§43–44. Экстракорпоральды ұрықтану әдісі, тарихы және тиімділігі

Бұл тақырыптың оқу мақсаты: экстракорпоральды ұрықтану әдісінің маңызын түсіндіру.

Ұрықтану дегеніміз не? Бұл үдеріске қатысу үшін және ол аяқталған соң қандай жасушалар қалыптасады? Имплантация дегеніміз не?

Тақырыпты табысты меңгеру үшін 9-сыныптан 45-, 47-, 50-параграфтарды қайталау керек.

  ЭКҰ немесе экстракорпоральды ұрықтану, бұл – әйел ағзасынан тыс жасанды ұрықтану болып табылатын медициналық манипуляция.ЭКҰ процедураларын ресми түрде тағайындаумен тек дәрігерлер (медициналық білімі бар кәсіби мамандар) айналысады. ЭКҰ-ды пайдалануға көрсетілімдерге «басқа терапия түрлерімен емдеуге болмайтын немесе басқа әдістерге қарағанда ЭКҰ көмегімен емдеу ықтималдылығы жоғары» аталық және аналық бедеуліктің (ұрықсыздықтың) әртүрлі формалары жатады. Қарсы көрсетілім жоқ кезде ЭКҰ ерлі-зайыптылар немесе некеде тұрмайтын әйелдер қалауы бойынша жүзеге асырылады. ЭКҰ үшін қарсы көрсетілім, процедураның медициналық барысы туралы келесі параграфта айтылады.
  ЭКҰ әдістемесі мынадай кезеңдер мен манипуляциядан тұрады:
  1) болашақ генетикалық анасының ағзасынан жұмыртқа жасушаларын және болашақ әкесінен сперматозоидтерді алу;
  2) таңдалған жұмыртқа жасушаларын таңдалған сперматозоидтермен ұрықтандыру сынауықта (Петри табақшасы), бастысы әйел ағзасынан тыс – «шыныда» in vitro жүргізіледі. Сондықтан «сынауықтан шыққан балалар» деген алғашқы журналистік термин кеңінен таралған;
  3) көбейіп жатқан ұрық жасушаларын ерте сатысында (бластула сатысындағы эмбрион) сәтті алған соң – 48–72 сағат ішінде оны әйел жатыры қуысына импланттайды. Егер жүктілік пен тууға медициналық қарсы көрсетілімі болмаса, генетикалық анасы немесе суррогат анасы – баланы көтеруге және тууға келіскен әйел болуы да мүмкін;
  4) ЭКҰ процедурасынан кейін жүктілікті жүргізу қалыпты жүктіліктен айырмашылық жасамайды. Жүктілік және туу барысында асқынудың жоғары ықтималдылығы жасанды ұрықтанумен байланысты емес.
    ЭКҰ технологиясын арнайы медициналық мекемелерде амбулаторлық емдеу (ауруханаға жатудың қажеті жоқ) жағдайында жүзеге асырады.

Роберт Джеффри Эдвардс (1925–2013 ж.). «Бедеулік» диагнозын үкім ретінде қабылдамайтын ата-аналар Эдвардс доктор ойлап тапқан технологияны үміт медицинасы деп атайды.

  ЭКҰ тарихы. Әйел ағзасынан тыс жұмыртқа жасушаларын ұрықтандырудың алғашқы сәтті эксперименті жүкті болу және дүниеге дені сау нәресте келуімен аяқталды. Бұл еңбекті Кембридж университетінің Борн-Холл клиникасында екі ғалым Патрик Стептоун мен Роберт Эдвардс жүргізді. 1978 жылғы 25 шілде ЭКҰ заманының басталуы деп есептеледі. Осы күні Луиза Браун – «сынауықта» ұрықтанған әлемдегі алғашқы бала туды.
  Луизаға дейін жатыр қуысына эмбрионды көшірудің 600-ден көп тиімсіз әрекеті жасалды. Ресми түрде Роберт Эдвардс кеш құрметке ие. Ол 2010 жылы медицина саласында «жасанды ұрықтану технологиясын жасағаны үшін» Нобель сыйлығының лауреаты атанды.
  1980 жылы Алекс Лопата мен Карл Вудтың австралиялық зертханасында жасанды ұрықтандырылған ұл бала дүниеге келді. Ал 1981 жылы АҚШ-та «сынауықтан шыққан» алғашқы нәресте – Элизабет Карр туды.
  Бұрынғы КСРО аумағында алғашқы ЭКҰ процедурасын 1986 жылы Мәскеуде жүргізді. Дүниеге дені сау қыз бала келді. 1987 жылы КСРО-да «сынауықтан шыққан» екінші бала – ұл бала Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) туды.
  Алғашқы процедура Ана мен бала денсаулығын қорғау ОҒЗИ (ЦНИИ) базасында, эксперименттік эмбриология зертханасында профессор Борис Васильевич Леонов және ҒМРА (РАМН) академигі Владимир Иванович Кулаков басшылығымен жүргізілді. 10 жылдан кейін алғашқы ЭКҰ процедурасын жүргізген ғалымдар Ресей Федерациясы Үкіметінің «Бедеу некені емдеудегі ЭКҰ бағдарламасы» еңбегі үшін сыйлығының иегері болды.

  ЭКҰ әдістемесі қалыптасуының негізгі кезеңдерінің қысқаша тарихы:
  1944 ж. АҚШ зерттеушісі Гамильтон ағзадан тыс жұмыртқа жасушаларын ұрықтандыруға алғашқы қадам жасады.
  1944 ж. АҚШ-тың басқа бір зерттеушілері жүргізген 800 тәжірибе нәтижесінде тек үш жағдайда ағзадан тыс 2-баластомер сатысына дейін бөлшектенген адам жұмыртқа жасушаларын алды.
  1951 ж. доктор Чанг (АҚШ) гаметалар мен эмбриондарды in vitro-да өсіру ортасын және жағдайын жасай бастады.
  1954 ж. Г.Н. Петров (КСРО) ұрықтану және жұмыртқа жасушаларының бөлшектенуінің барлық сатысын нақты сипаттады.
  1966 ж. Роберт Д. Эдвардс (Ұлыбритания) in vitro жағдайында әйел жұмыртқа жасушаларының пісіп-жетілуі ЛГ шыңынан кейін 36–37 сағат ішінде жүретінін анықтады (2010 ж. Нобель сыйлығы). Оны сәтті экстракорпоральды ұрықтану практикасында жүзеге асырып, нәтижесінде 1978 жылы «сынауықтан шыққан алғашқы бала» дүниеге келді.
  1973 ж. австралиялық Карл Вуд Монаш дүниежүзінде ең алғаш жасанды ұрықтандыру арқылы ұрықтанған жұмыртқа жасушасын жатырға қондырды. Алайда бірнеше күннен кейін бұл жүктілік сәтсіз аяқталды.

  Қазақстандағы ЭКҰ тарихы. Қосалқы репродуктивті технологиялар (ҚРТ) қолданылған отандық репродуктологияның алғашқы даму кезеңі 1987 жылы бастау алды деп есептеуге болады. Бұл кезде Алматы қаласында перзенті жоқ неке проблемалары бойынша мамандандырылған мекеме – қалалық Адам репродукциясы орталығы (ҚАРО) ашылды.
  Орталықтың негізін қалаған және алғашқы басшысы бас дәрігер Жусубалиева Тамара Муфтаховна болды. Осы орталықта ер адам мен әйел бедеулігімен күресудің заманауи тәсілдері мен технологияларын белсенді енгізу басталды.
  1993 жылы Қазақстанда ЭКҰ-ның алғашқы зертханасын ашу дайындығы басталды. Бұл шетелдік мамандарды тартуға байланысты күрделі үдеріс болды. 1995 жылы 25 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау басқармасы: «Денсаулық сақтау басқармасы ҚАРО-ға халыққа ақылы медициналық көмек көрсетудің бір түрі ретінде экстракорпоральды ұрықтандыру әдістерін енгізуге рұқсат етеді» деген №872-у бұйрық шығарды. Қазақстан Республикасындағы ЭКҰ-ның алғашқы зертханасының ресми түрде ашылған күні 1995 жыл 5 қазан болды. Бір жылға жетпей 1996 жылы 31 шілдеде ЭКҰ әдісімен ұрықтандырылған тұңғыш қыз бала дүниеге келді. 2000 жылы зертхана жеке статус алып, ЭКҰ Орталығы болып атауы өзгертілді.
  Қазақстандағы ЭКҰ жетістіктері. Алғашында бес қызметкерден тұрған бұл медициналық мекеме қазіргі кезде 200-ден аса маман жұмыс істейтін репродуктивті медицина ғылыми-зерттеу институтына айналды.
  Қазіргі кезде Қазақстанда ЭКҰ-ның 26 орталығы қызмет көрсетеді. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Өскемен, Қарағанды және т.б. қалаларда орналасқан. Олардың ішінде мемлекеттік 4 және 22 жекеменшік клиника бар.
  Қазақстандағы орташа ЭКҰ бағдарламасының тиімділігі 40-тан 46%-ға дейін құрайды. Бұлар – жүктілікпен аяқталған шаралар. Дүниежүзінде нәтиже 19,1%-дан 50%-ға дейін өзгереді.
  Тағы бір көпшілік қабылдаған маңызды әлемдік көрсеткіштің бірі – ЭКҰ шаралары нәтижесінде ұрықтандырылған дені сау балалардың туу көрсеткіші. Орташа әлемдік көрсеткіш 25–30%-ды құрайды. Қазақстанда үкіметтің қолдауының арқасында бұл көрсеткіш 38%-дан асады. Оған мынадай жағдайлар себепші:
  1) генетикалық зерттеулер орталығы мен ЭКҰ орталықтарының бірлесіп қызмет атқаруы, генетик-дәрігерлермен міндетті түрде кеңесу;
  2) тек сапасы жақсы генетикалық материалдар (донорларды іріктеу кезінде қатаң шектеулерді сақтау) қолдану;
  3) орталық қызметкерлерінің біліктілігін үнемі жоғарылату, олардың практикалық қана емес, ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыруы.
  Қазіргі кезде Қазақстанда ЭКҰ арқылы 14 мыңнан астам бала туған. Бұл көрсеткішті жалпы әлемдік үрдіспен толығымен салыстыруға келеді. Мысалы, Қытайда шамамен 1,1 мың адамға 1 ЭКҰ шарасы жүзеге асырылады. Ал Қазақстанда шамамен 1,4 мың адамға 1 ЭКҰ шарасы дұрыс келеді.
  ЭКҰ тиімділігі. Қазір дүниежүзінде «сынауықта ұрықтандырылған» шамамен 6 млн адам өмір сүреді. Олардың саны үнемі артып отыр. 1990 жылы біздің ғаламшарымызда сынауықта ұрықтандырылған 20 мыңнан астам бала болса, ал 2010 жылы шамамен 4 млн, 2017 жылы дүниежүзінде 5 млн адамға жетті.

  Экстракорпоральды ұрықтану (ЭКҰ), суррогат ана.

Білу және түсіну:
1. Экстракорпоральды ұрықтанудың ашылуы биология мен медицинада неге маңызды болып табылады? Түсіндіріңдер.
2. ЭКҰ-ның негізін қалаушы кім? Осы технология үшін кім Нобель сыйлығын алды?

Қолдану:
1. ЭКҰ процедурасы алғаш рет қай елде жүргізілгенін атаңдар.
2. ЭКҰ саласындағы ғылыми жетістіктер біртіндеп дамуы сәтті нәтижелерге қол жеткізгенін мысалдармен дәлелдеңдер.

Талдау:
1. Не себепті 40–45 жастан асқан әйелдерде жүктілік үдерісі қиын жүретінін қолдаңдар.
2. Перзент сүюге байланысты кейбір қиындықтарға тап болған ерлі-зайыптылар неге тезірек тексеруден өтуі керек? Пікірлеріңді айтыңдар. Медициналық тексеруді кейінге қалдырған жағдайда салдары қандай болуы мүмкін?

Синтез:
1. ЭКҰ жүргізген кезде әйелдің жасы мен денсаулығы маңызды екенін талқылаңдар. Неге?
2. ЭКҰ процедурасы арқылы жүктілік және табиғи жолмен жүктілік арасында ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар ма? Жауаптарыңды дәйектеңдер.

Бағалау:
1. ЭКҰ әдістерін пайдалану туралы реферат жазыңдар.
2. Неге ЭКҰ пациенттері бұл бағытты «үміт медицинасы» деп атады? Талқылаңдар. Олардың пікірлерімен келісесіңдер ме?

×
×

Cart