Ядролық жарылысқа – «Жоқ» дейміз!

1-тапсырма. Ойтолғау.

  Қаншама жылдар өтсе де, ядролық жарылыс мәселесі, оның салдары, зардап шеккен сансыз адамдар, олардың тағдыры мен денсаулығы халқымызды толғандырады. Еліміздің болашағы бақытты болсын, мұндай қатерлі жағдай кездеспесін деп қаншама әрекеттер жасалып жатыр. Біздің Қазақстанымызды «ядролық қарусыз аймақ» деп 1991 жылы 28 тамызда Декларация қабылданғаны туралы бейнежазбадан көрдің. Еліміз алға қойған мақсатына жетті. Семей полигоны жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекетін жалғастырды.

«Дүниетану» сабағынан экологиялық мәселелердің бірі – қоршаған ортамыздың тазалығын сақтау екенін білдің.
• Ғаламтор желісінен , энциклопедиялардан, кітаптардан және т.б. сабақ тақырыбына қатысты ақпараттар ізде. Мына сұрақтарға жауап бер:
• Семей полигонының жабылуы экология мәселесін шешті ме?
• «Невада–Семей» қозғалысы қай жылы өз жұмысын бастады?
• Неге «Невада–Семей» қозғалысы деп аталды?
• Бұл қозғалысты басқарған кім?
• Семей полигонын жабу туралы Жарлық кімнің басшылығымен шықты?
• Бейнетаспадағы «Заман-ай» әнін сыныпта тыңда. Бұл әнді тұңғыш орындаушы – біздің елімізге танымал қазақ эстрада әншісі, Қазақстанның халық әртісі – Роза Рымбаева. Роза Қуанышқызының туып-өскен жері – Семей өңірі.

2-тапсырма. Тыңдау.

Заман-ай

Өлеңін жазған: Ұ. Есдәулет
Әнін жазған: Т. Мұхамеджанов

• Әннің мазмұнына және орындалуына көңіл бөл. Қандай мәселе туралы жазылған?
• Бұл ән қандай көңіл күйде орындалды? Торкөздерден дұрыс деген сөздерді белгілеп, түсінігіңді айтып бер:

көңілсіз қуаныштымұңдыбайсалдызарлы

3-тапсырма. Әнді үйрену.

Ядролық жарылысқа – «Жоқ» дейміз!

Өлеңін жазған Р. Наурызбаева
Әнін жазған: Н. Мирманов

• Күйдің орындалу нақышы қандай? Композитор тыңдаушыға қандай ойды жеткізуге тырысқан?
• Күйдің орындалуы адамның қандай сезімдерін тербетеді?

1. Ядролық жарылысқа – «Жоқ» дейміз,
Полигонды тура атылған оқ дейміз.
Дарқан дала Семей жерін таңдаған,
Уланб аған жер, су, адам қалмаған.

Қайырмасы:
Жер бетіне бейбітшілік орнасын!
Ядролық жарылыстар болмасын!
Ядролық жарылысқа – «Жоқ» дейміз!
Ядролық жарылысқа – «Жоқ» дейміз!

 

2. Тәуелсіздік шапағаты дарыған,
Азаматтар бас көтерді сап ұран.
«Невада-Семей» қозғалысы күш алды,
Полигонның тәжірибесі тұсалды.

3. Ядролық сынақ алаңы жабылды,
Қазақ халқы зор қауіптен арылды.
Жер шарының амандығын сақтаймыз,
Адамзаттың ақ тілегін ақтаймыз.

• Әннің мазмұнына көңіл бөл. Не туралы айтылады?
• Қоршаған ортамызды қорғау үшін қандай талаптар қойылып отыр?
• Бірінші шумақ пен қайырмасын ән орындау талаптары бойынша үйрен.

   Полигон – қару-жарақ пен әскери техникаға сынақ жүргізуге арналған арнайы бөлінген және жабдықталған аймақ.
   Радиация (өткір радиация) – ядролық жарылыс кезінде тарайтын радиоактивті сәулелер.

4-тапсырма. Зерттеу, ақпарат іздеу.

«Ядролық жарылысқа – «Жоқ» дейміз!» атты дөңгелек үстел өткізуге дайындық жүргіз. Мұғалім оқушыларды «Экологтар», «Дәрігерлер», «Өнертанушылар», «Ғалымдар», «Мұғалімдер», «Оқушылар» деген алты топқа бөліп, сабаққа дайындайтын тапсырмалар беріп, бірге талқылайды.
Әр топ жұмыс бағытына қарай ғаламтор желісінен, кітапхана және т.б. дереккөздерден мына тапсырмалар бойынша ақпарат іздейді:
• өздерінің жасап жатқан жұмыстары туралы қысқаша мәлімет;
• әр бағыт бойынша ядролық жарылыстың зияны туралы мәлімет;
• сол саладағы атақты адамдар туралы мәлімет;
• табиғатты қорғау үшін осы бағытта қандай жұмыстар атқару керектігі туралы мәлімет.

5-тапсырма. Бағалау.

1. Сабақта берілген тапсырмаларды қалай орындадым?
2. Орындағанда қандай қиындықтарға тап болдым?
3. Өз дайындығымды қалай жақсартар едім?

×
×

Cart