Бөліп шығару жүйесі және оның адам ағзасындағы рөлі

- бөліп шығару жүйесін сипаттап айта аласың және оның адам ағзасындағы рөлін анықтай аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер

1. Сен адамның қандай ағза жүйесін білесің?
2. Неліктен адам дұрыс тамақтану керек?
3. Неліктен жекебасыңның гигиенасын біліп, оның ережелерін сақтау керек деп ойлайсың?

Әсел топтық жұмыс ұсынады.

  1. Өздерің білетін бөліп шығару жүйесіне жататын мүшелерді жазып, олардың суретін салыңдар. Олар ағзадан не бөліп шығарады деп ойлайсыңдар?
  2. Әр топтың өз жұмысын қорғауы.
  3. Тапсырманы өзара бағалау.

Білу үшін оқы
«Инсерт» әдісін қолдан.

  Адам ағзасында үнемі қажетсіз қалдық заттар пайда болады. Ағза уланбау үшін оларды сыртқа шығару керек. Ағзадағы қажет емес әрі зиянды қалдықтарды сыртқа ысыру бөліп шығару деп аталады.

  Адамның бөліп шығару жүйесі – бұл ағзамыздан артық суды, улы заттарды, тұздарды шығаратын мүшелердің жиынтығы.

  Бөліп шығару жүйесінің негізгі атқаратын қызметі:
  • өзі игере алмаған заттарды ағзадан шығару;
  • тұз бен судың мөлшерін реттеу.
  Бөліп шығару жүйесінің мүшелері: бүйрек, өкпе, бауыр, сілекей бездері, тоқішек және ішек-қарын жолы, тері несепағар, қуық.

  Тері бетінде екі миллионнан астам саңылау (ұсақ тесіктер) бар. Олар арқылы тұзды сұйық тер бөлініп, ағзадағы зиянды токсиндер шығарылады. Сілекей бездері кейбір ауыр металдарды, дәрілік заттарды бөліп шығарады.
  Өкпе арқылы көмірқышқыл газы шығарылады. Біз оттекті жұтып, көмірқышқыл газын шығаратынымызды білесің.

өкпе

  «Ал бауырдың қандай маңызы бар?» дейтін шығарсың… Бауыр қоректік заттарды бойға сіңіріп, энергияны қажет ететін мүшелерге таратады.

Бауыр

  Бөліп шығаруда бүйрек маңызды рөл атқарады. Олар ағзадан зиянды заттардың 75%-ын шығарады. Әр адамның бел омыртқасының екі жағында орналасқан екі бүйрек бар.
  Әрбір бес минут сайын барлық қан бүйрек арқылы өтеді. Қан жасушалардан зиянды заттарды әкеледі. Бүйректе қан тазаланып, көктамырға (венаға) түседі, содан соң қайтадан жүрекке барады. Зиянды әрі керексіз заттар бүйректе сумен араласып, зәр түрінде ағзадан шығарылады.

Бүйрек

  Несепағар – бүйрек түбегінен басталып, қуыққа дейін созылған түтікше мүше.

Қуық

  Қуық – бүйректе түзілген зәр несепағар арқылы ағып келіп, уақытша жиналатын, пішіні алмұрт тәрізді қуысты мүше.

Тоқішек және ішек –
қарын жолы

  Қорытылған тағам қалдықтары тоқішекке қарай жылжып, қатты қалдықтары үлкен дәретке айналады. Олар дененің артқы тікішегі арқылы сыртқа шығарылады.
  Барлық бөліп шығару мүшелері бірлесіп жұмыс атқарады. Алайда бұл мүшелер ауруларының себептері мен алдын алу жолдарын есте сақтау керек.

Зәр шығару мүшелерінің моделі:
1 – бүйрек; 2 – бүйрек венасы; 3 – бүйрек артериясы; 4 – несепағар; 5 – қуық.

Қызықты деректер

  Сен неліктен жөтелесің?
  Жөтел – қорғаныш механизмі, мұның көмегімен ағза тыныс алу жолдарына түскен зиянды бөлшектерден құтылады.
  Сен түшкірген кезде де ағзадан зиянды бөлшектер бөлінеді. Алдымен мұрында тітіркену байқалады, содан соң сен ішіңе көп ауа тартасың да, қысымды ұлғайтасың… Түшкіресің! Күрт демаласың. Оның жылдамдығы 160 км/сағат болуы мүмкін.

Сабақты қорытындылау

1. Неліктен ағзадан қажет емес әрі зиянды қалдықтарды шығару керек?
2. Бөліп шығару мүшелерін ата.
3. Неліктен теріні таза ұстау керек деп ойлайсың?

×
×

Cart