Пайдалы қазбалар қайда қолданылады?

- кейбір пайдалы қазбалардың қолданылатын аясын анықтай аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер

1. Пайдалы қазбаларды қалай өндіреді?
2. Пайдалы қазбаларды не үшін өндіреді?

  Суреттерге қараңдар. Мына пайдалы қазбалардың (қасиетіне қарай) қай топқа жататынын анықтаңдар.

  Бұл пайдалы қазбаларды қайдан өндіретінін және қалай қолданатынын болжап айтыңдар.

Білу үшін оқы

  Қасиеттеріне қарай барлық пайдалы қазбалардың өз қолданылатын саласы бар.
  Кеннен металл алады. Кенде металдан басқа да заттар бар, оларды бос тау жыныстары (маңызы жоқ минералдар) деп атайды. Металды алу үшін кеннен қазынды құрамындағы бос минералдарды ажыратып алады. Бұл үдеріс байыту деп аталады. Содан соң металл қорытатын зауыттарда кеннен металл қорытып шығарады.
  Мыс, алтын, мырыш, күміс – металдар, олардың түстері әртүрлі. Сондықтан оларды түсті металдар деп атайды. Құрамында темір бар кендер: қызыл, қоңыр және магнит теміртастар. Бұл кендер қара металға жатады. Олардан темір балқытып, шойын мен болат қорытады.

  Сызбаға қара. Түрлі металдардың қалай қолданылатынын анықтап, мысал келтір.

  Жанғыш пайдалы қазбаларды адамдар ерте кезден үйлерін жылытуға пайдаланып келеді. Сонымен қатар пайдалы қазбалардан алуан түрлі заттар алынады. Пайдалы қазбалардың бұл тобына мұнай, табиғи газ, шымтезек, қоңыр көмір және таскөмір жатады. Жанғыш пайдалы қазбалар қазба отын деп аталады.

Сызбаға қара. Мұнайдан не алынатынын анықта.

  Металл емес пайдалы қазбалар да кең қолданысқа ие. Оларды құрылыста (мәрмәр, гранит, құм, сазбалшық, цемент өнімдері), тыңайтқыштар мен қышқылдар (фосфориттер) өндіруде, зергерлік бұйымдар, ыдыс-аяқ, мүсіншелер (қымбат бағалы және жартылай қымбат тастар, ақ сазбалшық) жасауда қолданады.

Қызықты деректер

• Малахит – бұл жасыл түсті әдемі, мөлдір емес минерал. Ол өзінің атауын гректің «малахэ» – қазақша «құлқайыр» деген сөзінен алған, себебі малахиттің түсі осы өсімдіктің түсіне ұқсайды. Бір қарағанда малахит тас сияқты көрінеді. Ал шындығында малахит – мыс алатын кен. Бұл кен тез балқиды, 7000 жыл бұрын адамдар малахиттен мыс алуды білген.
  Бұл минерал өте әдемі болғандықтан, одан қобдишалар, гүлсауыттар, мүсіншелер, зергерлік бұйымдар жасайды.

  Санкт-Петербургтегі Эрмитаж мұражайында Малахитті зал бар. Бұл залдағы құмыралар, үстелдер малахиттен жасалып, каминнің беті мен бағаналары осы малахитпен қапталған.
• Адам тамаққа қосатын тұз өте көп мөлшерде өндіріледі. Бұл пайдалы қазбаның адам өмірінде маңыздылығына қарамастан, оның 6%-ы ғана тағамға пайдаланылады. Қалған тұз (94%) өндіріске және тайғақ кезінде жолдарға себуге қолданылады.

• Бұл суретте – кәріптас. Оны әшекейлер жасауға пайдаланады. Кәріптастың түсі ашық сарыдан қоңырға дейін болады. Сондай-ақ қызыл, жасыл, тіпті сүттей аппақ түсі де бар. Бұл тас емес, қылқан жапырақты ағаштардың тасқа айналған шайыры. Кәріптас сіріңкенің отына да жанады.

Сабақты қорытындылау

1. Пайдалы қазбалардың қандай түрлерін білесің?
2. Түрлі пайдалы қазбаларды қалай пайдаланады?
3. Кен байыту деген не? Оны не үшін жасайды?
4. Металл емес пайдалы қазбаларды қолдану сызбасын сыз.
5. Мұнайдан жасалған заттар туралы постер құрастыр.

×
×

Cart