қарияның үйіне келеді.
  – Жүгінуге келген екенсіңдер, алыстан арнап келген түрлерің бар, шаруаларыңды айтыңдар, – дейді қария келгендерге.
  Жолаушылар қарияға өздерінің дау-шарларын айтады.
  Бұлардың сөзін тыңдап алып, қария ұзақ уақыт үнсіз отырады да, өзінің үлкен шәкіртіне бұрылып:
  – Менің орнымда болсаң, мына кісілердің дауын қалай шешер едің? – деп сұрайды.
  – Жер дүниедегі қазынаның иесі хан ғой, хан иеме апарып беріңдер дер едім, – деп, жауап қайтарады үлкен шәкірті.
  Қария оның жауабын ұнатпай, екінші шәкіртінен сұрайды:
  – Ал менің орнымда сен қалай шешер едің? – дейді.
  Екінші шәкірті:
  – Дауласқандар безген мүлік бидікі ғой, мен өзім алар едім, – дейді.
  Қария бұрынғыдан да бетер ренжіп, жүзін суытса да, сыр білдірмей, үшінші шәкіртінен сұрайды:
  – Ал енді сен айтшы, қалай шешер едің?
  Үшінші шәкірті:
  – Бұл алтынның иесі жоқ, оны ешқайсысы меншіктенгісі келмейді. Солай болған соң-ақ, қайтадан жерге көмдіріп тастар едім, – дейді.

«Қазақ ертегілері» кітабынан

5. Ал сен бұл алтынды қайда жұмсар едің?

6. Қарияның тағы бір шәкірті бар емес пе? Соның жауабын тыңдайық.

  Қарияның жүзі әбден түнеріп кетеді. Ол енді ең кішкене шәкіртінен сұрайды:
  – Ал сен не дейсің, қарағым?
  – Артық сөзім болса, айып етпеңіз, ұстазым, – дейді кіші шәкірт. – Мен болсам, осы алтынды жұмсап, құлазып жатқан далада гүл жайнаған саялы бақ өсірер едім. Арып-ашқан кем-кетіктер сол бақтың саясында тыныс алып, жемісін қорек етіп, рақатын көрер еді.
  Осы сөзді естігенде қария көзіне жас алып, орнынан тұрып, кіші шәкіртін құшақтайды.
  – «Жасы кіші болса да, ақылы артықты аға тұт» деген сөз рас екен ғой, – дейді ол. – Сенің билігің әділ, балам. Осы алтынды алып, хан ордасына бар, содан ең жақсы тұқымдарды сатып алып, қайтып кел де, өзің айтқан бағыңды өсір! Саған да, мына алтынға қызықпаған кеңпейіл адал жандарға да кем-кетік, жарлы-жақыбай атаулы өмір бақи риза болып, алғыс айтар.

«Қазақ ертегілері» кітабынан

7. Өз жауабыңмен салыстыр.

8. «Мен Жермін» деп Жердің образына еніп, ойыңды көркем жеткізуге тырыс.

×
×

Cart