Галактика

- галактиканы сипаттай аласың;
- жекелеген ғарыш денелерін сипаттай аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырмаларды орында

1. Астероид деген не?
2. Неліктен Жер бетіне метеориттер түседі, ал метеорлар түспейді? Болжап айт.
3. Ғаламшар орбитасы деген не? Ол қандай болады?
4. Жұмбақты шеш.
     Күнді айналып қозғалады,
     Артында жарық жол қалады.
5. Жұмбақтың шешуіндегі нысан туралы не айта аласың?

  Сызбаға қара. Күннің айналасында түрлі ғарыш нысандарының қалай қозғалатынын анықта.

Білу үшін оқы

  Күннің айналасында түрлі орбитамен жылжитын тағы басқа аспан денелері бар, олар – кометалар (құйрықты жұлдыздар). Бұл денелер қатқан газдар мен шаң-тозаңнан тұрады.
  Кометалар Күннен өте үлкен қашықтықта айналады, олардың кейбіреулері тек 200–300 жылда бір рет Күнге жақындайды. (Сызбаға қара, неліктен олай екенін ойлап тап).
  Белгілі бір нақты кезеңмен Күннің маңынан ұшып өтетін кометалар да бар. Осындай кометаның бірі – Галлей кометасы. Ол 76 жылда бір рет Күнге жақындайды. Бұл комета оны алғаш байқаған ғалымның құрметіне аталған.
  Комета Күнге жақындағанда қызады. Қатқан газдар мен мұз буланып, соңында «құйрық» пайда болады. Комета Күннен алыстағанда суып, «құйрығы» көрінбейді.

Комета

  Жарқыраған жұлдыздар шоғырын ашық түнгі аспаннан көруге болады. Бұл – ғарыштық шаң-тозаң мен газдан, жұлдыздар мен олардың айналасындағы басқа денелерден тұратын алып ғарыштық жүйенің шағын ғана бөлігі. Мұндай жүйелер галактика деп аталады.
  Біздің Күн жүйемізден тұратын галактика Құсжолы деп аталады. Ол шамамен 200 миллиардтай жұлдыз ғаламшарлары мен олардың серіктерінен құралған.

Құсжолы

  Сызбаға қара. Галактиканың пішіні қандай екенін анықта.

  «Құсжолы» галактикасы спираль (шиыршықты) тәрізді.
  Әр галактиканың құрамына кіретін жұлдыздар өздерінің көлемі мен түсі жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Көгілдір, ақ, сары, сарғылт, қызыл жұлдыздар бар. Күн – сары әрі орташа жұлдыз.

  Суретке қара. Басқа жұлдыздармен салыстырып, Күннің көлемін анықта.

Қызықты деректер

• Ертеде адамдар кометаларға қорқа қарап, оларды «құйрықты жұлдыздар» деп атаған.
• 2014 жылы ғарыштық аппарат адамзат тарихында алғаш рет кометаға қонды.
• Кометаның «құйрығы» өте ұзын болуы мүмкін. Кейбір кометаның құйрығының ұзындығы 580 миллион километрге дейін жетеді. Кометаның «құйрығы» Күннің қарама-қарсы жағына бағытталған.
• Галактика өзін-өзі айналады. Күн барлық ғаламшарымен өз галактикасын толық айналып шығу үшін 225 миллион жыл керек.
• «Құсжолы» галактикасында 200 миллиардтай жұлдыз бар, ал Жерден ешқандай құралсыз қарағанның өзінде 6000-ға жуық жұлдызды көруге болады.

Сабақты қорытындылау

1. Комета деген не?
2. Оның «құйрығы» қай кезде және неліктен пайда болады?
3. Галактика деген не?
4. Галактикалар қандай болады?

  Нақты дереккөздерден неліктен біздің галактикамызды «Құсжолы» деп атайтыны туралы ақпараттар тап.

×
×

Cart