АБАЙДЫ ОҚЫ, ТАҢЫРҚА!

   Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбайұлы. Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ.

Ахмет Байтұрсынұлы

   – Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы артына мол мұра қалдырды. Абай атамыздың әрбір сөзі, өлеңі үлгі-өнегеге, ақыл-насихатқа толы, ал қарасөздері – есті адамның шамшырағы.
   «Абай жолы» романы – Абай Құнанбайұлының өмір сүрген кезеңі мен қазақ халқының салт-дәстүрін толық қамтыған тарихи шығарма. Авторы – заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов.

   – Абай атамыздың әр сөзін оқи отырып, тамсанамыз, таңырқаймыз. Ақын атамыз дәл осы кезді жырлап отырған, жазып отырған секілді болып көрінеді. Заман шындығы, қоғам көрінісі, алауыздық пен татулық, өнер мен білімге құштарлық, насихат, адамзат баласына жол көрсете білу және т.б. көптеген мәселе – Абай Құнанбайұлы шығармаларының негізгі тақырыбы.

   – Ауыз әдебиетінен халықтың тарихын, тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, ой-арманын т.б. білеміз. Ол – халықтың бай әрі шұрайлы тілінің жемісі.
   Ертегілер – адам баласының жазу өнері болмаған кезде ауызша шығарған көркем әңгімесі, ауыз әдебиетінің көне әрі күні бүгінге дейін өз мәнін жоймаған түрі.

   Абай – өз заманынан озық туған дара ақын. Абай тұсындағы әрбір сөз зергері, би-шешені, ақыны мен әншісі Абай бойына ақындықтың, шешендіктің дәнін егіп кетті. Абай солардан үлгі алды, үйренді, көбімен сөз жарыстырып жүріп жетілді.

Мұхтар Әуезов

Абай Құнанбайұлы

(1845–1904)

   Абай Құнанбайұлы 1845 жылы бұрынғы Семей уезі Шыңғыс болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында) дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Ибраһим. Абайдың әкесі Құнанбай Қарқаралы округіне аға сұлтан болған. Абайдың өз әкесі – Құнанбай, атасы – Өскенбай, арғы атасы – Ырғызбай. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы – шешен, ел ағасы.
   Абайдың әжесі Зере аса ақылды, әңгімешіл, балаға мейірімді, ағайынға қамқор, кісі ренжітпейтін
жұмсақ мінезді, ортасына сыйлы жан еді.
   Анасы Ұлжан өте сабырлы, кең мінезді, сөзге ұста, тапқыр адам болған.

   Абай әуелде Ғабитхан деген татар молдасынан мұсылманша хат таниды. Абайды он жасында Семей қаласындағы Ахмет Ризаның медресесіне оқуға береді.
   Ол бос уақытында Шығыстың ұлы ақындары Низами, Сағди, Науаи, Физули, Фирдоуси шығармаларын оқиды.
   Абай медреседе небәрі үш жыл жүріп, кейін өз бетімен «приходская школаға» түсіп, үш айдай орысша да білім алады.
   Бірақ бұл оқу ұзаққа бармайды. Жасы он үшке келіп, ерте есейіп, ақыл-ойы тола бастаған шақта өткір, зейінді Абайды әкесі Құнанбай ел билеу ісіне араластырып тәрбиелемек болып, оны оқудан елге алып кетеді. Құнанбай қажының басқаруымен Абай ел ішіндегі түрлі істерді шешуге араласады.
   Көптеген ескі әңгімелерді, өлең-жырларды халық ішінен үйренеді. Өз бетімен араб, иран, шағатай тілінде жазылған
ертегі, дастан, қисса сияқты т.б. әдеби мұралармен танысады.

Жас Абай

   Медресе – мұсылманша сабақ беретін мектеп.
   Молда – діни рәсімдерді меңгерген ұстаз.

   Аудармалары, шығармашылығы

   Абай Пушкин мен Лермонтовты, Крыловты, Батыс және Шығыс ақындарының өлеңдерін аударып, қазақ жазба әдебиетіне зор үлес қосты. Абай аудармалары – еркін аударма. Халықтың ойына, түсінігіне сай.
   Поэмалары: «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі». Артына үлгі-насихаттың қайнар көзі саналатын қарасөздерін қалдырған.

   Абайдың ақын шәкірттері

   Ұлы ақынның ізін қуып, орыс әдебиетін насихаттап, өлең жазған шәкірттері болды. Олар: Көкбай, Кәкітай, Ақылбай, Мағауия (балалары), немере інісі атақты Шәкәрім Құдайбердіұлы.

   Зерттелуі

   Абай туралы ғұлама жазушы М. Әуезов ғылыми еңбектерін, әйгілі «Абай жолы» эпопеясын, Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласын жазды. Ал ғалым Қайым Мұхамедханов т.б. әдебиетшілер абайтану саласын жан-жақты зерттеп, жаңа қырынан дамытты. Абай шығармашылығы өте терең. Оны көптеген ғалымдар зерттеді. Ғылыми еңбектер жарық көріп, диссертациялар қорғалды. «Абай» атты есімнамалық энциклопедия басылып шықты. Абайдың шығармашылық әлемі әлі де зерттелуде.

   Абай – өз халқының ең ардақты, аяулы арманын, ой-пікірін, терең сезім-сырын, ұлттық мінез-құлқын жеріне жеткізе жырлаған, жарқын бағыттағы жаңа жазба әдебиеттің атасы, қазақ көркем әдебиетінің көрікті тілін ұстартқан, құдіретті ақындық өнерімен үлгі-өнеге жайған классик ақын.

Қайым Мұхамедханов

?

   1-тапсырма. Абай Құнанбайұлы кім? Әкесі, әжесі мен анасы туралы не білесіңдер?

   2-тапсырма. Абай қайда оқиды? Шығыстың қай ақындарын оқыған? Шығыс және Батыс ақындары туралы мұғалімнің көмегімен түсінгендеріңді кестеге түсіріп, айтып беріңдер.

   3-тапсырма. Абай Құнанбайұлының өздерің білетін шығармасын жатқа айтыңдар.

   4-тапсырма. «Жас Абай» портреті қай суретшінің туындысы деп ойлайсыңдар? Мұғалімнің көмегімен суретшінің өмірбаяны және көркемсурет туындысы туралы дәптерге жазыңдар.

   5-тапсырма. Абай туралы белгілі ғалымдардың ойларын дәптерге жазып, түсінгендеріңді талдап, айтып беріңдер.

   6-тапсырма. Бала Абайға, ақын Абайға, ел билеуші Абайға, дана Абайға мінездеме беріңдер.

   7-тапсырма. Абай өмірбаянын, шығармашылығын кімдер зерттеді? Зерттеушілер туралы ғылыми дереккөздерге сүйеніп, білгендеріңді кестеге сызып, баяндаңдар.

   8-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріп, тапсырманы орындаңдар.

1. Мұхтар Әуезов Абай туралы қандай еңбек жазды?
2. Қайым Мұхамедханов кім? Оның абайтануға қосқан үлесі туралы дәптерге жазыңдар.

   9-тапсырма. Мәтінді тыңдаңдар. Берілген уақыт ішінде тапсырмаларды орындаңдар.

   Уақыт мөлшері: 10 минут.

Абайдың даналық сөздерін тыңдай отырып, көріктеу құралдарын (эпитет, метафора) дәптерге теріп жазыңдар.

!

   Өлең буын саны, тармағы, ырғағы арқылы үйлесіп, ұйқасты шумақпен жазылады.
   Оны өлеңнің құрылысы деп атайды.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таңғаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей…

?

   1-тапсырма. Өлеңнің идеясы мен тақырыбында не туралы айтылған?

   2-тапсырма. Абай өмір сүрген орта қандай еді?

   3-тапсырма. Өлеңнің бірінші шумағын мәнерлеп, жатқа оқыңдар.

   4-тапсырма. Абай өз шығармасында қандай ойды қозғайды? Пікірлеріңді ортаға салыңдар.

   5-тапсырма. Өлеңдегі көріктеу құралдарын табыңдар. Құрылысына қарай талдаңдар.

   6-тапсырма. Шығармашылық жұмыс.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін…

   Өлеңді өз ойларыңмен толықтырып, сөз өнеріне, поэзияға арнап шығарма (арнау, толғау) жазыңдар.

   7-тапсырма. Мұғалім көмегіне сүйеніп, берілген шығарманың жазылу тарихы және көркемдік ерекшелігі жайлы деректер жинақтап, сыныптастарыңмен бөлісіңдер.

   8-тапсырма. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген тақырыпта бүгінгі күннің поэзиясы туралы сыни эссе жазыңдар.

Ғылым таппай мақтанба

Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі,
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.

«Бес асыл іс» шыңы

   Ақын пікірі

   Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты боларға керек… Ең жоғары, ардақты орын – Абайдікі.

Міржақып Дулатов

   1-тапсырма. Өлеңнің идеясы мен тақырыбына талдау жасай отырып, мұғалімнің көмегімен «нәфрәтлі», «ғибрәтлі» сөздеріне түсінік беріп, дәптерге жазыңдар.

   2-тапсырма. Өлеңді мұқият оқып, кестені дәптерге толтырыңдар. Жазғандарыңнан түсінгендеріңді айтып беріңдер.

Бес асыл іс

Бес дұшпан

   3-тапсырма. Берілген тапсырманы орындаңдар.

1. Өлеңді мәнерлеп, жатқа айтыңдар.
2. Өлеңге әдеби талдау жасаңдар.

   4-тапсырма. Өлеңдегі антонимдік қатар құрай алатын сөздерді тауып, дәптерге жазыңдар.

   5-тапсырма. Абай айтқан «Бес асыл іс» шыңына жету жолдары туралы не ойлайсыңдар? Абай қандай ойды ұсынады?

   6-тапсырма. «Бес дұшпаннан» алыс болу үшін не істеу керек?

   7-тапсырма. 1. Өлең жолдарынан түсінгендеріңді айтып беріңдер.

Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз…

   2. «Ғылымның пайдасы» тақырыбында өз ойларыңды ортаға салыңдар.

   8-тапсырма. Мұғалім көмегіне сүйеніп, берілген шығарманың жазылу тарихына назар аударыңдар.

   9-тапсырма. 1. Бүгінгі күні ұялы телефонды шектен тыс пайдалану немесе компьютер ойындарын үздіксіз ойнау дұрыс па? 2. Өз қатарластарың жайлы «Жақсы мен жаман» тақырыбында сыни эссе жазыңдар.

   Абай – ұлттық, халықтық ақын, ғұлама ойшыл.
   …Абай әлемі шексіз. Абай заман ағымын қатты сезінді.
   Ілгерідегіні болжады. Соған ыңғайланып қазақ халқын тәрбиеледі. Сөйтіп, өз ұлтының ұстазына айналды.

Мырзатай Жолдасбеков

   – Қарасөздерді Абай өзі «ғақлия» деп атаған. Ғақлия – көркем қарасөз, нақыл сөздің бір түрі, ой саларлық ақыл-кеңес жазылған даналық сөзі. Осы еңбегі туралы ақынның өзі былай дейді: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын…»

   – Мұхтар Әуезов: «Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесуде мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз тәрізді», – дейді.

Бірінші сөз

   Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.
   Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді Құдай сақтасын!
   Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған азғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.
   Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып, шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік…
   Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын?..
   Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.

   1-тапсырма. «Бірінші сөзде» Абай не туралы айтады? Төменде көрсетілген ұғымдарға түсінік беріңдер.

Ел бағу

Мал бағу

Ғылым бағу

   2-тапсырма. Қарасөзді мұқият оқи отырып, ел, жер, ғылым туралы мақал-мәтел жазыңдар.

   3-тапсырма. Қарасөздің өздеріңе ұнаған үзіндісін жатқа оқыңдар.

   4-тапсырма. Үзіндіні оқып, Абайдың жастар жайлы пікірінен түсінгендеріңді айтып беріңдер. «…Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді Құдай сақтасын!..» Жастар қандай болуы керек? Олар не үшін білім алады? Жастардың елге тигізер қандай пайдасы бар?

   5-тапсырма. Берілген қарасөздегі Абайдың ұстанымына өз көзқарастарың бойынша талдау жасаңдар. Пікірлеріңді тұжырымдап, төмендегі кестеге толтырып, дәптерге жазыңдар.

Абай ұстанымы

Өзімнің тұжырымым

Өмірлік ұстаным

Менің өмірлік ұстанымым…

   6-тапсырма. Жақсы өмір, жаман өмір тіркестеріне өз ойларыңнан мақал-мәтел құрастырыңдар.

   7-тапсырма. Берілген тапсырманы орындаңдар.

1. Үзіндіден өз түсінгендеріңді айтып беріңдер: «…Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын?..»
2. Ата-ана тәрбиесі дегенді қалай түсінесіңдер?

   8-тапсырма. Мұғалім көмегіне сүйеніп, Абайдың басқа қарасөздеріне шолу жасаңдар.

   9-тапсырма. «Өмірдің мәні» тақырыбында сыни эссе жазыңдар.

   10-тапсырма. Мәтінді тыңдаңдар. Берілген уақыт ішінде тапсырмаларды орындаңдар.

   Уақыт мөлшері: 7 минут.

Түсінгендеріңді өз сөздеріңмен айтып беріңдер.

Жетінші сөз

   Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақүй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демектік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.
   Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса, денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай Тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?
   Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, еш нәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Өз білгенің – өзіңе, өз білгенім – өзіме», «Кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол!» деген дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса, ұқпаймыз.
   Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күретамырымызды адырайтып кетеміз.

?

   1-тапсырма. Қарасөздің негізгі идеясы неде?

   2-тапсырма. Ақынның көздеген мақсаты мен көңіл күйін білдіретін жолдарды тауып оқыңдар.

   3-тапсырма. «Жетінші сөзден» өздерің қалаған үзіндіні мәнерлеп жатқа айтып беріңдер.

   4-тапсырма. Адам мінезіне қатысты ойларды тауып оқып, түсінгендеріңді айтыңдар.

   5-тапсырма. Берілген қарасөз мазмұнын негізге ала отырып, Абайға мінездеме беріңдер.

   6-тапсырма. Шығармадағы көріктеу құралдарын тауып, дәптерлеріңе жазыңдар.

   7-тапсырма. «Адамзаттың Абайы, көңілдің сарайы» сөз тіркестерін пайдаланып, Абайдың қарасөздеріне арнап өлең шығарыңдар.

   8-тапсырма. Абай қарасөздерінің тарихи құндылығы неде? Ойларыңды дәлелдеп айтып беріңдер.

   9-тапсырма. «Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласамыз…» деген ойшыл ақын тағылымына сыни хабарлама жазыңдар.

   10-тапсырма. Мәтінді тыңдаңдар. Берілген уақыт ішінде тапсырмаларды орындаңдар.

   Уақыт мөлшері: 30 минут.

Өз түсінгендеріңді шығарма түрінде жазыңдар.

   Ақын пікірі

Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Отыз бірінші сөз

   Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.

?

   1-тапсырма. Адамның әртүрлі мінез-құлқын қарасөз мазмұны арқылы түсіндіріп беріңдер. Берілген қарасөздің идеясын талдап, дәптерге жазыңдар.

   2-тапсырма. Мәтіндегі автордың ішкі сырына назар аударыңдар. Абайдың айтпақ ойын өз сөздеріңмен жеткізіңдер.

   3-тапсырма. Қарасөзді мәнерлеп жатқа айтыңдар.

   4-тапсырма. Берілген қарасөз мазмұнын ашатын мақал- мәтелдерді тауып, айтып беріңдер.

   5-тапсырма. Қарасөз мазмұнын негізге алып, адам бойындағы жағымды әрі теріс әрекеттерді салыстырып, дәптерге жазыңдар.

Жағымды әрекет

1.

1.

2.

1.

3.

1.

Теріс әрекет

1.

1.

2.

1.

3.

1.

   6-тапсырма. Қарасөз мазмұнын пайдаланып, образдардың эпитеттік қатарын тауып, дәптерге жазыңдар.

   7-тапсырма. «Қазақтың қамын ойлаған» тақырыбында ақпараттық таныстырылым жасаңдар.

   8-тапсырма. Бүгінгі зерттеуші ғалымдар пікірлеріне назар аудара отырып, Абайдың қарасөздері туралы ойларыңды дәлелдеп айтып беріңдер.

   9-тапсырма. «Абай және заман» тақырыбына сыни ойтолғау жазыңдар..

   10-тапсырма. Мәтінді тыңдаңдар. Берілген уақыт ішінде тапсырмаларды орындаңдар.

   Уақыт мөлшері: 30 минут.

Өз түсінгендеріңді эссе түрінде жазыңдар.

×
×

Cart