Болашақтың көлігі

Мәтіндегі негізгі ойды анықтаймын, дәлелдер келтіремін, салыстырамын.

1. Мәтіндерді түсініп оқы.

Электробус

  Қазір конструкторлар жаңа «электробус» жасап шығару үшін әртүрлі жобалар жасап жатыр. Оған жанармай да, сым да, рельс те қажет емес. Ол қалта шамы тәрізді электр батареясымен жұмыс істейді. Тек батареялар үлкен болуы тиіс. Мұндай «электробус» жолаушыларды тасымалдайды. Сонымен бірге олар қоршаған ортаны да ластамайды.

Пойыз ұша ала ма?

  Жақын жылдары магниттің күшімен қозғалысқа келетін магнитті жастықшадағы монорельсті жолаушы пойызының жаңа түрі пайда болды. Олар шағын биіктіктегі магнит өрісін туғызатын арнайы рельстерде «ұшып» бара жатқан тәрізді көрінеді. Осы рельс арқылы олар жылдамдықтарын сағатына 400 километрге арттыра алады.

2. Мәтіндерде айтылған көліктер туралы пікір білдіріңдер.

• Сенің ойыңша, болашақтың көлігі қандай болуы керек?

3. Тамаша ертекші Уолт Диснейдің ертегісін тыңда.

Көліктер

  Орталық алаңда ине шаншар жер жоқ. Жарыстың соңғы минуттары. Жасындай жанған Маккуин есімді жас көлік өзінің басты екі қарсыласы атаққұмар Чико Хикспен және бірнеше дүркін жеңімпаз болған ардагер Кингпен бірге иық тіресіп, бір сәтте мәре сызығын кесіп өтті.
  Біріншісі – бірнеше дүркін чемпион атанып, даңқы жер жарған Кинг есімді көлік. Бірнеше жыл қатарынан бас жүлдені қанжығасына байлап, жарысқанда алдына жан салмайтын ол өзінің спорттық мансабын осы жарыста аяқтамақ ниетте еді. Ал екіншісі – бәріне ортақ ережеге бағынбай, өз дегенімен жүретін шатаққұмар көлік Чико болатын. Жарыстың ақырғы текетіресі Калифорнияда өтетін болды.
Бірнеше сағаттардан соң, Маккуин Лос-Анджелес қаласының халықаралық жарыс алаңына да келіп қонды. Ол бар күшін жиып, сайысқа дайындалып бақса да, бірақ ол Радиатор-Спрингсте қалған достарын ойлай берді.
  Осы кезде алаңның жоғарғы жағынан таныс дауыс естілді. Қараса досына қолдау көрсетуге келген Док екен, ол:
  – Жігітім, мен бұл жерге сүйегімді сүйретіп, сенің жеңіліске ұшырағаныңды емес, жеңісіңді көру үшін келдім! – деп айғай салды. Док өз командасын басқарып тұр екен. Оның жанында Радиатор-Спрингс қаласының көлік жөндеушілері де ере келіпті. Бұл Маккуиннің нағыз достары еді!
  Мәреге жақындап қалған Маккуин алаң үстінде орналасқан алып экраннан есерсоқ Чиконың Кингті қалай жол шетіне ығыстырып әкеп, қатты соққанын көріп қалды. Бұл сәтте Маккуин мәре сызығына жетуге сәл-ақ қалған… Күтпеген жерден ол тежегішін басып барып тоқтады. Танымал шабандоздың тауы шағылып, ешкімге керексіз болып алуына жол бергісі келмеген Маккуин Кингке қол ұшын созу үшін кері бұрылды.
  Маккуин дереу ардагер шабандозды демеп, мәре сызығына алып шықты. Оның бұл әрекетіне разы болған көпшілік дуылдай қол соқты.
  Жас шабандоз атақ пен жеңістен достық пен қайырымдылықтың бағасы әлдеқайда артық екенін түсінген еді.

Уолт Дисней
Орыс тілінен аударған: Әсем Қойшиева

америкалық суретші-мультипликатор, кино-режиссёр. Тарихтағы ең бірінші дыбысталған мультфильмді жасаушы адам.

4. Мәтіннің соңғы сөйлемін қайталап оқып, негізгі ойды анықта. Не үйрендің?

5. Мәтінге сүйеніп, жарысқа қатысушы көліктерді сипатта. Саған қай көлік ұнады? Неліктен?

6. Мәтінді мультфильм нұсқасымен салыстырып көр. Тағы қандай кадрлар қосар едің?

7. Көліктердің пайдалы екендігіне 5 дәлелді айғақ келтіріңдер.

×
×

Cart