§41–42. XVIII–ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы зерттеулер

Оқу мақсаты:
- XVIII–ХХ ғасырдың басында Қазақстандағы ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттарын түсіндіру;
- XVIII–ХХ ғасырдың басындағы зерттеушілердің еңбектерін зерделеу негізінде Қазақстандағы ғылымды дамытуға қосқан үлесін бағалау.

Тірек сөздер:

  1. Ресей ғалымдарының Қазақстанды ғылыми зерттеуі. Қазақстан Ресей империясының құрамына қосылғаннан бастап өлкеде ғылыми зерттеу үдерісі басталды. Зерттеу жұмыстарымен ғылыми мекемелерден басқа, жеке адамдар да айналысты. Ресейлік көптеген зерттеушілер қазақ фольклоры, генеалогиялық (шежірелік) және этнографиялық материалдар негізінде іргелі еңбектер жазды.

  Ресей ғалымдары өз зерттеулерінде өлкені отарлау мүддесін басшылыққа алды. Қырғыз-қайсақ экспедициясын құрған И.К. Кириллов «Қырғыз-қайсақ және қарақалпақ ордалары туралы» атты еңбек жазды. Онда автор қазақ пен қарақалпақ жерін егжей-тегжейлі сипаттады: табиғат жағдайын, пайдалы қазба байлықтарын және сауда жолдарын көрсетіп берді. Ол Ресейдің Орта Азия халықтары және қазақтармен сауда-экономикалық байланыстар орнатудың мүмкіндіктері мен оның пайдалы екенін дәлелдеді.

Ойлан
Қырғыз-қайсақ экспедициясы өлкені отарлауға алғышарт болды ма?

  Қазақстанды ХVІІІ ғасырда кешенді зерттеудің алғашқы әрекеттері М.В. Ломоносовтың есімімен байланысты. Ол өлке аумағын зерттейтін ғылыми экспедициялар ұйымдастырудың және географиялық карта жасаудың бастамашысы болды.

  1768–1774 жылдары Қазақстанға жіберілген алғашқы экспедициялардың бірін академик, табиғат зерттеушісі П.С. Паллас басқарды. Экспедиция бағыты Солтүстік-Батыс, Солтүстік және Солтүстік-Шығыс Қазақстан жерлері арқылы өтті. Бұл экспедиция жұмысының нәтижесі ретінде П.С. Палластың «Ресей империясының әртүрлі провинциялары бойынша жасалған саяхат» атты үш бөлімнен тұратын еңбегі жарық көрді (СПб., 1773). Еңбекте қазақ халқының тарихы мен этнографиясы жөнінде құнды материалдар бар. П.С. Паллас қазақтардың тұрмысы мен шаруашылығы туралы: «Олар негізінен ауқатты тұрады. Малдары да көп, сондықтан тұрмыстары да жақсы… Қазақтардың байлығы, негізінен, олардың малы», – деп жазады.

Көш. П.С. Палластың еңбегiнен

  Зерттеуші И.Г. Георги Қазақстан аумағына дербес экспедиция ұйымдастырды. 1796 жылы ол «Ресей мемлекетін мекендейтін барлық халықтардың тұрмыс салттары, тұрғын жайлары, киімдері және басқа да есте қаларлық дүниелерінің суреттемесі» атты еңбегін жариялады. Кітапта қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, әдет-ғұрыптары мен салт-жоралары, сондай-ақ шаруашылық өмірінің ерекшеліктері туралы құнды деректер келтірілген. Қазақтарды «ақыл-ой жағынан қызыққыш және білуге құмар» деп сипаттайды.

  Кіші жүз аумағының табиғи байлықтарын зерттеуде Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі П.И. Рычков құнды еңбектер жариялады. Өзінің іргелі еңбектерінің арқасында «Орынбор өлкесінің Колумбы» деген даңққа бөленді. Ол кезде Орынбор өлкесіне Кіші жүз жерлері де қарайтын. П.И. Рычков «Орынбор тарихы» және «Орынбор губерниясының топографиясы немесе сипаттамасы» атты құнды еңбектерін жазды. Ол еңбектерде қазақтардың Еділ-Жайық өңіріне Хақназар ханның билігі тұсында келгені жөнінде, Кіші жүз қазақтарының Ресейдің құрамына өтуінің барысы туралы баяндайтын деректер бар. Автор Орынбор қаласының, Жайық пен Орынбор шегаралық шептерінің салынуын, Ресейдің Орта Азия және қазақ даласымен сауда-саттық байланыстарының қалай орнағанын бастан-аяқ баяндайды. Ол Орынбордан Бұхараға бара жатқан көпестерге жергілікті халықтардың тарихы жөнінде, тіпті араб тілінде жазылған болса да, әдебиеттер ала келуге тапсырыс беретін.

Ойлан
Ресей ғалымдары қазақ жерін зерттеуге неге ерекше көңіл аударды?

  ХVІІІ ғасырдың аяқ кезінде орыс офицері И.Г. Андреевтің «Орта жүз қырғыз-қайсақтарының сипаттамасы» еңбегі жарық көрді. Автор Сібір шегаралық шебінде ұзақ уақыт қызмет етіп, қазақ халқының өмірі мен тұрмысын зерттеген еді. Өзінің кітабында Орта жүздің тарихы мен шегарасы туралы мәлімет қалдырды. Онда далалықтардың әдет-ғұрыптары мен салт-жоралары кеңінен суреттеледі. Сондай-ақ қазақтардың Ертістің оң жағалауына қашан өткені туралы айтылады.

  Ресейлік көптеген зерттеушілер Г.Ф. Миллер, В.И. Татищев және басқалар қазақ халқы туралы іргелі еңбектер жазды. Мәселен, Г.Ф. Миллердің «Сібір тарихында» құнды деректер кездеседі.

  2. ХІХ–ХХ ғасырлардың бас кезіндегі ғалымдардың қазақ өлкесін зерттеуге қосқан үлесі. ХІХ–ХХ ғасырлардың бас кезінде Қазақстанды ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмысы қарқын алды. Қазақстанды зерттеумен алдыңғы қатарлы орыс зиялы қауымының өкілдері, шығыстанушылар (ориенталистер), саяси жер аударылып келгендер, сондай-ақ қазақ қоғамының білімді тұлғалары айналысты. Бұл салада шетелдіктер – ағылшындар, немістер, француздар да елеулі із қалдырды.

  Қазақстанның тарихы мен географиясы,этнографиясы және мәдениетін зерттеуде Ресей ғалымдары мен әскери офицерлердің еңбегі зор болды. Ресей зиялы қауымының Қазақстан аумағына саяси себептермен жер аударылып келген өкілдері көптеген ғылыми еңбектер жазып қалдырды. Олар әртүрлі кәсіп пен мамандық иелері: ақындар мен жазушылар, тарихшылар мен географтар, әскери қызметкерлер мен дәрігерлер болатын. Сонымен қатар олар қазақ өлкесін отарлау саясатын ғылыми тұрғыдан негіздеуге де қызмет етті.

Пікірің қажет
Зерттеушілер көпшілігінің қалаларда орналасуы себебі неде болуы мүмкін?

  Қазақстанды зерттеушілердің басым көпшілігі Орынбор, Омбы, Ташкент қалаларында шоғырланды.
  1830 жылы «Отечественные записки» журналында орыс офицері Б.С. Броневскийдің «Орта жүз қырғыз-қайсақтары туралы жазбалар» атты жұмысы жарияланды. Онда Солтүстік-Шығыс Қазақстан қазақтарының тарихынан, өмірі мен тұрмыс-тіршілігінен құнды деректер келтірілген.

  Белгілі тарихшы А.И. Левшин «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» атты үш бөлімнен тұратын зерттеу еңбегін жазды. Автор зерттеулерінде қазақ өлкесінің тарихы мен этнографиясы, географиясы туралы аса маңызды мәліметтер келтіреді.

  Торғай облысының мал дәрігері А.И. Добросмыслов қыруар мол дереккөздері негізінде «Торғай облысы. Тарихи очерк» атты үш томдық іргелі еңбек жазып қалдырды. Онда Кіші жүздегі қазақ хандықтарының тарихы мен саяси оқиғалары толық сипатталған. Автор ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы әкімшілік реформалар барысын және қалай жүргізілгенін толық баяндаған.

А. И. Левшин

Анықта
Қосымша деректерді пайдаланып, А. И. Левшин еңбегінің маңызын анықта.

  Ресей шығыстанушысы, этнограф В. Радлов қазақ өлкесі тұрғындарының мәдениеті, тілі, тарихына байланысты түбегейлі зерттеулер жүргізді. Оның «Сібір қазақтарының этнографиясы туралы» іргелі еңбегі түркология ғылымының дамуына зор ықпал етті.

  Қазақ өлкесі туралы құнды деректер қалдырған көрнекті зерттеушілердің бірі, географ П.П. Семенов-Тян-Шанский. Ол Алтай, Жетісу, Орта Азия жерлеріне экспедиция ұйымдастырып, «Қырғыз өлкесі» және «Түркістан өлкесі» деген іргелі еңбектер жазды.

В. Радлов

  Қазақстан тақырыбы әйгілі орыс зерттеушісі Г.Н. Потанин еңбектерінде де маңызды орын алды. Оның зерттеулерінде қазақтардың мәдениеті мен тұрмысы, қазақ-орыс қатынастары, Ертіс өңіріндегі қазақ тұрғындары жан-жақты суреттеледі. 1862 жылы ол алғаш рет Жайық даласына ғылыми экспедицияға аттанады. Келесі жылы Зайсандағы экспедицияға қатысып, Көкпектіде, Марқакөлде өлкенің тұрмысын, шаруашылығын және географиясын зерттеп қана қойған жоқ, сонымен қатар кептірілген өсімдіктер топтамасын жинады. Кейін ол біраз жылдар бойы Омбы генерал-губернаторлығында татар және қазақ тілінен тілмаш болып қызмет жасады. Одан кейін Томскіде статистикалық комитетте хатшы міндетін атқарды. Ол бұл жерде Орыс географиялық қоғамының Шығыс бөлімін басқарды. Егде жасқа келгенде «Сібір өлкесін және тұрмысын оңалту» қоғамын құрды.

  ХІХ ғасырдың 70–90-жылдары Потанин Сібір өлкесі, Қазақстан, Орталық Азиядағы толық зерттелмеген аймақтарына саяхат жасап, олардың тарихы, этнографиясы, географиясы, ботаникасы мен экономикасына байланысты құнды деректер жинады. Ол Алаш қайраткерлерінің қолдау көрсетуімен Семей облысы Қарқаралы уезі ауылдарын аралады.

  Г.Н. Потанин алғашқылардың бірі болып қоныс аударушы орыстар мен жергілікті қазақтар арасындағы өзара түсіністік жайлы айтқан. «Сібір әскерлері туралы жазбаларында» орыс казактардың арасында қазақ тілі ауызекі сөйлеу құралы ретінде кең таралғанын жеткізеді. Сонымен бірге орыс казактары қазақ дәстүрінің көбісін үйренгенін баяндайды. Олардың әсіресе Коряков және Жәмішев станицалары өңірінде өзара тығыз қарым-қатынас жасайтындығына тоқталған.

Есіңе түсір
Орыс географиялық қоғамына мүше болған қандай қазақ ағартушыларын білесің?

  Оның «Қазақ-қырғыз және Алтай аңыздары мен ертегілері», «Қазақ ханзадасының киіз үйінде», «Шоқан Уәлиханов туралы биографиялық мәліметтер» атты еңбектерінде Қазақстан мен қазақ халқы туралы көптеген мәліметтер жазылған. Ол жан-тәнімен қазақ даласын және оның халқын жақсы көрді. Олардың өткені мен бүгінін белсенді түрде зерделеумен айналысты. Жергілікті халықпен тығыз араласа отырып, орыс қоғамын қазақ халқымен жан-жақты таныстырды. Далалықтарға менсінбей қарайтын оқымыстыларға көңілі толмайтын. Ол көшпелі халықтың әлемдік мәдениетке қосқан үлесін жоғары бағалады.

  Қазақ тарихы мен этнографиясын зерттеуші ғалымдардың бірі Әбубәкір Диваев болды. Ол Орынбор қаласында дүниеге келген, ұлты башқұрт. Орынбор кадет корпусында оқып жүріп, қазақ халқының тарихы мен этнографиясына қызығушылық танытады. ХІХ ғасырдың 80-жылдарының аяқ кезінде отставкаға шыққан ол өз өмірін далалықтардың тарихы мен мәдениетін зерттеу ісіне арнады. Әуесқой археологтардың Түркістан үйірмесінің, сондай-ақ Орыс географиялық қоғамының мүшесі болды. 1917 жылға дейін Ә. Диваев 100-ден астам тарихи-этнографиялық еңбектер жариялады. Ғалым Қазақстан тарихын жазу кезінде фольклорлық материалды пайдаланудың маңызды екенін атап көрсетті. Ә. Диваев орыс ғалымдарымен қосылып, қазақтың 4000-ға жуық мақал-мәтелін жинады.

Ә. Диваев

  3. Саяси жер аударылғандардың Қазақстанды зерттеуі. ХІХ ғасырдың орта кезіне қарай Қазақстан саяси жер аударылғандар тұратын мекенге айнала бастады. Декабристер, петрашевшілдер үйірмесінің мүшелері, Польшадағы ұлт-азаттық көтерілістерге қатысқандар жер аударылып келді.

Ойталқы
Қазақстан аумағын зерттеген тағы қандай жер аударылған ғалымдарды білесіңдер?

  Орыс ақыны А.Н. Плещеев 1850–1859 жылдары он жылға жуық Қазақстанда саяси айдауда болды. Ол Ақмешітте жүрген кезінде қазақтармен бірге болып, Қоқан хандығына қарсы жорыққа қатысты. А.Н. Плещеев қазақтарға зор құрметпен қарады, олар туралы былай деп сүйсіне жазды: «Қазақтарға қызыға қараудан көз тоймайды. Жарқын жүзді, жомарт жүректі жандар. Оларды сыйламау мүмкін емес…»

  Қазақстанға жер аударылып келген Польшаның революционер-демократы Адольф Янушкевич ХІХ ғасырдың 40-жылдарында Орталық Қазақстанға жасалған ғылыми экспедицияға белсене қатысты. Сол сапары кезінде күнделік жазды. Кейін ол күнделік поляк тілінде жарық көрді. А. Янушкевич өзінің күнделігінде қазақ даласы тұрғындарының тарихын, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін суреттейді. Ол өзінің бір хатында қазақ халқы туралы: «Құдіреті күшті құдай осыншама қабілетті етіп жаратқан бұл халықтың адамзат өркениетінен тыс қалып қоюы мүмкін емес… жергілікті көшпелі номадтардың күткен күні ертең-ақ туады, сөйтіп, олар өздеріне қазір жоғарыдан менсінбей қарайтын өзге халықтардың арасынан лайықты да құрметті орнын ойып тұрып алатын болады», – деп жылы лебіз білдіреді.

  4. Қазақстан аумағындағы ғылыми мекемелер мен кешенді зерттеулер. Қазақстанды ғылыми тұрғыдан зерттеуде Орыс географиялық қоғамы елеулі рөл атқарды. Қоғамның Қазақстанда, онымен шегаралас аумақтарда – Орынборда, Омбыда, Семейде және Ташкентте бөлімдері мен бөлімшелері ашылды.

  ХІХ ғасырдың 70-жылдары Қазақстан аумағында облыстар құрылғаннан кейін олардың барлығында да статистикалық комитеттер пайда болды. Олар Қазақстан халқының тарихы, мәдениеті және шаруашылығы жөнінде құнды деректер мен мәліметтер жинастырды. Материалдар облыстарда жыл сайын шығып тұратын «Шолуларда» және «Естелік кітапшаларда» жарияланып тұрды.

  Батыс Қазақстанның тарихын зерттеуде Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясы көп жұмыс атқарды. Ол 1887 жылы құрылған болатын. Комиссия мәжілістерінде мұрағаттық дереккөздері негізінде әзірленген ғылыми баяндамалар талқыланды. Материалдар «Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясының еңбектері» деген атпен жарияланып тұрды.

  ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанның далалық уездерін Ф. Щербина бастаған экспедиция зерттеді. Экспедицияға қатысушылар «Қырғыздардың жер пайдалануы туралы материалдар» деген атпен көптомдық еңбек әзірледі. Бұл топтың жұмысына Қазақстанның әртүрлі уездеріндегі білімді қазақтар да белсене қатысты. Сонымен қатар қазақ халқы туралы құнды деректер Ресей империясының 1897 жылы өткізілген алғашқы Бүкілресейлік халық санағы кезінде жиналды. Онда Қазақстанның шаруашылық қызметі, мәдениеті, тарихы, сондай-ақ халқының саны жөнінде аса маңызды мәліметтер жинақталды.

  5. Ағылшын, неміс және француз зерттеушілері. ХІХ–ХХ ғасырлардың бас кезінде Қазақстан жөнінде неміс, ағылшын және француз ғалымдары құнды еңбектер жазды. Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағын ағылшын саяхатшысы әрі суретшісі Т. Аткинсон кеңінен зерттеді. Ол 1848–1855 жылдары Жетісу қазақтарының көші-қон жерлерін аралап, жергілікті халықтың өмірі жайлы бағалы деректер жинады. Көшпелі қазақтардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін суреттер салды. 

  Неміс географы, этнограф әрі тарихшы Ф. фон Хелльвальд «Орталық Азия. Жер бедері мен халқы» атты іргелі еңбек жазды. Ол еңбегінде қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, көршілес халықтармен өзара қарым-қатынасын жан-жақты сипаттады. Француз ғалымы Ш.Е. Ужвальди де Мезе-Ковез Оңтүстік Қазақстан қалаларын зерттеп, едәуір материалдар жинап, жариялады.

Ойталқы
Қазақстанды зерттеудегі Батыс Еуропа ғалымдарының мүддесі қандай деп ойлайсың?

Шормановтар отбасысы

  6. Қазақ зерттеушілері. ХІХ ғасырдың екінші жартысында білімді қазақтардың тұтас бір тобы туған өлкенің тарихы мен этнографиясын зерттеуге белсене араласты. Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс Уәлиханов ұлының игілікті ісін жалғастырды. Ол Сібір әкімшілігіне қажетті тарихи-этнографиялық материалдар жинастырды.

  Белгілі қазақ этнографы Мұса Шорманов маңызды этнографиялық зерттеулер қалдырды. М. Шорманов Омбы кадет корпусында оқып, аяқтағаннан кейін Баянауыл сыртқы округінің болысы, аға сұлтаны лауазымды қызметтерін атқарды. Орыс армиясының полковнигі шенін алады. Ол «Батыс Сібір қырғыздарының мал өсіру кәсібі туралы», «Қырғыздардың (қазақтардың) ұлттық дәстүрлері», «Павлодар уезінің қырғыздары (қазақтары) туралы жазбалар» деген мақалалар жариялады.

  Мұхаммед-Салық Бабажанов қазақтың алғашқы этнографтарының бірі болды. Бөкей хандығының аумағында дүниеге келген. Ол Орынбор кадет корпусында білім алды. Оны бітіргеннен кейін Ішкі Ордада бірқатар лауазымды әкімшілік қызметтер атқарды. 1862 жылы М.-С. Бабажанов Орыс географиялық қоғамының мүшесі болып сайланды және оның Үлкен күміс медалімен марапатталды. Оның «Нарын құмы туралы географиялық және этнографиялық деректер», «Ішкі Қырғыз ордасындағы саятшылық» т.б. құнды мақалалары жарық көрді.

М.С. Бабажанов

  Халық ағартушысы Ы. Алтынсарин өз замандастары арасында ғалым-этнограф ретінде кеңінен танылды. Ол Орыс географиялық қоғамы Орынбордағы бөлімінің толық мүшесі болды. Географиялық қоғамның тапсырмалары бойынша баяндамалар жасап тұрды, қазақ халқының этнографиясы жайлы мақалалар жариялады. Ы. Алтынсарин өзінің жұмыстан қолы босаған кездерін ауыл арасында өткізді, туған халқының тарихы, фольклоры, шежіресі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі туралы материалдар жинастырды. Бірқатар ғылыми мақалалары журналдар мен газеттерде жарияланды.

  Қазақ тарихында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ғылыми ізденістерінің алар орны ерекше. Ол философия, медицина, астрономия, геология, география, этнография, фольклористика, лингвистика, педагогика ғылым салаларына арналған бірқатар еңбектер жазып қалдырды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дін саласында бірқатар зерттеулер жүргізді. Оның бай дала мәдениеті туралы терең ойлары мен көзқарасы аса құнды. Ақын жастайынан ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен айналысты. Ол «Ер Олжабай батыр» жырын Сақау ақынның айтуымен жазып алған. Жас кезінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Абылай хан, Қазыбек би, Бөгенбай батыр сияқты атақты тұлғалар туралы тарихи деректерді жинастырып қағазға түсірді.

  

М. Ж. Көпейұлы

Ойлан
Қазақстанды зерттеуші қазақ және орыс ғалымдарының мақсаттары бір болды ма?

  Мәшһүр Жүсіп Омбы, Павлодар, Семей, Петропавл, Атбасар, Ақмола сияқты қалалардың маңындағы қазақ ауылдарын көп аралады, Оңтүстік және Батыс Қазақстан жерлеріне барып қайтты. Ел аралап жүрген сапарларында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Мейрам қажы Жанайдарұлы, Кенесары хан ұрпақтарымен, Ақан сері және Саққұлақ би сияқты танымал тұлғалармен кездесіп, айтқандарын қағазға түсіріп алды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы тамаша өлкетанушы да еді. Атап айтқанда, ол қазақтың ұлы жырауларының бірі Бұхар Қалқаманұлының жерленген жерін анықтап, көрсетіп кетті.

  Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға ынталықпен кірісуінің арқасында көптеген тарихи аңыздар, этнографиялық материалдар, хандар мен сұлтандардың, батырлар мен би, қожалардың шығу тегі туралы құнды деректер бүгінгі күнге дейін сақталған.

  М.Ж. Көпейұлының еңбектері тарихи тұлғаларымызды ғана емес, жалпы қазақ тарихына қатысты мәселелерді де жан-жақты қарастыруымызға мол мүмкіндік береді.

  Қазақтардың тарихы мен этнографиясын зерттеумен көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ә. Ермеков, С. Асфендиаров, М. Жұмабаев, Қ. Кемеңгеров, А. Сейітов және басқалар шұғылданды. Өз елінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге қатысу олардың халықтың аянышты ауыр халін неғұрлым тереңірек түсінуіне жәрдемдесті. Болашақта олар өз халқының жағдайын жақсарту үшін белсенді күрес жүргізе бастады.

  Сапалы білім мен ұзақ жылдардағы ғылыми-тәжірибелік жұмыс тәжірибесі Ә. Бөкейханның көрнекті ғалым-энциклопедист болып қалыптасуына, Қазақстан мен оған шегаралас елдердің тарихы мен мәдениетін және экономикасын терең меңгеруіне ықпал етті. Ол тұңғыш абайтанушы да болды. Еліміздегі мал және егіншаруашылығын ғылыми тұрғыдан зерттеген алғашқы бірегей ғалым. Ә. Бөкейхан қазақ халқының ауылшаруашылығын дамытуға зор көңіл бөлді. Ол қазақтардың ірі қара малы мен қой тұқымы жайында бірқатар еңбектер жазды. Ә. Бөкейханның ғылыми еңбектері бүгінде құндылығы мен маңызын сақтап, өзектілігі арта түсті. Ол императорлық Орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің мүшесі болды. 1902 жылы Орыс географиялық қоғамы Семейдегі бөлімшесінің ашылуына өз үлесін қосты. «Известия», «Записки» және «Отчеты» басылымдарына мақалалар жариялады. Ф.А. Брокгауз бен И.А. Ефронның «Жаңа энциклопедиялық сөздігі» жұмысына қатысты. Оның алғашқы ірі монографиялық ғылыми еңбегі қазақ халқының көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихына арналды.

  1903 жылы Петербургтен «Ресей. Өлкеміздің толық географиялық сипаттамасы» деген көптомдық басылымының он жетінші томы басылып шықты. Еңбекте Ә. Бөкейхан қаламынан көптеген тарихи-этнографиялық туындылар, атап айтқанда, «Қырғыздар» (қазақтар – авт.), «Сұлтан Кенесары Қасымұлының тарихына қатысты материалдар», «Қарқаралы уезі қырғыздарының (қазақтарының) рулық құрылымы», «Абай (Ибраһим) Құнанбаев», «Қырғыздардың (қазақтардың) ас беруі жайында» тағы басқа зерттеулері жарық көрді.

Ойталқы
Ә. Бөкейханның қазақ жерін зерттеудегі мақсаты қандай болды?

  7. Қазақтардың медицина саласындағы зерттеулері. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезінде медицина саласында да қазақ ғалымдары шыға бастады. Жұқпалы аурулардың таралып, өз отандастарының өлім-жітімге ұшырауы қазақ дәрігерлерін бейжай қалдырған жоқ. Олар өз халқының денсаулығын сақтауға барынша аянбай еңбек етті. Қазақтың алғашқы дәрігер-ғалымдары қатарында Мұхамеджан Қарабаев, Халел Досмұхамедов, Бақтығали Бисенов, ағайынды Асылбек және Мұсылманбек Сейітовтер т.б. болды.

  Х. Досмұхамедов Санкт-Петербургтегі әскери-медицина академиясын бітіріп, денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Ол Орал облысының Темір уезінде дәрігер болды. Жалпыұлттық «Қазақ» газетінің беттерінде оның «Ауру-сырқаулар жөнінде», «Жұқпалы аурулар түрлері» сияқты т.б. бірқатар мақалалары жарияланды.

  А. Сейітов Томск университетінің медицина факультетін бітіріп, әуелі Омбы қаласында, одан соң Баянауыл мен Семейде жұмыс істеді. Семей облысында жұқпалы ауруларға қарсы жүргізілген шараларды басқарды. Оның медицина саласында жазылған мақалалары әлі күнге дейін ғылыми-тәжірибелік маңызын жоғалтқан жоқ. ХХ ғасырдың 30-жылдары жаппай ашаршылық етек жайған кезде жұбайы Нафия екеуі жерлестерін ажал аузынан аман алып қалды.

1. «Қазақстан аумағына жіберілген әскери және ғылыми экспедициялар патшалық Ресейдің отарлау саясатының бір бағыты» деген тұжырыммен келісесіңдер ме? Пікірлеріңді дәлелдеңдер.
2. XVIII–ХХ ғасырлардағы зерттеушілердің еңбектері Қазақстандағы ғылымның дамуына қаншалықты әсер етті?

Шығыстанушылар – шығыс елдерін зерттеуші ориенталист ғалымдар.
Экспедиция – жұмыс бабындағы бірнеше адамның белгілі бір мақсатпен бір жаққа шыққан сапары.
Орыс географиялық қоғамы – 1845 жылы Санкт-Петербургқаласында құрылған географиялық қоғам.

Георги Иоганн Готлиб (1729–1802) – белгілі неміс этнографы, географы, табиғат зерттеушісі әрі саяхатшысы. 1768–1774 жылы Орынбор экспедициясы құрамында Ресейдің оңтүстік-шығысында, Еділ бойы, Жайық, Солтүстік Қазақстан, Алтай, Байкалда болған.
Ломоносов Михаил Васильевич (1711–1765) – орыстың көрнекті ғалымы, ақын, суретші, филолог әрі тарихшы.
Рычков Петр Иванович (1712–1777) – Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, белгілі экономист, географ және Орынбор өлкесі тарихын зерттеуші.
Шорманұлы Мұса (1818–1884) – зерттеуші, этнограф, қазақ фольклоры үлгілерін жинаушы, Баянауыл сыртқы округінің 1853–1868 жылдардағы аға сұлтаны.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. XVIII ғасырға дейін қазақ жерінде ғылыми зерттеулер жүрді ме? Анықтаңдар. XVIII–ХХ ғасырлардағы зерттеулер өлкеге қандай өзгеріс алып келді? Осы сұрақтарға жауап бере отырып кестені толтырыңдар.

2-тапсырма. Қосымша материалдарды пайдаланып, «Менің ауылымның (қаламның) тарихы» тақырыбына зерттеу жүргізіп, шағын әңгіме жазыңдар.

3-тапсырма. ХVІІІ–ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы зерттеулердің мақсаты мен бағыттарын анықтаңдар.

  «Еуропаша тәрбие алған қырғыз (қазақ – авт.) зиялыларының елдің бүкіл аумағында шашыраңқы жүруі қырғыздардың бірігуіне мүмкіндік бермейді. Олардың едәуір тобының шоғырланып, бас қосатын бірде-бір тұрақты орны жоқ. Сондықтан да зиялы қырғыздардың (қазақтардың) орталығын құру жөнінде ойлану керек. Елін сүйетін патриот қырғыздар (қазақтар) өз жерінің табиғатын, халқын, оның халық ауыз әдебиеті үлгілерін терең зерттеуге кірісулері тиіс. Бұл қырғыз (қазақтар) зиялыларының ұлттық міндеті болуы шарт. Рас, қырғыздардың (қазақтардың) аңыз әңгімелерін жинастыруымен орыс ғалымдары да айналысуда. Бірақ олар бұл салада жергілікті байырғы тұрғындардың көмегінсіз еш нәрсе бітіре алмайды. Өйткені, біріншіден, орыс қоғамы белгілі бір дәрежедегі бөтен іске жеткілікті күш-жігер жұмсай алмайды. Екіншіден, жергілікті тұрмыс-тіршілікпен жан-жақты таныс қазақ зиялылары жиналған материалдарға ғылыми тұрғыдан талдау жасай алады. Олар аңыз-әңгімелердің күмәнді тұстарын оп-оңай түсіндіріп те береді».

Потанин Г.Н. Үш томдық таңдамалы шығармалары. Тарих, этнография және фольклор жөніндегі еңбектер. Павлодар, 2005, 3-том, 284-бет.

Автордың мұндай қорытынды жасауына не себеп болды деп ойлайсыңдар?

×
×

Cart