Біздің мектеп – жаңадан салынған сәулетті, сәнді ғимарат. Көктемде ұжымдық дәстүр бойынша мектеп айналасын көгалдандыру ісі басталды. Біздің бесінші сынып оқушыларының топбасшысы мен:
– Біздің сыныптағы он бес оқушы он бес ағаш отырғызып, мектепті бітіргенге дейін, ол ағаштарды үзбей күтейік, – деп ұсыныс жасадым.
– Біз әрбір ағаштың өз иесін белгілейік, сөйтіп олардың іс-әрекетін бақылап отырайық, – деді Асқар. Біз оның ұсынысын мақұлдадық.
– Әуелі ағашты қалай отырғызуды үйреніп алу керек, – деді сабырлы Садық.
– Ағаш отырғызудың қандай қиындығы бар? Оқытушы бәрін көрсетеді, – дедім.
– Ағаш отырғызу үшін көшет таңдай білу керек, – деп Керім кекиді.
– Менің атам – бағбан, көшеттерді мен таңдаймын, – деп Демеу демікті.
– Талаптарыңа нұр жаусын. Сендерге ағаш отырғызатын жерді белгілеп беремін, – деп шаруашылықты меңгеруші Мейірман ағай мейірлене сөйлеп, бізді басқарып барды.
«Биология» пәнінің оқытушысы Әшір ағай бізге ағаш отырғызатын шұңқырдың тереңдігін, енін белгілеп берді. Біз ағаштардың арақашықтықтарын белгілеп, көшет отырғыздық.
– «Бітті жұмыс» деп салғырт болмаңдар. Ағашты суару, бұтау, дәрілеу, қорғау, түбін босату әрекеттерін әрбір ағаштың иесі жақсы білу керек, – деп, Әшір ағай ағаш күтудің жағдайларын бізге жақсылап түсіндіріп берді.
– Өзіміз отырғызған ағаштардың жайқалып, жақсы өсуіне бәріміз жауаптымыз, – деді Әділет.
– Өстіп, ұжымдық дәстүрге берік болыңдар, – деп сынып жетекшісі Асқарбек ағай біздің ісімізді өз бақылауына алды.
Біз әрқайсысымыз бір түп ағашты күтіп, өсіре бастадық. Мектеп ауласындағы жайқалып тұрған жас ағаштарды көріп, жұрт бізге алғысын айтып жүр.