Үшінші бөлімге қорытынды

  Қоғамдық-саяси ойдың бастауында атақты билеушілер, ойшылдар, ірі мемлекет және қоғам қайраткерлері тұрды. Олар Ұлы даладағы мемлекеттік бірлестіктердің әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени өмірінде маңызды рөл атқарды. Халық мүддесінің жаршылары қатарында тек қағандар мен хандар ғана емес, сонымен қатар жыраулар, билер, ақындар және Алаш зиялылары болды.

  ХХ ғасырдың басында ұлттық сана-сезімнің оянуына түрткі болған – Алаш зиялыларының мемлекеттілікті қайта қалпына келтіру тұжырымдамалық үндеулері еді. Ә. Бөкейхан сияқты Алаш арыстарының төңірегіне топтасқан ұлтымыздың білімді де сауатты, зиялы азаматтары дербес мемлекет құру үшін күресті.

  1920 жылы Қазақ АКСР-і құрылып, ол 1936 жылы одақтас республикаға, 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасына айналды. Бұл Алаш қайраткерлерінің көрегендігі мен ұлт-азаттық күресінің жеңісі болып табылады.

  Бүгінгі тәуелсіз елімізде халықты біріктіретін ұлттық идея ортақ мақсатқа топтастыру үшін де аса қажет. ХХІ ғасырдың басында Қазақстан халқын бір арнаға тоғыстыратын «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы қабылданды. Қазақстандық қоғамның ұлттық құндылықтары: этносаралық келісім мен бейбітшілік, ашықтық, толеранттылық сияқты қасиеттері қазіргі кезде шешуші рөл атқарады.

×
×

Cart