Ядролық жарылысқа – «Жоқ» дейміз! (жалғасы)

1-тапсырма. Ойтолғау.

• Дүниежүзінің тарихында із қалдырған ядролық жарылыстар қай жерлерде болды?
• «Заман-ай» әнінде ақын қандай жайларды қозғады?
• Шетелдерде бұл әнді біле ме?
• Ребусты дұрыс шешсең, ядролық жарылысқа қарсы қозғалыстың атауы шығады.

2-тапсырма. Әнді орындау.

«Ядролық жарылысқа – «Жоқ» дейміз!» (өлеңін жазған: Р. Наурызбаева, әнін жазған: Н. Мирманов) әнімен жұмысты жалғастыр:
• екінші және үшінші шумақтарымен жұмыс жаса;
• әнді толығымен орында;
• топқа бөлініп, «Әнді көркем орындау» жарысын өткіз.

3-тапсырма. Музыка тыңдау және талдау.

   Жұбанова Ғазиза Ахметқызы (1927–1993) – композитор. Алматы қаласында музыканттар отбасында дүниеге келген. Ол қазақ әндері мен күйлерін, музыканың әсем әуенін жастайынан құлағына сіңіріп, түсініп өсті. Ғазизаның әкесі Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің дирижёрі, атақты композитор Ахмет Қуанұлы Жұбанов еді.
   Ғ. Жұбанова – көптеген көлемді музыкалық опералардың, балет, оратория, ән, хорлардың т.б. шығармалардың авторы.

   Ғ. Жұбанованың «Хиросима» балеті Қазақстан музыка өнеріндегі үлкен жаңалық болды. Шығарма – музыка тілінің барша жұртқа түсінікті бола алатынының дәлелі.
Осы балет үшін Ғ. Жұбановаға 1970 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.

• АҚШ Жапонияның екі қаласы – Нагасаки мен Хиросимаға атом бомбасын қай жылы тастады?
• Жапондықтар атом жарылысы болған осынау қасіретті күнді еске ала ма?
• Хиросима мен Нагасаки қалаларында бомбаның зардабын шеккендерге ескерткіш бар ма?
• Бұл күні жапон балалары қағаздан қандай құс жасайды? Оның мәні не?

   Балетте жапон халқының тіршілігі, басты кейіпкерлердің бейнесі жарқын бейнеленген . Онда атом жарылысынан әйелі мен Юки есімді қызы қаза болған Тайо деген кедейдің басынан өткен оқиға суреттеледі. Балеттің оқиғасы жеке бір отбасының ғана тағдыры емес, бүкіл халықтың, жалпы адамзаттың қайғысы ретінде баяндалған.
   Ғазиза Жұбанова өз балетінде жапон халқының «Сакура» әнін ең негізгі әуен ретінде алды. Бұл әннің «Шие» деген мағынаны береді. Шие ағашы көктемде қызғылт түсті нәзік гүлге бөленеді. Ән осынау әсем жеміс ағашы туралы. Ол жапондардың күнтізбесінде жыл бейнесі болып саналады.

Сакура (Шие)

(жапонның халық әні)
Қазақ тіліне аударған: А. Жәкеева

Хиросима

(балетінен үзінді)

1-көрініс

• Бұл музыка қандай әнге ұқсайды?

2-көрініс

   Су астындағы көрініс – таңғажайып өсімдіктер, үйір-үйір балықтар, жарқылдаған медузалар.
   Суасты өмірінің керемет сұлулығы сөзбен айтып жеткізе алмастай керемет. Кенет ертегі іспетті бейнелер лезде жоғалады. Атом бомбасы жарылып, айналаның бәрін қаратүнек басады.
   Үлкен симфониялық оркестрдегі үзіліс осынау қасіреттің болғанын, бүліншіліктің сұмдығы мен ешқандай кінәсі жоқ адамдардың қырғынға ұшырағанын білдіреді.

3-көрініс

   Атом бомбасынан жанып кеткен қала көрінісімен балет аяқталмайды. Көмір болып күйіп кеткен ғимараттардың ішінде туғандарын іздеп, есі шыққан Тайо жүр. Музыка соғыс құрбаны болған марш-шеруге ұласады. Драмалық кульминацияда хор жекелеген оркестр партияларын қайталайды. Бұл – қаза болғандарға арналып орындалған реквием-гимн. Онда Хиросимада қаза тапқан қыз туралы жапон әнінің әуені алынған.
   Сол қасіретті оқиғадан кейін де талай жылдар өтті. Хиросима қайта қалпына келді, қазір ол – ең әдемі қалалардың бірі. Алайда баяғы атом бомбасының жарылыс дүмпуі бүгін де естілетіндей, тіпті ол біздің Қазақстан жерінде де сезіліп қалады.

Семей жеріндегі атом жарылысы болған полигон туралы білдің.
• Жергілікті халықтың өміріне, табиғатына қандай зақым келтірді?
• Жарылыс жерастында жүргізілсе, радиоактивті сәулелер қоршаған табиғатқа, жануарларға, ауа мен суға тарай ма?
• Қазақстанда өткізген «Семей–Невада» қозғалысы Семейдегі полигонды қай жылы жапты?

4-тапсырма. Шығармашылық жұмыс.

Ядролық жарылысқа – «Жоқ» дейміз!

(«Дөңгелек үстел» ойыны)

   Шарты. Оқушылар «Экологтар», «Дәрігерлер», «Өнертанушылар», «Ғалымдар», «Мұғалімдер», «Оқушылар» деген алты топқа бөлініп, өткен сабақта алған тапсырмалары бойынша дөңгелек үстел өткізеді.
   Әр топ жұмыс бағытына қарай ғаламтор желісінен, энциклопедиялардан және т.б. дереккөздерден мына сұрақтар бойынша жинаған ақпараттарын ортаға салып талқылайды:
– өздерінің жасап жатқан жұмыстары туралы қысқаша мәлімет береді;
– әр бағыт бойынша ядролық жарылыстың зияны туралы мәлімет береді;
– зерттеген саладағы атақты адамдар, олардың еңбектері туралы мәлімет береді;
– табиғатты қорғау үшін осы бағытта атқарылатын жұмыстар туралы мәлімет береді.

   Балет – музыкалық-хореографиялық қойылым. Оның мазмұны, кейіпкерлердің ой-сезімі музыка мен би арқылы бейнеленеді.
   Реквием – көпдауысты, қайғылы музыкалық шығарма.

5-тапсырма. Бағалау.

1. Сабақта берілген тапсырмаларды қалай орындадым?
2. Орындау барысында қандай қиындықтарға тап болдым?
3. Өз дайындығымды қалай жақсартар едім?

×
×

Cart