§52. Ғаламдық жылыну: себептері, салдары, шешу жолдары

Бұл тақырыптың оқу мақсаты: климаттың ықтимал ғаламдық жылыну салдарын болжау.

Жылыжай эффектісі (әсері) дегеніміз не? Ол не үшін қауіпті? Оны қандай заттардың шығарындылары туындатады? Төрт ғаламдық экологиялық проблема: атмосфераның ластануы, жылыжай эффектісі, озон тесігі және климаттың ғаламдық жылынуы қалай байланысты?

Тақырыпты табысты меңгеру үшін 9-сыныптан 9-параграфты, 8-сыныптан 58-параграфты қайталау.

  Ғаламдық антропогендік әсердің сипаттамасы. Адамның қоршаған ортаға әсері, негізінен, кері сипатқа ие. Адам өнеркәсіптік технологияларды пайдаланбай тұрып, оны білген де жоқ. Себебі табиғи экожүйелердің өздігінен қалпына келуі есебінен орны толып отырды. Ғылыми-техникалық прогресс (ҒТП) заманы басталғанда ғаламшардағы жағдайлардың өзгеруінде антропогендік факторлардың рөлі басым бола бастады.
  Халық санының артуы қалпына келетін әрі қалпына келмейтін табиғат ресурстарын пайдалану ауқымын арттырады. Мысалы, неолит заманында жерде өмір сүретін адам санын екі есеге көбейту үшін 2500 жыл, 1900 ж. – 100, ал 1960 ж. – бар-жоғы 35 жыл кетті. Нәтижесінде 2/3 африкалық тропиктік орман жойылды, Солтүстік Америка аумағындағы орман ауданы едәуір қысқарды. Еуропа мен Жерорта теңізі елдерінде топырақты эрозиядан қорғайтын өсімдік жамылғысы жойылып жатыр. Еуропаның халық тығыз қоныстанған, бұрын осындай құбылыстар байқалмаған аудандарында да күшті су тасқыны жиілеп кетті. Көптеген елдерде кесілген орманды қалпына келтіру оларды кесуге қарағанда бірнеше есе баяу жүріп жатыр.
  Мамандар кесілген жапырақты ормандардың орнына қылқанжапырақты орман отырғызудың келешегі жоқ деп есептейді. Себебі қылқанжапырақты түрлер топырақты қышқыл әрі құнарсыз етеді, оның үстіне олар едәуір өртке ұшырағыш, фаунасы да жапырақты орманға қарағанда кедей болады.
  Экологтардың есебі бойынша, орман өрті жыл сайын шамамен 2 млн т органикалық заттарды жояды. Бұл кезде атмосфераға жану өнімдері: күйе, ыс, көмірқышқыл газы шығарылатынын түсіну керек. Орман ағаштарын қағаз өндіруде пайдалану шығынды күшейтеді. Тропиктік орманда дара дақылдарды (қант қамысы, кофе ағашы және т.б.) пайдалану топырақты тоздырады, кейін бұл жерлер шаруашылық айналымнан көп жылға шығып қалады. Мадагаскар аралында, мысалы, табиғатты жабайылықпен пайдалану нәтижесінде 9/10 аумақ ауылшаруашылығы үшін жарамсыз болып қалды.
  Адамзаттың қателігі – ХХ ғасырда Солтүстік жартышардың қоңыржай зонасында батпақты жаппай құрғату болды. Грунт суын реттегіш ретінде батпақтың рөлі салыстырмалы түрде жақында анықталды. Сөйтсе, батпақ қатты жауыннан кейін суды «губка» сияқты сіңіреді екен. Осылай тасқынның алдын алады, ал жазда күн ыстық кезде ылғалды біртіндеп қоршаған кеңістікке қайтарады. Оның үстіне экожүйе ретінде батпақ өнімділігі жеткілікті жоғары, ал батпақты құрғату өте қымбат әрі экономикалық тұрғыда ақталмайды.
  Экологиялық көзқарас тұрғысынан тағы бір күмән туғызатын шараға АҚШ-та жүйелі жүргізілетін жасанды өрт арқылы «орманды жасарту» жатады. Өрт бақыланып, белгіленген үлескіден шығып кетпесе де, ондай шараның пайдасынан келтіретін зияны көп.
  Ғаламдық жылыну себептері. Қоршаған орта – ауа, су, жер жоғары қарқынмен ластануда. Ауаға көмірқышқыл газының көп мөлшері шығарылуда, оның жинақталуы жылыжай эффектісінің пайда болуына апарып соғады. Неге атмосферада көмірқышқыл газы мөлшерінің арту проблемасы енді өзекті болып отыр? Оны негізгі шығарушыларға қара металлургия кәсіпорындары, отын жануының барлық үдерістері, шіру үдерісі (халық саны артқан сайын малшаруашылығы қалдықтарының мөлшері едәуір артты), орман өрттері, жанартау атқылауы жатады.
  Геологтар өткен замандарда жанартау белсенділігі қазіргімен салыстырғанда жоғары болған деп болжайды, бірақ «климаттың апатты ғаламдық жылынуы» болмады. Себебі атмосферадан көмірқышқыл газының ең белсенді биологиялық «сіңірушісі» көміртекті фотосинтез барысында органикалық заттар түзу үшін пайдаланатын жасыл өсімдіктер мен цианобактериялар болып табылады. Синтезделген органикалық заттардың бір бөлігі өсімдіктермен қоректенген жануарлар және өсімдіктер тыныс алғанда қайтадан СО2 мен суға айналады. Бірақ көміртектің едәуір бөлігі өсімдіктер денесінде, тіпті олар қурап қалса да, шіріп не жанып кеткенше целлюлоза түрінде қалады. Палеозойда «таскөмір» орман өсімдіктерінен қанша көмір түзілгенін еске түсірсек, жоғары болған жанартау белсенділігі неге климаттың апатты ғаламдық жылынуына апарып соқпағаны түсінікті болады. Адамзаттың үнемі орман ағаштарын кесіп, балдырлардың жойылуына себеп болып, дүниежүзілік мұхит бетін ластап жатқанын да еске түсіру керек.
  Көмірқышқыл газының ең белсенді биологиялық емес «сіңірушісі» дүниежүзілік мұхит екенін есте сақтау керек. Мұхиттың шексіз бетінде көмірқышқыл газы атмосферамен араласып, суда ериді. Әрі қарай көмірқышқыл газын СО2 маржандар сияқты теңіз тіршілік иелері, қарапайымдар мен ұлулар сияқты көптеген бақалшақты ағзалар кальций карбонатына айналдырады. Осы әктастың жанып жатқан көмір мен мұнай өнімдерінен айырмашылығы өзінен көміртекті «шығармайды». Бірақ қазіргі кезде мұхит беті қатты ластанған. Мұхит бетінде қалқып жүрген пластикалық бөтелкелер, пакеттер мен басқа да материалдардың жалпы жиынтық ауданы Австралия құрлығының ауданынан асып кетеді деген мәліметтер бар. Егер мұнай өнімдері төгілген кезде мұхит бетінде қалыптасатын мұнай дақтарын ескеретін болсақ, мұхиттың көмірқышқыл газын жойып үлгермей жатқаны түсінікті болады.
  Түрлі газдардың әсіресе фреондардың шығарылуы Күн сәулесінің едәуір мөлшерін шағылыстыратын озон қабатының ішінара бұзылуына әкеліп соқты. Таза климаттық үдерістерден басқа озон қалқасы Жердегі барлық тіршілік иелерін жойқын ультракүлгін сәулеленуден қорғайды. Жер серіктерінен және МКС-дан бақылау Арктика мен Антарктида үстінде озон тесіктерінің пайда болғанын көрсетті. Нәтижесінде Күн сәулесінің көп мөлшері атмосфераға еніп, Жер бетін қыздыра бастады.
  Ғаламдық жылыну салдары апатты болуы мүмкін. Соңғы жылдары Жер температурасы 1°С-қа көтерілді. Ол мұздықтардың тез еріп, дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуіне және құрлықтың зор аумағының су басуына апарып соғуы ықтимал. Климаттың жылынып жатқанына ешкімнің күмәні жоқ. Біздің ғаламшарымыз үнемі үздіксіз «ғаламдық климаттық өзгерістер» жағдайында тұр. Бұл үдерістер лезде жүзеге аспайды, бірақ таудан түсіп келе жатқанда біртіндеп жылдамдық жинап алып, басқарылмай қалатын арба сияқты күшейіп, жылдамдауы мүмкін. Егер жылыну жалғаса берсе, мұздықтар еріп, дүниежүзілік мұхит деңгейі көтеріліп, мұхит ағыстары өзгеруі ықтимал. Жер бетінің қызуы оның бетінің шағылыстырғыш қабілетіне байланысты екенін ескерсек, мұздықтар жойылса, Жер одан да тезірек қыза бастайды. Себебі мұз суға қарағанда үлкен шағылыстырғыш қабілетке ие. Бірақ судың құрлыққа қарағанда қабілеті зор. Көмірқышқыл газы СО2 сияқты қатты бөлшектердің атмосферада әрі қарай жинақталуы «жылыжай эффектісіне» тек белгілі бір деңгейге дейін апарып соғады. Егер атмосфера шағылысқан Күн сәулелерін шығармай, тіпті оларды өткізбейтіндей дәрежеде ластанатын болса, онда «мұзды Жер» жағдайы туындайды. Толық ғаламдық мұздық дәуір болған кезде, тіпті мұхитта тіршіліктің сақталуы жылыну кезіндегіге қарағанда үлкен мәселе тудырады.
  Кейбір эколог-ғалымдар біздің ғаламшарымызда бұрын да ғаламдық климаттық өзгерістер болғанына сенімді. Мысалы, ғаламдық экологияның негізін қалаушылардың бірі М.И. Будыко пікірі бойынша, адамзат атмосфераға көмірқышқыл газын СО2 шығарып, кезекті мұз дәуірінің алдын алды. Бірақ осы зерттеушінің пікірі бойынша, «ғаламшар-мұхиттан» алынатын Күн сәулесінің 1–5%-ға өзгеруінен «мұзды Жерге» айналуы мүмкін. Яғни 1–5%-ға көп күн радиациясын алсақ, мұздықтар еріп, континенттер су астына кетеді. Ал 1–5%-ға аз алсақ, бүкіл Жер беті, мұхит беті қоса қатып қалады. Сондықтан адамзаттың міндеті климатты тұрақтандыруға барынша күш салуы керек.

  Ғаламдық жылыну салдары соншалықты апатты болмайды деген де пікір бар. Себебі ол құрғақшылықтың бәсеңдеуіне, ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігінің артуына, аштықтан сақтануға апарып соғуы тиіс.
  Жердегі температура қазіргі кезде абсолютті максимал болмайды. Ғаламшардың геологиялық тарихында ол 10–15°С-қа жоғары болды. Оны геологтар мен палеонтологтардың зерттеулері дәлелдейді. 2 мың жыл бұрын Британ аралдарында жүзім өсірілген деген жанама дәлелдер бар. Мың жыл бұрын Скандинавия аралдарында астық тұқымдастар заманауи шегарадан 300 метрге жоғары жерде өсірілген. Новгородта «жылы жүйектерде» қауын өсірілген. Алматыда жүз жылдай бұрын энтузиастар шай ағашын ашық грунтта өсірген. Бірақ «ғаламдық жылыну климатты жақсартады» деген пікірді эколог-ғалымдардың басым бөлігі қолдамайды.

  Қазіргі кезде әсіресе мәңгі тоң тундра зонасы жағдайында климаттық өзгерістер қатты сезіле бастады. Себебі еріген кезде топырақ құрылымы өзгереді, қасиеті батпаққа ұқсайтын сусыма (былқылдақ) грунт түзіледі. Тундрада салынған жолдың барлығы, электр беру желісі, күрделі құрылыстар, шахталар, мұнай және газ құбырлары бұзылуы мүмкін. Себебі олар мұндай өзгерістерге есептелмеген. Нәтижесінде грунт суларының деңгейі де өзгереді, ондаған, жүздеген жылдарда қалыптасқан флора мен фауна жойылады. Ал бұл жерде адам салған барлық инфрақұрылым бұзылған соң, техногендік апат салдарын болжау қиын. Сондықтан Канада, Ресей, Финляндия сияқты және т.б. солтүстік мемлекеттер «климаттың жылынуына қуанбайтыны» анық.
  Ғаламдық жылыну проблемасын шешу жолдарын «ғаламдық» және «жергілікті» шараларға бөлуге болады. Әрине, дүниежүзіндегі барлық өркениетті елдер қабылдауға қабілетті «ғаламдық шаралар» шұғыл нәтиже беруі тиіс. Бірақ әзірге елдер арасында экологиялық мәселелер емес, экономикалық, әскери және саяси өзара әрекеттестік мәселелері талқылануда. Әйтсе де экологиялық мәселелерге мүлде мән берілмей жатыр деп айтуға болмайды.
  Әрекетті жалпы дүниежүзілік экологиялық шараларға әлемнің көптеген елдері қол қойған Киото хаттамасын (Киото қаласы – Жапонияның ертедегі астанасы) қабылдау жатады. Бұл «Климат бойынша дүниежүзілік келісім» хаттамасы 2005 жылдан бастап күшіне енді. Оған қол қойған елдер атмосфераға көмірқышқыл газын шығаруды өз еркімен шектейді, ол Жер атмосферасының жылыну қаупін азайтады. Көмірқышқыл газының жылыжай эффектісін жасайтыны белгілі. Бірақ АҚШ жақында «Климат бойынша дүниежүзілік келісімнен» шықты. АҚШ экономикасы дүниежүзінде дамыған ең ірі елдердің бірі бола отырып, атмосфераға көмірқышқыл газын шығаратын «көшбасшы мемлекеттердің» бірі болып табылады.
  Осыған қарамастан әрбір азамат ғаламдық жылынуды тоқтатуға қолынан келгенінше өз үлесін қоса алады. Бірінші кезекте, кез келген жасыл өсімдікті қатты қажет болмаса жоюға болмайды. Әрбір жапырақ, әрбір тірі жасыл өсімдік жасушасы көмірқышқыл газын «сіңіруші» болып табылатыны естеріңде болсын. Жапырақ беті өзіне қонатын шаңды және басқа қатты бөлшектерді жинайды. Жүрген жерлеріңде, үйде, сыныпта болсын, аулада, үй жанындағы жерде де өсімдікті күтуге, көбейтуге тырысыңдар. Қажет болмаса еш нәрсені жағуға тырыспаңдар.

  Ғаламдық антропогендік әсер, ғаламдық жылыну, Киото хаттамасы.

Білу және түсіну:
1. Неге ғаламшар жағдайы техникалық прогрестен кейін нашарлай бастады? Оған табиғаттың өздігінен қалпына келуі неліктен кедергі жасай алмады?
2. Орман ағаштарын кесу мен Сібірдің халық тығыз қоныстанған континенттік бөлігіндегі су тасқыны арасындағы байланысты анықтаңдар.

Қолдану:
1. Орман ағаштарын кесу, халық санының өсуі және мұхиттың ластануы Жер атмосферасына қалай әсер ететінін салыстырыңдар.
2. Кесілген жапырақты ағаштардың орнына қылқанжапырақты ағаштарды отырғызу экологиялық жағдайдың нашарлауына апарып соғу себептерін атаңдар.

Талдау:
1. Ғаламдық климаттық өзгерістерге әкелетін үдерістерді сызба түрінде бейнелеңдер.
2. Тропиктік орманды кесу себептері мен салдары туралы пікірлеріңді айтыңдар.

Синтез:
1. Неліктен тарихтан бұрынғы замандарда жанартау белсенділігі жоғары кезде озон тесігінің түзілуі және ғаламдық жылыну туралы мәселе болмады?
2. Шынайы жағдайда өрттен жылына қаншама тіршілік иесі жойылатынын бағалаңдар.

Бағалау:
1. «Орманды жасарту» технологиясын қолдану және оның жылыжай эффектісінің жасалуына әсері туралы реферат жазыңдар.
2. Ғылыми-техникалық прогресс заманында табиғат ресурстарын (орман ағаштарын кесу, техногендік ластану, тұщы суды пайдалану және т.б.) пайдаланудың экономикалық және экологиялық салдарын бағалаңдар. Неге кейбір адамдар үшін экономикалық жеңіл табыс пайдалы, ал жалпы адамзат үшін аса қауіпті болуы мүмкін екенін түсіндіріңдер.

×
×

Cart