Жаңбыр неге жауады?

- жаңбыр мен қардың неге жауатынын түсіндіре аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырманы орында

1. Табиғаттағы су айналымының қалай жүретінін түсіндір.
2. Бұл үдеріс судың қандай қасиеті арқылы жүреді?
3. «Жауын-шашын» сөзіне синквейн құра.
4. Ауа райының құбылуы неліктен әртүрлі болады? Болжап айт.

  Суреттерге қара. Ауа райы құбылыстарын ата. Мына ауа райының құбылыстары туралы не білетініңді айтып бер.

Білу үшін оқы
«Инсерт» әдісін қолдан.

  Енді сен табиғаттағы су айналымының не екенін білесің. Ауа райы құбылыстарының көпшілігі су айналымымен тығыз байланысты.
  Су буланып, жеңіл жылы бу Жер бетінен бірнеше километрге жоғары көтеріледі. Биіктіктегі ауа қашанда суық. Жылы бу суық ауамен араласып, бу ұсақ су тамшыларына айналады. Суық ауа су тамшыларын жерге қарай түсіреді, жылы ауа қайтадан жоғары көтеріледі. Ұсақ тамшылар ірі тамшыларға айналғанша бірнеше рет көтеріліп түседі. Барлық тамшылар бірігіп, бұлттарды құрайды. Олар әртүрлі болады.

Шарбы бұлттар

Қатпарлы бұлттар

Қазбауыр бұлттар

  Шарбы бұлттар Жер бетінен тым биікте жиналады. Олар ақ қауырсын тәріздес жұқа және сирек бұлттар. Онда бу тамшылары ұсақ мұз түйіршіктеріне айналады.
  Қатпарлы бұлттар шарбы бұлттардан төмен орналасады. Бір беткей бұлтты тұман сияқты. Мұндай бұлттар жауын-шашын әкеледі: қар немесе сіркіреген жаңбыр.
  Қазбауыр бұлттар – ең төменгілері. Қазбауыр жаңбырлы бұлттар – көшпелі түйдек бұлттардың түрі.
  Егер аспанда биіктен шарбы бұлттарды көрсең, жауыншашын болмайды, ал қара бұлттар мен қазбауыр бұлттарды көрсең, міндетті түрде жауын-шашын болады.
  Жазда бұлтта жиналған ылғал жерге жаңбыр болып жауады. Қыста әлдеқайда суық болғандықтан, буланған су қатып, мұз түйіршіктеріне айналады. Алтықырлы жұлдызшалар қар түйіршіктеріне бірігеді. Миллиондаған қар түйіршіктері қара бұлттарға айналып, қар жауады.
  Кейде су буы Жер бетіне жақын ауада жиналады. Ауа тұнық болмайды. Бұл құбылыс тұман деп аталады. Жаздыгүні тұман тез сейіледі. Күзгі тұман қою әрі ұзақ уақыт сейілмейді.

  Сызбаға қара. Жауын-шашынның қандай түрлері болатынын анықта.

  Жауын-шашын түрлерін белгілеуге шартты белгілер ойлап тап.

Қызықты деректер

• Ең ерекше жаңбыр – түрлі түсті жаңбыр. Оның себебі буланған судың көп мөлшердегі гүл тозаңымен араласып, сары түске боялуы. Ақ жаңбыр судың бормен және шаңмен араласуынан пайда болады. Тіпті жанартау шаңы араласқан кезде қара жаңбыр да жауады.
• Антарктидада және биік тауларда қызғылт, күлгін және қызыл түсті қар кездеседі. Бұл қардың түсін өзгертетін біржасушалы ағза – балдырлардың қарға түсуінен болады.
• 1981 жылы АҚШ-та қар жауғанда рекорд жасаған қар түйіршігі болды. Оның диаметрі 38 см еді.
• Жауын-шашын – ауа райы көрсеткіштерінің бірі. Ауа райын синоптик мамандар зерттейді. Синоптика – бұл Жер атмосферасындағы үдерісті зерттейтін ғылым.
• Таза қарға қарағанда, кір қар тез ериді. Неге олай деп ойлайсың?
• Ылғалды ауа құрғақ ауаға қарағанда жылуды жақсы ұстайды. Сондықтан құрғақ шөл далаға қарағанда ылғалды тропиктерде ыстық.
• Жаңбыр тамшысының жауу жылдамдығы – 27 км/с.

Сабақты қорытындылау

1. Жауын-шашын деген не? Олар қалай пайда болады?
2. Жауын-шашын жиналған кезде жүретін су айналымының реттілігін жаса.
3. Бұлттардың негізгі түрлерін ата. Оларды неге олай атайды? Болжамыңды айт.

  Энциклопедиялар мен басқа да дереккөздерден жауын-шашынның қалай пайда болатыны туралы ақпарат тап.
  Өзің тұратын жердің жылдың әр мезгіліндегі жауын-шашын мөлшерінің графикалық диаграммасын құрастыр. (Сенімді дереккөздердің мәліметтерін пайдалан).

×
×

Cart