Әл - Фараби

(870–950)

   Әбу Насыр әл-Фараби – қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым. Ойшыл, философ, математик. Ол – әдебиет пен музыка зерттеушісі, ақын. Толық аты-жөні: Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби.
   Болашақ ғалым алғашында туған жері Отырар медресесінде, кейін Шаш, Самарқан, Бұхара, Мысыр, Халеб, Бағдад қалаларында оқып, жан-жақты білім алған. Дүниежүзілік ғылым мен мәдениеттің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанып, көп тілді меңгерген.
   Оның философия, жаратылыстану, астрономия, математика, медицина, логика, этика, метафизика, жағрафия, әдебиеттану, тіл білімі, музыка сияқты ғылым салаларынан 164 трактат жазғаны мәлім.
   Ұлы ғалымның көптеген еңбектерінің ішінен бүгінгі ұрпақтың қолына қырыққа жуық ғылыми жазбасы жеткен.

   Әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуы Қазақстанда кеңінен атап өтілді. Оның шығармалары қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылған. Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті әл-Фараби есімін иеленген.

   Трактат – ғылыми еңбек.

?

   1-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңдер.

1. Әл-Фарабидің шын есімі кім? Қай жерде дүниеге келген?
2. Әл-Фарабидің қандай еңбектерін білесіңдер?

   2-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды орындаңдар.

1. Әл-Фараби неше трактат жазып қалдырды?
2. Ғалымның қанша ғылыми жазбасы біздің заманымызға жетті?
3. «Әлемнің екінші ұстазының» еңбектерін атап, не туралы екенін дәптерге жазыңдар.

!

   Метафора (ауыстыру) – екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып-жақындату негізінде астарлы тың мағына беретін бейнелі сөз немесе сөз тіркесі. Мысалы, Абай өлеңдерінде кездесетін жастықтың оты, жүректің көзі, дүние есігі, өмірдің өрі деген метафора үлгілерін атауға болады.

Ақын – жел, есер, гулер жүйрік желдей,
Ақын – от, лаулап жанар аспанға өрлей.
Қиялы, жан, жүрегі – ойнаған от,
Ақынды аласұртар, тыныштық бермей.

(М. Жұмабаев)

Қашықтасың туған жер

Қашықтасың туған жер – қалың елім,
Небір жүйрік болдырып жарау деген.
Шаршадым мен, қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар.

Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,
Әкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп, түңіледі.

Аударған Аян Нысаналин

   Мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтады.

Әл-Фараби

   1-тапсырма. Өлең жолдарындағы шаршадым, шаңыт жол сөздеріне назар аударып, шығарманың идеясын түсіндіріңдер.

   2-тапсырма. Туған жерден жырақта жүрген ақынның сағынышын сипаттап, дәптерге жазыңдар.

   3-тапсырма. Өлеңді мәнерлеп жатқа айтып беріңдер.

   4-тапсырма. Ақынның адамгершілік қасиетін ашатын үзінділерін тауып оқып, мағынасын өз ойларыңмен жеткізіңдер.

   5-тапсырма. Берілген тапсырманы орындаңдар.

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар, –

деген сөздер арқылы әл-Фарабиге мінездеме, портрет жасаңдар.

   6-тапсырма. Шығармадағы көріктеу-айшықтау құралдарын тауып, дәптерге жазыңдар.

   7-тапсырма. Әлемнің екінші ұстазы, терең ойлы ғалым тіркестерін қолданып, әл-Фараби туралы эссе жазыңдар.

   8-тапсырма. Әл-Фараби еңбектерінің тарихи құндылығы неде? Ойларыңды дәлелдеп айтып беріңдер.

   9-тапсырма. Шығармашылық жұмыс.

  1. Қашықтасың туған жер – қалың елім,
    Небір жүйрік болдырып жарау деген.
    Шаршадым мен, қанатым талды менің,
    Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

   Берілген өлең жолдарын негізге алып, туған елсіз, жерсіз адам ешкім бола алмайтынын өз ойларыңмен дәлелдеңдер.
   2. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» мақалын талдай отырып, сыни ертегі
(хабарлама, өлең, эссе) жазыңдар.

   10-тапсырма. Мәтінді тыңдаңдар. Берілген уақыт ішінде тапсырмаларды орындаңдар.

   Уақыт мөлшері: 20 минут.

Өлең жолдарынан өз түсінгендеріңді шығарма түрінде жазыңдар.

Тіршілікте құрыштай бол төзімді

Тіршілікте құрыштай бол төзімді,
Сан мәртебе алдаса да өзіңді.
Тағдырыңды еш уақытта жазғырма,
Тіпті кейде болса да әзәзіл азғырған.

Өрге жүзген өнегелі ісімен,
Таңда адал дос, өз теңіңнің ішінен.
Жүргендер көп достық атын малданып,
Алайда тек қалма оған алданып.

Аударған Аян Нысаналин

   1-тапсырма. Өлең жолдарындағы төзімді, тағдыр сөздеріне назар аударып, шығарманың идеясын түсіндіріңдер.

   2-тапсырма. Өлеңнің тақырыбы мен идеясына талдау жасаңдар. Ақынның достық туралы ойын тауып оқып, өз пікірлеріңді айтыңдар.

   3-тапсырма. Өлеңді мәнерлеп, жатқа айтып беріңдер.

   4-тапсырма. Берілген кестеге сай достыққа тән қасиеттерді талдап, дәптерге жазыңдар.

Адал дос

Амал дос

   5-тапсырма. Көріктеу-айшықтау құралдарын пайдаланып, достарыңа мінездеме жазыңдар.

   6-тапсырма. «Тіршілікте құрыштай бол төзімді», «Жүргендер көп достық атын малданып» тіркестерін қолдана отырып, төзімділікке, өмірге, достыққа арнап өлең шығарыңдар.

   7-тапсырма. Әл-Фараби еңбектерінің көркемдік құндылығы туралы не ойлайсыңдар? Ойларыңды ғылыми пікірлермен дәлелдеп айтып беріңдер.

   8-тапсырма. Шығармашылық жұмыс.

1. «Тағдырыңды еш уақытта жазғырма» деген өлең жолдарына мән беріңдер. Адамның жақсы болуы, жетістікке жетуі өзінен басталатынын өз ойларыңмен дәлелдеңдер.
2. «Өмірің – өз қолыңда» тақырыбында қоғамдағы байқалатын келеңсіздіктерге қарсы сыни үндеу жазыңдар.

!

   Антитеза (шендестіру) – 1) Кереғар ұғымдарды бетпе-бет қоятын айшықтаудың (фигураның) бір түрі. Екі затты не құбылысты шендестіру арқылы басқа бір құбылыстың, ұғымның, нәрсенің суреті, сыр-сипаты, кескін-кейпі аңғарылады. Қазақ әдебиетінде фольклордан бастап қазіргі қазақ әдебиетіне дейін қолданылады. Мысалы, «Қара жерге қар жауар, Қарды көр де етім көр» («Ер Тарғын»), «Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл…» (Абай). 2) Бүгінгі әдебиеттанудағы қарама-қарсылықты айқындау, көбінесе ашық, антоним сөздер арқылы да беріледі. «Өссе тілім, мен де бірге өсемін, Өшсе тілім, мен де бірге өшемін» (Ә. Тәжібаев).

!

   Аллегория (тұспалдау) – ойды орағытып, тұспалдап айту.

!

   Гипербола (әсірелеу) – әдебиеттегі көріктеу тәсілдерінің бірі, әртүрлі құбылысты немесе белгілі бір нәрсені шамадан тыс асыра суреттеу тәсілі. Мысалы, «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар»; «Астындағы бурылдың, Жоғарғы ерні көк тіреп, Төменгі ерні жер тіреп…» («Қобыланды батыр»).

!

   Литота (кішірейту) – заттың не құбылыстың қасиетін кішірейте суреттейтін көркемдік құрал. Батырлар жырында, өтірік өлеңдерде литота жиі қолданылған. Мысалы, «От орнындай тұяқтан, оймақтайы қалыпты» («Ер Тарғын»).

×
×

Cart