Әлеуметтік-тұрмыстық қатынас аясындағы сөз әдебі
Әлеуметтік-тұрмыстық қатынас аясындағы сөз бейресми ортада адамдардың еркін, жақын қарым-қатынас жағдайында бір-бірімен сөйлесу, пікір алысу әдебін сақтауды талап етеді. Ол күнделікті қарапайым тілдесімнен бастап, танымал тұлғалардың қоғамдағы, өз ортасындағы атқарған ісін дәріптеу, мадақтау, оның сіңірген еңбегін бағалау арқылы тағылымды ой тастау үшін айтылатын мадақсөздерді де қамтиды. Заман талабына сай айтылатын әлеуметтік-тұрмыстық шешендік сөздер: мүшелтойға, мерейтойға қатысты жиындарда, баспасөзде, ақпарат құралдарында айтылатын мадақ сөздер, ұлттық дәстүрге сай бата беру, көңіл сұрау, көңіл айту, естірту де әлеуметтік-тұрмыстық шешендіктің түріне жатады.
Әлеуметтік-тұрмыстық сөзге ауызекі сөйлеу стиліне, публицистикалық стильге лайық белгілермен қатар, көркем-әдебиет стиліне сай көркемдік, сөз айшықтығы, биік пафос, мөлдір романтика, шынайы шындық тән. Әлеуметтік-тұрмыстық шешендіктің озық үлгілері шешендік арнауларда, шешендік жоқтау сөздерде ерекше дараланып көрінеді. Оларда құрғақ мадақ емес, дәлелді, дәйекті сөз дәні мол болады.
Әлеуметтік-тұрмыстық шешендік сөздерде қолданылатын тілдік құралдар: афоризмдер, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер, оқшау сөздер, ажарлау, айшықтау, шешендік фигуралар: риторикалық сұрау, риторикалық қайталау т.б. Онда эмоциялық-экспрессивтік мәндегі сөздер де орынды қолданылса, нұр үстіне нұр.