Бейбітшілік құсы

Кейіпкерлердің іс-әрекетін салыстыра бағалаймын, өлең жолдарын пайдаланамын.

1. Бейбітшілік құсын білесің бе?

2. Неліктен бейбітшілік құсы аталған екен? Түсініп оқы.

Бейбітшілік құсы

Ерте, ерте, ертеде,
Шеттегі бір өлкеде
Соғыс болды алапат,
Жер дүрілдеп өртене.

Жерді түтін қақтады,
Қара түнек қаптады.
Балалар мен аналар
Баратын жер таппады.

Белгісіз кім кінәлі,
Азалы ел жылады.
Қанша батыр, сарбаздар
Оққа ұшып, құлады.

Дауыл тұрып, жұлқынды,
Теңіз тасып, бұлқынды.
– Дереу соғыс тыйылсын! –
Деп, Жер-Ана сілкінді.

Ақ көгершін қалықтап,
Өрттен қашып, шалықтап,
Көкке бойлап, биікке
Көтерілді шарықтап.

Ол бұлттардан өтіпті.
Айға ұшып жетіпті.
Тілегін Ел-Ананың
Оған баян етіпті:

– Тыңда, жарық Айымыз!
Тым жаман-ау жайымыз:
Соғыс өрті қаулады,
Соққы көрдік дәйім біз.

Сен анықтап қарашы:
Жер – әлемге таласып,
Жауласқандар не тапты?
Достассын да жарасып.

Ай тіл қатты ақырын:
– Амансың ба, ақылдым!
Жақтым көктің шырағын,
Жайым – ғарыш – тұрағым.

Ақ сәулемді себелеп,
Жерге шашып тұрамын.
Жерге мәңгі серікпін,
Жеті күнге көрікпін.
Сондықтан да адамдар:
– Айым, – дейді, – көріктім!
 
Күн ғой біздің анамыз,
Күннен қуат аламыз.
Ақыл-кеңес сұрайық,
Алыс демей арамыз.

Күнімізге барып қайт,
Көргеніңнің бәрін айт.
Жадыратып біздерді,
Жақсы хабар алып қайт.

Неше жарқын күн өтті,
Неше дүркін түн өтті.
Шаршамастан құс ұшып,
Шарықтауын үдетті.

Ақ алмастай жарқылдап,
Ақ қанаты сартылдап,
Самғап келді Күнге ол,
Самұрықтай аңқылдап:

– Амансың ба, Күн-Анам!
Алауыңды құп алам!
Шапағыңмен нұр шашып,
Шапағат ет, сұранам.

– Аманбысың, ақ құсым,
Адамдарға бақ-құсым.
Құстарды кім қорласа,
Қуырамын апшысын.

Жаның таза білемін,
Жақсылықты тіледің.
Ойларыңның бәрін айт,
Орындалар тілегің.

– Қара бастың қамы үшін
Қалың елдің намысын
Өртеді жау, қорлады,
Өлді талай арысым!..

Өскелең Жер бетінде
Өртті соғыс өтуде.
Қалып қоя жаздадым
Қаулаған от өтінде.

Мекеніміз – ырыс, құт,
Мейір де бар тым ыстық.
Жетпей жатыр тек қана
Жер бетінде тыныштық.

Күлім қағып Күн тұрды,
Бүкіл әлем құлпырды.
Қара түнек пердесі
Қақырады, жыртылды.

– Ау, ақ құсым, арайлым,
Айдарыңды тараймын.
Көк пен Жер сау болсын деп,
Көз алмастан қараймын.

Қуатымды беремін,
Құлшынсын тек ер елің.
Жауласатын ездерге
Жай оғы боп төнемін.

Күнде төгіп нұрымды,
Гүл жайнатам қырыңды.
Бердім сөзді, айта бар
Бейбітшілік жырыңды.

Жарқыл жауып дүркіреп,
Жауларға күн күркіреп,
Жай оғы боп тиіпті,
Жаулар тегі күйіпті.

Сәулелі күн жарқырап,
Сәуле шашты жарқылдап.
Құдіретімен Күнінің
Құлпырды бар атырап.

Бұл – Күн-Ана күші деп,
Қамқор құстың ісі деп,
Көгершінді ел күтіп жүр,
Бейбітшілік құсы деп.

Жақын жүріп адамға,
Көгершіндер әманда
Тыныштықты тілейді,
Елге, саған, маған да.

Әдібай Табылды

Халық ертегілері және әдеби ертегілер бар.

3. Мәтіннің жанрын анықта. Дәлелдер келтір.

4. Мәтінді қара сөзбен әңгімеле.

5. Мәтіндегі кейіпкерлерді салыстыра сипатта.

6. Кейіпкерлердің адамға тигізетін пайдасын дәлелдеп, баға бер. Өлең жолдарын пайдалануыңа болады.

×
×

Cart