Торғай мен жылан

Мәтіндегі маңызды тұстарды таңдаймын.

1. Суреттегілер туралы не білесің? Олар туралы мәліметтер жинастыр.

2. Түсініп оқы.

Торғай мен жылан

  …Әне, алыста безек қағып бір бозторғай тұр шырылдап. Бейне әуеге шегелеулі тұрғандай, бір орнынан тапжылмайды қанаттары дірілдеп. Сол торғайдың шырылдағаны ащы тиді құлаққа. Өзгелерден үні өзгеше, не болды екен бейбаққа? Сол торғайдың маңайында жаны ашыған арашашы жандарша, төрт-бес торғай айнала ұшып, таяу-таяу бара түсіп, тиіп-қашып өтіп жатыр, о жаққа бір, бұ жаққа бір.
  Бір мезгілде әлгі торғай жансыз тастай, ағып түсті топ етіп. Ақбілек те оқ бойы жер кеп еді. Ол торғайдың түскен жері қалың шөп. Көз айырмай, қарап келеді Ақбілек. Әлгі торғай қалың шөпке түсті де, қалбаңдап, далбаңдап, шөпке таман аяңдады; шыр-шыр етіп, безек қағып, олай-бұлай шоршиды. «Бұл байғұсқа не болды?» деп, жетіп келді Ақбілек. Қалың шөпте жатыр екен білектей бір сұр жылан. Сұр жыланның найза басы қақшиған. Алмас көзі бозторғайға шұқшиған. Айыр тілін жалаң-жалаң еткізіп, ысқырғанда өңменінен өткізіп, арбап, буып, уытын жиып, торғай сорлыны қылқ еткізгелі тұр екен. Сұр жыланның оқ көзінен көз айырар бозторғайда дәрмен жоқ.
  Қалбаңдап, далбалаңдап, ыршып түсіп, тұмсығына тиер-тимес елбелектеп жүр екен. Бір «ап» десе, біткені ғой жұмысы. Торғай қашан аузына келіп түскенше, оқты көзін қадап қойып, айыр тілін жалақтатып жатады екен сұм жылан.
  Бозторғайды аяп кетті Ақбілек. Сұр жыланды сойылшамен салды келіп қақ бастан.   Жауыз басы астына келіп, солаң ете дүрс етті. Торғай сорлы есеңгіреп қалған екен: жылжып тұрып, жер бауырлап, қырындап-қырындап барып, шыр етіп, шыбын-шіркей болып, аспанға бір-ақ ұшты…
  «Жылан торғайды арбап жейді» дегенді Ақбілек бала кезінде естіген. Мынаны көрген соң, «құлақ естігенді көз көреді» деген осы-ау деп ойлады. «Бұл жауыздың көзінде не сиқыр бар?» деп ішінен таңғалды… Торғайды аман алып қалғанына қуанды…

Жүсіпбек Аймауытов

3. Жазушы туралы әңгімеле.

Жүсіпбек Аймауытов
1889–1931

  • Ұлтшыл деген жалған жаланың құрбаны болған.
  • Жазушы, драматург.
  • «Жүсіпбек – қазақтың ұлттық прозасының бастауында тұрған, оның туып, қалыптасуына зор еңбек сіңірген жазушы».

Серік Қирабаев

4. Мәтінге сүйеніп, сипаттап айт.

5. «Жылан торғайды арбап жейді». Пікірталас. Табиғаттағы осыған ұқсас көрген, білген, оқыған оқиғаларың болса, әңгімеле.

6. Құстарды қорғау, қамқорлық көрсету бағытында не істеп жүрсің? Әңгімеле.

7. «Кіп-кішкентай торғайым» деп бастап, 4 жол өлең құрастырып көр.

×
×

Cart