§55. Шөлдену проблемалары
(Қосымша оқу үшін)

Топырақ деген не? Ол қалай қалыптасады? Топырақ қандай құрамбөлiктерден тұрады? Топырақтың құнарлығы неге байланысты? Қазақстанда топырақтың қай типтерi басымырақ? Олардың қайсысы өте құнарлы болып табылады?

  Қазақстанның топырақ жабыны аймақтылықпен және типтерiнiң сан-алуандығымен сипатталады. Жазықтарда негiзгi үш топырақ аймағы бар. Олар: қара топырақ, қоңыр топырақ, құбатопырақты және құба-сұр топырақты аймақтар. Орманды дала аймағында негiзiнен шабындықты қара топырақ кездеседі. Қоңыржай қуаң дала аймақшаларда кәдiмгi қара топырақ, ал қуаң дала аймақшаларда оңтүстiк қара топырағы орын алған. Шөлдерден қоңыр, сұр-қоңыр, тақыртәрiздес және құмды топырақтарды көруге болады. Оларда гумус мардымсыз (1%-дан азырақ) болып келедi. Сортаң жер және сор топырақ барлық аймақшаларға таралған, әсiресе шөлде көп кездеседі.
  Қазақстан аумағының жалпы ауданынан (272,5 млн га) алдын ала жақсартусыз пайдалануға жарамды топырақ 21,8 млн гектарды құрайды. Аумақтағы жердiң 26,7 млн гектары, оның iшiнде 1,6 млн га егiстiк жер, сондай-ақ 24,1 млн га топырағы тозған жайылым эрозияға және желден бүлiнуге (дефляция) ұшыраған. 182 мың га жер қалпына келтiрудi қажет етедi (53-сурет).
  Қазақстандағы маңызды экологиялық проблемалардың бiрi шөлге айналу болып қалуда. Оның пайда болуына құрғақ климат және мұхиттардан алшақтық сияқты табиғи жағдайлар себепшi болады. Алайда тап осы проблеманың күшейе түсуi: адам iс-әрекетiнiң нәтижесi екенiн естен шығаруға болмайды. Бiрiншi кезекте – бұл тұщы суды жер суаруға, соның iшiнде шектес мемлекеттерге жұмсалуда. Соның нәтижесiнде ХХ ғасырдың 80-жылдарында бiздiң екi басты өзендер өңiрi – Әмудария және Сырдария ағыны төмендеп, Арал теңiзiнiң суы тартылды. Бұл – өңiрлiк ауқымдағы iрi экологиялық дағдарыс (§54-параграф). Сондай-ақ шөлге айналуға тоғайлы-аумақта және су қорғайтын орман жолақта бақылаусыз ағаш кесу мен мал жаю, даланың және шөлдiң өсiмдiктерiн (сексеуiл және шеңгел) құрту, топырақты тоздыратын жер жырту себепшi болуда.

53-сурет. Көмiр және кендi ашық әдiспен өндiрген кезде орасан үлкен бос аумақтар пайда болады

  Қазақстандағы шөлге айналған жердiң жиынтық ауданы 179,9 млн гектарды құрайды немесе аумақтың 66%-ы. Шөлге айналу республиканың барлық өңiрлерiн дерлiк шарпыды (54-сурет). Мәселен, Орталық Қазақстанда 50-жылдары тың және тыңайған жерлердi игеру кезiнде жоғары өнiмдi далалық үлескiлермен қатар, 8 млн гектарға жуық сортаң жерлер және 12 млн га жеңiл механикалық құрамдағы топырақ жыртылды. Ал 70-жылдары қосымша тағы 11 млн га өнiмдiлiгi аз жер игерiлдi. Мұндайда топырақ қорғау технологиясы болмағандықтан, гумус жойылып (осы аумақтарда 25%-ға дерлiк), топырақтың құнарлылығы төмендедi. Сол кездерде құнды табиғи жайылымдарға жарайтын, егiншiлiк жағынан өнiмдiлiгi аз үлескiлер жыртылды. Олардың жойылып кетуi жылма-жыл 85 тоннадан астам табиғи мал азықты жоғалтуға әкеліп соқты.

54-сурет. Бетпақдала шөлiнiң орталық бөлiгi

  Экономикалық шығынның соңынан шөлге айналу бiрқатар маңызды әлеуметтiк проблемаларға ұрындырады. Оларға ауыл халқының арасында жұмыссыздықтың артуы; өнiм сапасы мен оны тұтыну деңгейiнiң төмендеуi; халық денсаулық жағдайының шұғыл нашарлауы; олардың ауылшаруашылық өнiмдерiн сатудан түскен табыстарының төмендеуi; шөлге айналуға ұшыраған аудандардан көшi-қонның күшеюi жатады.
  Қазақстан Республикасы Шөлге айналу жөнiндегi конвенцияға қол қойып, бекiте отырып (1997 жылы 7 шiлде), оны бұлжытпай орындауды мiндетiне алды. Шөлге айналумен күрес ең алдымен шөлге айналуды тудыратын негiзгi себептердi жою жолымен ғылыми негiзделген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылуы тиiс.

  Шөлдену, жерді рекультивациялау, топырақ эрозиясы және дефляциясы.

×
×

Cart