Ел қорғауға дайынбыз!

1-тапсырма. Ойтолғау.

   Ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты: кім болса да, қайда жүрсе де, өз туған жерін, табиғатын аялап қорғауға міндетті. Алдыңғы сабақтарда Арал теңізі және Семей полигоны мәселелерін зерттеп, біраз мағлұмат алып, әртүрлі музыкамен таныстың. Олардың жағдайы қазір де жақсы емес, әлі де жеріміздің табиғатына зиян келтіріп жатыр.
   Сен теледидар, ғаламтор желісінен әлемде болып жатқан соғыстар туралы көріп, біліп жүрген шығарсың. Мұндай соғыстар табиғатымызға зиян келтіре ме?
   Осының бәрін әрқашан есімізде сақтап, елімізді, қоршаған ортамызды қорғауға дайын болуың керек.

2-тапсырма. Ән үйрену, орындау.

Сарбаздар жыры

Өлеңін жазған: А. Асылбек
Әнін жазған: Н. Айтбаева

Айбынды қазақ сарбазымыз,
Ерікті елдің саңлағымыз.
Отанды қорғау дұшпандардан –
Тыныштық өмір арманымыз.

Болсын деп аман анамыз да,
Болсын деп аман баламыз да,
Сарбаздар сай боп тұрған кезде,
Кірмейді жаулар даламызға.

Қайырмасы:

Жаса, қазақ сарбаздары,
Өткір қылыш алмастары.
Өткен батыр бабалардың
Бүгінгі ер жалғастары.

Әнді талаптар бойынша және мұғалім көрсеткен әдістер негізінде үйрен.

3-тапсырма. Музыка тыңдау.

Мәңгілік алау

(балет үзіндісі)
Музыкасын жазған: С. Еркімбеков

   Автор «Мәңгілік алау» бір актілі балетінде соғыс пен бейбітшілік туралы тарихи тақырыпты қарастырған. Туған жеріне деген махаббаты мен жауына деген өшпенділігі адам толқынысы арқылы балетте үздіксіз байланыста бейнеленген. Балет 12 нөмір, 4 көріністен тұрады: «Көк кеңістік», «Реквием», «Мәңгілік қас қағым», «Adagio», «Жер дауысы», «Күн шығуы», «Ана мен бала», «Махаббат түсі», «Қайғы», «Уақыт желісі», «Жад», «Жер дауысы». Балет еске алу түрінде жазылған. Балетте негізгі кейіпкерлерді бейнелеуде композитор ана мен белгісіз солдатты, оның сүйген қызын бір жағында, соғыс трагедиясын екінші жағында көрсеткен.

• Бейнетаспадан балет үзіндісін көріп, алған түсінігіңді сыныптастарыңа айтып бер.

   Балет – сахналық өнердің бір түрі. Ондағы оқиға музыкалық-хореографиялық бейнелер арқылы ашылады.
   Көрініс (балетте) – бір сәтте болып жатқан әрекет, шығарманың аяқталған бөлімі.
   Кейіпкер – көркем шығармада суреттелетін оқиғаға қатысушы, әдеби образ.

4-тапсырма. Бағалау.

1. Сабақта берілген тапсырмаларды қалай орындадым?
2. Орындағанда қандай қиындықтарға тап болдым?
3. Өз дайындығымды қалай жақсартар едім?

×
×

Cart