Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысында кедей шаруаның үйінде туған. Белгілі ақын, ағартушы. Бір жасында анасы қайтыс болады. Әкесі Шоқпыт (Әбубәкір) кедей болса да, әрі балажан, көзі ашық, көңілі сергек, бірбеткей, өжет, ақпейіл, жомарт адам еді. Ол Сұлтанмахмұтты тәрбиелеп өсіруге бар күшін салады.
Сұлтанмахмұт 1912 жылға дейін ауылда өседі. Әкесінен, ауылдағы молдалардан сабақ алып, хат танып, көзін ашады. 1912 жылы Троицк қаласына барып оқи бастайды. Дәл осы кезден әдебиетпен айналысуы, өлең жазуы басталады.
1915 жылы ол Семей қаласына барады, оқуға түспек болады. Бірақ оқуға түсе алмайды. Бір жағынан, жасы, білімі келмейді. Екінші жағынан, қаржысы тапшы болады. Сондықтан 1915–1916 жылдары Зайсан жақта бала оқытады. 1916 жылдың қысында Сұлтанмахмұт Томскіге барып оқуға түседі. Бірақ сырқаттанғандықтан, оқи алмайды. 1917 жылы Семей қаласына қайта оралады.