Жер Күнді өз өсінен айнала отырып қозғалады. Жер Күнді секундына 30 километр жылдамдықпен айналады. Ол Күнді бір жылдың ішінде, яғни 365 тәулік 6 сағат 9 минутта бір рет айналып шығады. Ыңғайлы болу үшін 365 тәулікті 1 жыл деп санайды. Қалған сағаттар мен минуттарды жинап, әр төрт жыл сайын кібісе жылы деп есептейді, онда 366 тәулік болады.
Жер өсінің көлбеулігіне байланысты Күн сәулесі Солтүстік және Оңтүстік жартышарларға әртүрлі түседі. Солтүстік жартышарда қыс болғанда, Оңтүстік жартышарда жаз болады.
Қысқа қарағанда жазда Күн көкжиектен жоғары көтеріледі, жазда күн ұзақ, қыста күн қысқа болады. Жердің орбита бойымен қозғалуы жыл мезгілдерінің ауысуына әкеледі. Жер шарымыздың экваторына Күн сәулесі тік түсетіндіктен, қатты ыстық болады. Сондықтан онда жыл мезгілі ауыспайды.
Жылына екі жартышарға да (Солтүстік пен Оңтүстік) Күн сәулесі бірдей түсетін екі күн бар. Бұл күндері барлық әлемде күн мен түннің ұзақтығы бірдей. Бұл күндер көктемгі және күзгі күн мен түннің теңелуі – 21 наурыз бен 22 қыркүйек.