Су айналымы деген не?

- табиғаттағы су айналымы деген не екенін түсіндіре аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырмаларды орында

1. Жұмбақты шеш.
  Аяғы жоқ, қолы жоқ,
  Бірақ тыныш тұрмайды.

  Сақтамасаң – қорын тек,
  Барша тірлік қурайды.
2. Шешуіне синквейн құрастыр.
3. Су болмаса не болатынын болжап айт.

Суреттерге қара. Судың қандай күйде екенін анықта.
Судың бір күйден екінші күйге қай кезде ауысатынын түсіндір.

  Сызбаға қара. Табиғаттағы су айналымы қалай жүретінін анықта.

Білу үшін оқы

  Су – тірі табиғаттың маңызды тіршілік көзі. Ол су көздері, құрлық, атмосфера арасында үнемі айналыста болады.
  Құрлық бетінен және кез келген су көзінен су тамшылары буланып ұшады. Бу түріндегі су атмосфераға араласып кетеді. Су көздері мен құрлықтың бетін Күн қыздырған сайын булана түседі. Жылы ауа жеңіл, сондықтан ол жоғары көтеріледі. Ол жоғары биіктікте суып, мұз немесе су тамшыларына айналады. Су жауын-шашын түрінде құрлыққа және су көздеріне қайтып жауады. Осы үдеріс табиғаттағы су айналымы деп аталады.

Тәжірибелік жұмыс. «Су айналымының моделі»

  Керек заттар: үлкен пластмасса ыдыс, кішкене банка, полиэтилен үлдір (плёнка), жүк, су.
  Үлкен ыдысқа аздап су құй (1). Осы ыдыстың ортасына кішкене банканы қой (2). Бұларды полиэтилен үлдірмен жап (3). Оны резеңкемен немесе таспамен бекіт. Үлдірдің ортасына кішігірім жүкті орналастыр (4). Осы құрастырылымды Күн көзіне қой. Не болатынын бақыла. Сен су айналымының моделін жасадың.

Қызықты деректер

• Су айналымының нәтижесінде су тазарып, құрамы өзгереді (мысалы, тұзды су тұщы суға айналады).
  Бұл болжамды тексеру үшін тәжірибелік жұмысты қайтала. Алдымен тек тұзды су алып, ал содан кейін кішкене банкаға жиналған судың дәмін татып көр.
• Атмосферадағы су бір жарым аптаның ішінде, ал мұхиттың суы 3500 жылда толық жаңарады.
• Адам ағзасының шамамен 70%-ы судан тұрады. 2%-ын жоғалтсақ, бізді шөл қысады. 20% су жетіспесе, адам өмір сүру қабілетінен айырылады.
• Су айналымы Жер шарымыздың климатына да әсер етеді.
• Жер бетінен жылына 520 мың шаршы километр су буланады.

Сабақты қорытындылау

1. Табиғаттағы су айналымы қалай жүретінін түсіндір.
2. Жер шарындағы су мөлшері үнемі бірқалыпты бола ма? Болжап айт.

  Жер шарымызда су айналымы үнемі жүріп отырады, алайда жауын-шашын мөлшері әр жерде әртүрлі. Қосымша дереккөздерден жауын-шашын өте мол немесе өте аз түсетін аймақтар туралы ақпараттарды тап:
• Жер шары бойынша;
• Қазақстан аумағы бойынша.

×
×

Cart