Күн мен Ай

Мәтінді түсінемін және фильм жасап үйренемін.

1. Мақалдарды оқы. Түсіндіріп көр.

2. Күн мен Ай неге кездеспейді? Тыңдап көр.

Күн, Ай және Қораз

  Бұл өте ертеде болыпты, содан бері қанша жыл өткенін есептеп айтуға сан жетпейді. Ағайынды үшеу: Күн, Ай және Қораз аспанда тұрыпты. Бірде ең үлкені Күн адамдарға жарық сәуле шашуға кеткенде, үйде Ай мен Қораз қалыпты. Ай барып тұрған сотанақ екен. Қоразға тыным бермей, ақыры тәжінен ұстап алып, Жерге тастап жіберіпті. Қайта оралған Күн болған оқиғаны біліпті. Ойланып отырып, былай депті: «Менің байқауымша, сенің ешкіммен де сыйысып, тыныш отыра алатын түрің жоқ екен. Қайтып бетіңді көрмейін. Бұдан былай мен аспанда күндіз ғана жүремін, ал сен тек түнде шығасың».
  Содан бері Қораз қызарып, шығып келе жатқан Күн ағасын көргенде: «Қо-қо-қоқ!» – деп айғайлайтын болыпты. Онысы: «Қайырлы таң, мейірімді аға!» – дегені екен. Ал Күн батып, Ай көріне бастағанда, Қораз үйшігіне тезірек кіріп алуға асығады екен.

«Бабалар сөзі». Жүз томдық, 78-том

3. Аңыздағы оқиғамен келісесің бе? Мүмкін өзің басқа нұсқасын білетін шығарсың? Ай да, Күн де өте сұлу ғой. Мүмкін соған қарай бұрып, басқа оқиға ойластырарсың? Қиялдап көр.

4. Түсініп оқы.

Жұлдыз қалай жасалады?

  Қожанасырдан біреу:
  – Қожеке, осы жаңа Ай туғанда ескі Айды не қылады? – деп сұрайды.
  Қожанасыр сонда:
  – Жаңа Ай туғанда, ескі Айды майдалап жұлдыз қылады да, шырағым, – депті.

Қожаның Айды аспанға шығаруы

  Бір күні түнде Қожа шөлдейді. Құдықтан су алып ішпек болады. Құдыққа қауға салады. Қауғасы құдықтың ішіне ілініп қалады. Әрі-бері тартып, шығара алмайды.
  Сонан кейін Қожа:
  – Бұған не болды екен? – деп, еңкейіп, құдықтың түбіне үңіледі. Одан Айдың бейнесін көреді. Сонан соң:
  – Е, қауғам Айға ілініп қалған екен ғой, – деп ойлайды.
  Сөйтеді де, құдықтың шеңберіне табанын тіреп, қауғаны бар пәрменімен тартып қалады. Қауғасы кілт шығып кетеді. Қожа шалқасынан құлайды. Құлап жатып, аспанда тұрған Айды көреді. Сонда ол:
  – Уһ, не болса, сол болсын, әйтеуір, Айды аспанға бір шығардым-ау, – дейді.

«Бабалар сөзі». Жүз томдық, 77-том

5. Мәтін шығарманың қай түріне жатады? Оқиғалар сенде қандай көңіл күй туғызды?

6. «Жаңа Қожанасыр» тақырыбында кинофильм дайында. Ол үшін алдымен ғарышқа қатысты тақырыптар таңдап ал. Соған сай кадрларды сипаттап айт.

Үлгі: Қожанасыр Айға қонды.
        1-кадр …
        2-кадр …

7. Есіңе сақта. Жаттап ал.

  Қазақ халқында Айға қатысты ырымдар баршылық. Мысалы, жаңа туған Айға бата жасау ырымы бар:
  1. Айдан аман сақта,
     Айлардың айында,
     Жылдардың жылында,
     Жаңа Ай, жарылқа,
     Ескі Ай, есірке.
  2. Ай көрдік, аман көрдік,
      Ат басындай гауһар көрдік.
      Келер ай, келер жылдардан аман сақта.
  3. Жаңа Айдан жақсылық,
      Ауырлығым жерде, жеңілдігім менде.
  4. Сондай-ақ халқымыз егер жаңа Ай тігінен туса, ауа райы жылы болады деп, ал Ай шалқасынан жатса, суық болады деп ырымдайды.
      Айдың тік туғаны, –
      Өзіне жайсыз, халыққа жайлы.
      Шалқасынан туғаны –
      Өзіне жайлы, халыққа жайсыз, –
  деп өлеңдетеді.

«Аспан сыры» кітабынан

8. Рөлге еніп, сахналап көріңдер.

Мен Аймын …
Мен Күнмін …

×
×

Cart