ТЕМІРТАУ – ҚАЗАҚ МАГНИТКАСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

1. Сұраққа жауап бер.

1. Суреттің тарихы жайлы не білесің?
2. Сурет кейіпкері қызмет жолын бастаған жер Қазақстанның қай аймағында орналасқан?
3. Онда қандай ірі кәсіпорындар бар?
4. Кәсіпорын мен ол тұрған қала атауының тарихы туралы не білесің?
5. «Шойынмен шыңдалған» дегенді қалай түсінесің?

2. «Салыстыр». Әртүрлі ақпарат көздерінен Теміртау металлургия комбинатында еңбек жолын бастаған, сонда шыңдалған қазақтың танымал тұлғалары туралы мәлімет жина. Жиналған материалдардан өз қалауыңмен бір тұлға өмірбаянын түйіндеме түрінде жаз. Өмірбаян мен түйіндеменің құрылымдық-тілдік ерекшеліктерін айт.

Түйіндеме

   Түйіндеме – белгілі бір қызметке тұру үшін жеке тұлғаның өмірбаяны, білімі, мамандығы, кәсіби шеберлігі, біліктілігі жайлы қысқа да нұсқа мағлұмат беретін ісқағазының бір түрі.
   Түйіндеме кең көлемдегі визит карточкасы іспетті. Түйіндеме жазудағы мақсат: үміткердің өз өмірбаяны мен жұмыс тәжірибесін, жекебас қабілеттерін ұтымды көрсету арқылы таңдаған қызметіне қол жеткізу. Түйіндеменің сауатты рәсімделуіне де көңіл бөлу керек. Түйіндемеде мәліметтер ықшам әрі нақты түрде берілуі тиіс.
   Түйіндеменің мазмұндық-құрылымдық ерекшелігі – үміткердің еңбек өтілі туралы мәліметтердің кері хронологиялық тәртіпте берілуі.
   Түйіндеменің мазмұндық-құрылымдық жүйесі:
  – құжаттың аты;
  – үміткердің аты-жөні;
  – туған жылы, күні, айы, туған жері;
  – ұлты;
  – жынысы;
  – мекенжайы;
  – байланыс телефондары;
  – отбасы жағдайы;
  – азаматтығы;
  – білімі; бітірген оқу орындары;
  – үміттеніп отырған орны;
  – кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі;
  – тілдік дағдылары;
  – компьютерлік сауаттылығы;
  – жеке қасиеттері (үміттеніп отырған қызмет орнына бейімділігінашатындай болуы тиіс);
  – қызығушылығы;
  – қосымша ақпараттар (мақтау грамоталары, сертификаттар, наградалар, патенттер т.б.).
Барлық деректер табуляторлық нөлдік деңгейінен басталып, азат жолсыз жазылады, бірақ әр дерек жаңа жолдан басталады. Құжаттың соңына жазылған күні көрсетіліп, толтырушының қолы қойылады.     

3. Мәтінді тыңда.

4. Мәтіннің әр абзацына тақырып қойып, ондағы тірек сөздерді жаз. Соның негізінде мәтінге ат қой.

5. Тыңдалған мәтіндегі күрделі сөздерді төмендегі кесте бойынша топтап жаз. Олардың жасалу тәсілдерін талда.

6. Тыңдалған мәтін мазмұны бойынша парталасыңмен диалог құрыңдар

7. Мәтінді оқы.

Теміртау – көшбасшылар ұстаханасы


   1960 жылдың 3 шілдесі Қазақстан Магниткасының туған күні деп есептеледі. Дәл осы күні №1 домна пешінің науасынан тұңғыш қазақстандық шойын селі тасқындап, Теміртаудың жаңа тарихының беттері жазылды. Айтулы оқиғаға байланысты өткен салтанатқа Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев қатысып, теміртаулықтарды тамаша еңбек табысымен құттықтады. Алғашқы шойын алу вахтасына жас металлург, болашақ Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев та тұрды. Ол №1 домна пешінің шойыншысы еді. 1958 жылы Днепродзержинск қаласындағы техникалық училищеде өзімен бірге барған 70 шақты қазақ жастарымен бірге Днепр металлургия зауытында тағылымдамадан өткен. Басына киіз қалпақ киіп, күлімдеп тұрған және бір топ домнашылармен түскен тарихи суреттер Н.Ә. Назарбаев домна цехының горновойы болып жүргенде түсірілген. Еңбек жолын қарапайым металлургтен бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Магниткасының от-жалынды цехтарында құрыштай шыңдалды, өндірістік және қайраткерлік жолдан өтті. «Теміртау мен үшін – алтын бесік. Магнитканың тарихы, Теміртаудың тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырыммен ажыратылмас. Егер менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашан Президент болмас едім», – деп жазды ол кейін ағынан жарыла.
  1945 жылы қазанда Самарқан поселкесі Теміртау деп қайыра аталып, қала мәртебесіне ие болды. Теміртау атауының қалай пайда болғаны туралы белгілі қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың естелігінде айтылады. Ол 1945 жылы КСРО Ауыр өнеркәсіп министрі Тевосянға барғанда, ол болашақ қалаға ат қою қажет екенін айтады. «Ол менен «металл» деген сөздің қазақшасы қалай екенін сұрады. Мен «темір» деп жауап бердім. Тевосян «темір» деген сөзді өзінше бір-екі рет қайталап алды да: «Міне, жаңа қаланың аты осылайша жаңалық білдіргені жөн», – деп қуанып кетті. Оның ойынша, қаланың аты Темір болуға тиіс. Бірақ маған темір болғанда жай темір емес, бүкіл қазақтың бақыты, молшылықтың, игіліктің тау-тау темірлері деген ой келіп қалды. Сөйттім де, «Теміртау» деп атайық», – деген ұсыныс жасадым және де «тау» деген сөздің символдық мәнін түсіндірдім. Тевосян қуанып кетті. Сөйтіп, Теміртаудың темірі Тевосяндікі де, тауы менікі болғанына осы уақытқа дейін қуанамын…» («Тұғыры биік Теміртау» кітабынан). Алматыға келгеннен кейін осы ұсыныс бекіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 1 қазандағы Жарлығымен Самарқан поселкесіне қала мәртебесі беріліп, Теміртау деп аталды. Сөйтіп, Жауыртау жайлауы тау-тау темір өндіретін Теміртауға айналды.
    Халқымыз жаңа металлургия алыбын Қазақстан Магниткасы деп атады. Бұл атау халыққа ұнады. Өйткені сонау аш-жалаңаш, ашаршылық жылдары мыңдаған қазақтар Орал Магниткасының құрылысында болып, нәпақасын сондағы жұмыстан тауып, аман қалған еді. Болашақ металлургия өндірісіне тұрғылықты халық – қазақтар арасынан маман кадрлар даярлау қажет болды. Қарағанды тау-кен институты кеңейтіліп, политехникалық институтқа айналды. Оның жанынан металлургия факультеті ашылып, ол кейін Теміртау зауыт-жоғары техникалық оқу орны ретінде енші алып, бөлініп шықты. Мәскеудің іргелі оқу орындарын бітірген білікті мамандар Асқар Қонаев (Қазақ металлургия зауытының смена бастығы, кейін академик), Едіге Түркебаев (Қарағанды металлургия зауытының 60-жылдарғы бас инженері, кейін белгілі экономист- ғалым), Махмуд Ақбиев (еңбек жолын ескі зауытта бастап, Қарметкомбинаттың 80-жылдарғы бас директоры болған) және т.б. Қазақстан қара металлургиясын дамытуға үлес қосқандардың алдыңғы қатарында болды.
   Соғыстан кейінгі жылдары да Самарқан жасанды суқоймасының жағасында толық циклді зауыт салу идеясы жалғасын тапты. 1948 жылдың қазан айының өзінде болашақ өндіріс алыбының құрылыс алаңы таңдап алынды. Оны анықтауға академик Қ.Сәтбаев бастаған ғалымдар қатысты. 1957 жылдың 3 желтоқсанында Қарағанды металлургия зауыты тұңғыш домна пешінің іргетасын орнату салтанаты болып өтті. Комсомол съезі жаңа зауытты Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жариялады. Теміртауға арман қуған мыңдаған жастар ағылды. Егер 1957 жылы 9 мың адам жұмыс істесе, 1958 жылы олардың саны 17 мыңнан асты, солардың 70 пайызы жастар еді. Жүрек қалауымен алып құрылысқа келген жастар арасында болашақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та болды.


(inform.kz)

8. «Жүйеге келтір». Әр абзацқа тақырып қой. Сол бойынша әдейі араластырылып берілген мәтіннің құрылымдық жүйесін сызба түрінде ретке келтір. Өз ойыңды дәлелде.

9. «Бөлшекте, жинақта!» Сынып үш топқа бірігеді. Әр топтағы оқушылар №1, №2, № 3 деп белгіленеді. 1-кезеңде әр топтағы оқушылар мәтіннің өздеріне тиесілі бөлігін оқиды. 2-кезеңде әр топтағы оқушылар нөмірлеріне сәйкес топ болып бірігеді. Олар өздері оқыған мәтін бөлігінің мазмұнын бірігіп талдайды, ой бөліседі. 3-кезеңде топ мүшелері қайта өз орындарына барады да, жалпы мәтін мазмұны бойынша кеңесіп, өздері қалаған тәсілмен (тірек сөздер кестесі, кластер, диаграмма, сурет, карта және т.б.) ойларын жинақтайды. 4-кезеңде әр топ өз жұмыстарын сынып алдында қорғайды.

10. «От өзен» және «Теміртау» деген екі бөлімнен тұратын «Президент жолы» атты кино-эпопеяны көр. Ондағы тарихи оқиғалар, Теміртаудың өндіріс орны ретіндегі даму жолы туралы мәліметтерді жазып ал.
ХХ ғасырдағы жастар мен олардың құндылықтары туралы ой бөлісіңдер.

11. Мәтіндегі ойды парталасыңмен бірге талда және ең негізгі ой өзегі деп тапқан сөйлемді дәптеріңе жаз. Мәтінді мазмұнына сай мақаммен оқы.

   Екі ай уақытыңды пайдасыз бос өткізгенсің. Емтихан тапсыру үшін оқыған сабақ білім боп бойға сіңбейді. Философиямен шындап айналысқың келсе, оқу бағдарламасын жиып қойып, өзіңше кірісу қажет. Әрине, кейін, уақыт тапқанда. Ал қазір… қазір алдыңда басқа мақсат тұр. – Профессор тағы да үнсіз ойланып қалды. Жастың аты жас, – деді жанары қашқан көздерін әлдеқайда қадап отырып. – Бойдағы қайрат кемерінен асып төгіліп жатқан шақ. Бірақ оның да ортаяр, сарқылар күні туады. Қазірден бастап ақылыңды, күшіңді орнымен жұмсауға үйрен. Неге жымиясың, Абай айтқандай, «Артқа қарап, ақылсыз шалға күліп» отырған жоқсың ба?


(М. Мағауин)

12. Мәтінді мазмұнына сай мәнермен оқы.

Парыз

    Парыз – бұл орындалуға тиіс міндет пен әрекет. Парыз алға қойылған міндеттен туады. Міндет адамға парызды жүктейді. Міндет адамға жауапкершілікті жүктейді. Егер бізді қоршаған табиғат пен жануарлар әлеміне тіл біткен болса, онда олар бар дауыспен:      «Адамның қолына қыруар билік берілген, одан көбірек сұрағын, жаратушым!» – деген болар еді.
  Парыз дегеніміз – өзінің мағыналық аясына ақыл, сезім, ерік, абырой, ар-ұждан, әділдік, шындық, махаббат т.б. мәселелерді қамтып, оларға адам қызметі аясындағы қайшы құбылыстарды қарама-қарсы қоятын ең жоғары интеллектуалдық ұғым.
   Өз парызын саналы түрде түсіну ғана әр адамды бәрінен де жоғары қояды, оның мәртебесін көтере түсіп, жаман ниетті қылықтардан, қорқақтық пен опасыздықтан сақтандырады.
   Парызды саналы түрде түсіну ғана жеңістерге серпін береді, ерлік адам бойындағы қуатты тасқындатып, шығармашылық күш қайнарын ашады.


( Әдебиет порталы)

· Мәтін мазмұнына сүйеніп, «Адамдық және мамандық парызым» тақырыбында жай жоспар құр, сол жоспарды басшылыққа ала отырып ой толғаңдар.
· Ойтолғаулардың негізінде бір тұжырым жаз.
· Қарамен жазылған сөздердің синонимдерін тап.Ф

13. Парталасыңмен бірге графикалық мәтінді толтыр.

   Сипаттау – қоршаған ортадағы белгілі бір құбылысқа тән белгілерді санамалай отырып, сөзбен бейнелеп көрсететін тілдік тәсіл. Сипаттаудың мақсаты – оқырманның я тыңдарманның көз алдына бір нәрсені тұтас қалпында елестету үшін сол нәрсеге қатысты белгілерді жан-жақты ашып көрсету.

14. «Ең үздік шығарма». Өзің еліктейтін адам туралы «Мен үлгі тұтатын тұлға» тақырыбында көркемдеуіш құралдарды (троптар, фразеологизмдер, фигуралар) қолданып, сипаттамалық мәтін жаз. Мәтінде тұлғаның адами болмысы, кісілік қасиеттері мен іскерлік қабілеттері, сыртқы бейнесі де ескерілсін. Өздерің белгілеген бағалау критерийлері арқылы ең үздік шығарма иесін анықтаңдар.

15. «Менің түйіндемем». Осыдан 20 жылдан кейінгі кезеңді болжа. Сол кезде өзің қалаған қызметке орналасу үшін ұсынатын түйіндемеңді жаз.

16. Сабақта алған әсеріңді, ойыңды «Төрт сөйлем» тәсілі арқылы жаз.

Пікір. Оқыған мәтін бойынша өз пікіріңді бір сөйлеммен жаз.
Дәлел. Өз пікіріңді бір сөйлеммен дәлелде.
Мысал. Пікіріңді өмірмен байланыстырып, бір мысал келтір.
Қорытынды. Тақырып бойынша қорытынды жаз.

×
×

Cart