Менің құлыншағым

Мәтіннен қажетті деректі аламын, тұжырым жасаймын.

1. Оқы. Түсінгеніңді айт.

Бәсіре – қазақ шаңырағында ұл балаға құлынды немесе ботаны «баланың бәсіресі» деп атау салты. Қазақ халқының ұғымы бойынша баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты, сондықтан оны сатпайды. Бұл бәсіресі бар баланың малға деген ықыласы, пейілі түзу болсын деген ниеттен туған.

«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, 2-том

2. Түсініп оқы.

Менің құлыншағым

Мен алтыға келгенде,
Құлын тапты биеміз.
Қорада оны көргенде,
Мәз-мейрам боп жүреміз.

Өзі сондай сүйкімді,
Ойыншықтай мендегі.
Келтіреді күлкіңді,
Мамасын кеп емгені.

Кеше көрсем қорада
Ойнақтап жүр, қызық-ай!
Мұндай құлын бола ма,
Сирағының ұзыны-ай!

Деді атам: – Бұл құлын –
Саған атар бәсірем.
Сен өскенше жылқының
Тұлпары етіп өсірем!..

Мен шыққалы жетіге,
Тура, міне, ай болды.
Құлын шығып екіге,
Асыр салған тай болды.

Бұрынғыдай емес те,
Жанынан жай өтесің.
Қарап тұрсаң көресің
Ойнақтаудың «көкесін».

Атам әлгі қасқаны
Қорада ұстап алды да,
Күзеп-күзеп тастады
Құйрығын да, жалын да.

Ертіп келіп көршіні,
«Ұры тісін» қақтырды.
Ауырсынып қалды ма,
Орнынан шақ тұрды…

Сегіздемін, міне, мен,
Тай есейді құнан боп.
Үйретті өзін күнімен
Ерттеді де, жүгендеп.

Атам әлгі қасқаны
Ұстап алып жуықта,
Жалын күзеп тастады,
Тимеді енді құйрыққа.

Ер салғанға үйренді,
Кәдімгідей жуасып.
Той боларын білгенде,
Суытамыз түн асып.

Құнан жарыс болғанда,
Ағам мініп шабады.
Кейде бәйге алады,
Кейде артында қалады…

Білімге сермеп құлашты,
Тоғызға да жеттім ғой.

Бітіріп бір сыныпты,
Үшіншіге өттім ғой.

Құнанымыз дөнен боп,
О да біздей есейді.
Бойшаң, биік менен көп,
Құнан емес кешегі.

Сауырынан келемін,
Тұрсам оның жанында.
Күземеді дөненнің
Биыл құйрық, жалын да.

Атам мініп көкпарға,
«Ұшқыр-ақ», –
деп мақтайды.
Үстін жуып тарарда,
Бойынан мін таппайды.

Атам рұқсат бергенде,
Кейде атқа мінемін.
Ауыл шарлап келгенде,
Желдірем де жүремін…

Бір жыл өтті. Ондамын.
«Қалдың», – дейді – «есті боп».
Толып дене бой жағы,
Дөнен өсті бесті боп.

Шаң ілеспес артына,
Жүйрік болды әйгілі.
Сан шабысқа барды да,
Алды талай бәйгені.

Дейді атам:
– Бұл бесті
Алдына ат салмайды.
Сен де оқуда бол есті,
Басып оз да талайды.

Ескен Елубай

3. Мәтінге сүйеніп, жылқының жасына қарай атауларын жаз.

1 жас – құлын
2 жас – …


4. Мәтіндегі баланың жасы мен жылқының жасын сәйкестендіріп айт.

5. «Менің құлыншағым». 5 жолды өлең құрастыр.

6. Хрестоматиядан «Бәсіре» деген мәтінді оқуыңа болады.

×
×

Cart