Желдің пайдасы мен зияны

- желдің қандай болатынын анықтай аласың.
- желдің пайдасы мен зияны туралы мысал келтіре аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырмаларды орында

1. Жел неге соғады?
2. Жұмбақтарды шеш.
  1) Шөміші жоқ,
      Теңізді сапырады.
      Кебісі жоқ,
      Егінді жапырады.

  2) Шөпті жапырып,
      Құмды сапырып,
      Қоқысты үйіріп,
      Әкеткен не шүйіріп?
  Жұмбақтардың шешуіндегі сөздерге синквейн құрастыр.
3. Неліктен желдің күші әртүрлі болады?

  Суреттерге қара. Табиғаттың бұл құбылыстары неліктен қауіпті екенін болжап айт.

Білу үшін оқы
«Инсерт» әдісін қолдан.

  Жел әртүрлі болады. Кейбір желдер аса қауіпті. Олар: дауыл, тайфун, құйын.
  Құйын құрлықта да, теңіз үстінде де пайда бола береді. Бұл – атмосфералық қатты жел. Ол бұлтта пайда болып, Жер бетіне діңгек түрінде түседі. Бұл діңгектің ішіндегі желдің жылдамдығының күштілігі сондай, ағашты тамырымен қопарып, ауыр мәшиненің өзін аспанға көтеріп әкетеді. Мұндай ірі құйындар Америкада болады. Оларды торнадо деп атайды. Құйындар ұзаққа бармайды, бірнеше минуттан бір сағатқа дейін соғады.
  Дауыл құйынға қарағанда әлдеқайда күшті. Ол мұхиттың жылы ағысынан пайда болады. Дауыл бір аптаға созылуы мүмкін. Дауыл кезінде теңіз бетінде күшті толқындар пайда болады. Олар жағаға ұрып, маңайындағы елді мекендерді су басып кететін жағдайлар да кездеседі. Дауыл құрлыққа жеткен кезде ақырындап басылады. Дауыл әсіресе жаздың аяғында теңіз суы мен ауа қатты қызған кезде көп соғады.
  Жасанды Жер серіктерінің көмегімен ауа райын бақылау қызметкерлері дауыл тұрғанын алдын ала хабарлап айта алады. Ең ірі дауылдарға ғалымдар ат қойған.
  Құйын мен дауылдың қандай зардаптар әкелетіні туралы пікіріңді айт.

Ғарыштан дауыл мынадай түрде көрінеді

Суреттерге қара. Ежелгі замандарда адамдар желдің күшін неге пайдаланғанын болжа.

  Адамдар желдің күшін ерте заманнан пайдалана баcтаған.
  Желдің көмегімен теңізде жүзіп, диірмендерде ұн тартты.
  Қазір адамдар арнайы құрылғылар – жел генераторларын жасауды үйренді. Олардың көмегімен кәсіпорындар мен электр құралдары жұмыс істеу үшін электр энергиясын өндіреді.
  Жел энергиясы жаңартылатын энергияға жатады, сондықтан бұл энергияны пайдалану қоршаған ортаны ластамайды.
  Жел ойын-сауық орындары мен спортта да пайдаланылады.

Суреттерге қара. Желді осылай да пайдаланады.

Қызықты деректер

• 2018 жылы 22 мамырда Астанада күшті дауыл соқты. Желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетті.
• Жел энергиясын алғаш пайдалану туралы дерек біздің заманымызға дейінгі бес мыңжылдыққа жатады.
• Егер құйын су бетінде пайда болатын болса, ол судағы барлық тіршілік иесін, құмды, балдырларды өзіне тартып алып, бірнеше километрден кейін кез келген жерге төге салады. Осылайша судағы бақадан жаңбыр жаууы да мүмкін.
• 1879 жылы 30 мамырда құйын аспанға ағаш шіркеуді көтеріп алып, оны 4 метр жерге көшіріп апарған.
• 1965 жылы сәуір айында АҚШ-та бір уақытта 37 торнадо пайда болған.
• Желдің ең жоғары жылдамдығы (551 км/с) 1999 жылы 3 мамырда Канзас үстінде құйын соққанда тіркелген.

Сабақты қорытындылау

1. Жел қандай болады?
2. Табиғат пен адамға қандай жел зардап келтіретінін болжап айт. Неге?
3. Қосымша дереккөздерден Қазақстанда желдің энергиясын пайдалану туралы ақпараттар тап.

×
×

Cart