1.4. Сымсыз желілер

НЕНІ ҮЙРЕНЕСІҢДЕР?
Сымсыз байланыстың артықшылықтарын түсіндіруді.

ТІРЕК СӨЗДЕР

Сымсыз желілер

Беспроводные сети
Wireless network

Интернетке минималды шығынмен кіру үшін дербес компьютерді, планшетті, смартфондарды желіге қалай қосуға болады? Компьютерді желіге қосу үшін қолданушылардың басым бөлігі сымсыз желілерге жүгінеді. Сымсыз желі дегеніміз не?

Сымсыз желі сөзі ағылшын тілінде былай жазылады: Wireless Area Network (WAN).

Сымсыз жергілікті желі (Wireless Local Area Network – WLAN) – сымсыз байланыс принципіне негізделген компьютерлік желі. Бұл желі қарапайым сымды желі стандартына толықтай сәйкес келеді. Мұндай желілерде ақпараттарды таратушы ретінде аса жоғары жиілік (АЖЖ) диапазонының радиотолқындарын қолданса болады. 
1.4.1-суретте сымсыз желілердің жіктелуі берілген:

1.4.1-сурет. Сымсыз желілердің жіктелуі

Ақпаратты радиосигнал арқылы беру кезіндегі басты аспект – модуляция (өлшемділік) болып табылады.
WLAN сымсыз желілерін пәтер, кеңсе, сынып, мектеп және т.б. орындар шегінде қолданады. Мысалы, Wi-Fi сымсыз желісінің көмегімен дербес компьютерді, планшетті, ноутбукты, смартфонды қосуға (жалғауға) болады. Wi-Fi (Wireless Fidelity) аббревиатурасы сымсыз байланыс арқылы мәліметтерді жоғары дәлдікпен тарату, жіберу дегенді білдіреді (1.4.2-сурет).

1.4.2-сурет. Wi – Fi сымсыз желісі

Бүгінде сымсыз тарату нүктелерін (Wireless Access Print, WAP) әлемнің кез келген бұрышынан табуға болады. Сымсыз тарату нүктесі – бұл сымсыз базалық станция. Ол қолданыстағы желіге сымсыз қосылуды қамтамасыз етуге немесе жаңа сымсыз желіні құруға арналған. 
Сымсыз желінің артықшылықтары мен кемшіліктері.
WLAN сымсыз желілерінің басты артықшылығы – желілік сымдардың болмауы, мұның өзі байланыс нашар болған жағдайда тарату нүктелерін динамикалық түрде өзгертуге мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы құрылғылар Wi-Fi контроллерімен жабдықталғандықтан, олар жаңа тарату нүктесін іздей бастайды. Автоматты түрде жаңа тарату нүктесіне ауысу қолданушыға жұмысын үзбейақ жалғастыра беруге мүмкіндік береді. Мысалы, әуежайларда, вокзалдарда, қонақүйлерде, кітапханаларда, оқу орындарында, дәмханаларда Интернетті тарату нүктелерін ұйымдастыру адамдарға ыңғайлы.

Сымсыз желілерді қолдануда:
– «Кез келген уақытта, кез келген жерде» қағидаты бойынша қажетті ақпараттарға тез қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Мысалы, электрондық үкімет (eGov), электрондық күнделік («Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйе), цифрлық білім беру ресурстары және виртуалды зертханалар қызметтері тарату нүктелерімен қамтамасыз етіледі;
– мобильді (ұялы) желіні қолданушылардың тұрған орны бірнеше метрге дейінгі дәлдікпен анықталады;
– бейнебақылау сымсыз модульмен жабдықталған және әртүрлі жерлерде орналасқан бірнеше бейнекамераның көмегімен жүзеге асады;
– мобильді кассалар, мобильді штрих-код оқырмандары жұмысқа ыңғайлы кез келген жерде орналаса алады.

Сымсыз желілердің кемшіліктері қандай? Біріншіден, сымсыз желілерде жұмыс істеу қауіпсіздігін сақтау керек. Ол үшін мынадай бірқатар технологияларды қолдану қажет: шифрлеу, цифрлық қолтаңба, құпия сөз және басқалар.
Сымсыз Wi-Fi желілерінің кемшілігі – қазіргі заманауи сымсыз Wi-Fi желілерінің таралу аумағы көбінесе 50–70 метрден аспайды. Wi-Fi желілеріне тән негізгі мәселелердің бірі – ол байланыс сапасы. Ол радиожабдықтар мен тұрмыстық техниканың (мысалы, қысқатолқынды пеш) кедергілері салдарынан төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ қабылдау және жіберу жағдайларын темірбетонды қабырғалар, қабырғалар, металл аралықтар да нашарлатады.
Сымсыз Wi-Fi желісінде қолданылатын шабуылдардың жиі кездесетін түрлері де бар (1.4.1-кесте).

1.4.1-кесте

Біздің заманымызда Wifi тегін желіден бас тарту мүмкін емес. Олай болса, одан қалай сақтануға болады? Төменде келтірілген қарапайым сақтық шараларын қолдану тәуекел деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді:
– Белгілі желіге қосылыңыз, әйтпесе Evil Twin шабуылының құрбаны болу қаупі бар.
– Wifi желісіне автоматты түрде жалғауды өшіріңіз. Бұл батарея қуатын үнемдеуге мүмкіндік береді. 
– https://-де көрсетілген тек қорғалған сайттарды ғана қолданыңдар.
 – тегін желілердегі қаржы мәселелерімен ешқашан айналыспаңдар.
– вирустан қорғау және қорғану қосымшалары сияқты программалық жабдықтамалар туралы ұмытпаңдар.
– Ешқашан Firewall өшірмеңдер (ағылшын тілінен аударғанда «ыстық қабырға» деген мағынаны білдіреді) немесе басқаша брандмауэр. Бұл программа компьютердің жалғануын қадағалайды, оларды талдайды және пайдаланушының өзі рұқсат ететін нәрсені ғана өткізеді.
Wi-Fi-дің зиянды әсерінен қорғаудың ең тиімді тәсілі қандай? Өзіңді қалай қорғауға болады? Wi-Fi тарату нүктесі адамның жиі кездесетін орнынан, мысалы, жұмыс орнынан, жатын бөлмеден кемінде бір метр қашықтықта болуы тиіс.
Қоғамдық орындарды тек бір ғана Wi-Fi желісімен қамтамасыз ету немесе қарапайым сымды технологияға қайта оралу керек. Ұзақ уақыт Wi-Fi желісі пайдаланылмаса, онда тарату нүктесін өшіру керек, өйткені ол сигналдар жібереді. Бұл ұсынымдарды орындау Wi-Fi-роутерден сәуле шығаратын потенциалды зиянды азайтуға мүмкіндік береді.
Техникалық құрылғылар үшін Интернетке қосылу жылдамдығы – Мегабит/секунд (Мбит/с). Ал файлдарды жүктеу жағдайында қолданушылық программалар (браузерлер) үшін деректерді жіберу жылдамдығы – Килобайт/секунд немесе Мегабайт/ секунд (Кбайт/с немесе Мбайт/с).
Wi-Fi технологиясында барлық құрылғылар аралығында деректерді жіберу жылдамдығы олардың бір тарату нүктесінің қызметіне ғана бөлінеді. Жіберілетін қызмет ақпараттарының көлемі 30–40%-ке жетеді. Төменде мегабайттан мегабитке аудару және кері амалдың сызбасы берілген.

Тарату нүктесінде ақпараттарды жіберудің максималды жылдамдығы 300 Мбит/с. Бір сыныптағы 7 ноутбук үшін ақпараттарды жіберу жылдамдығын есептеп табыңдар.

Алдағы уақытта жергілікті сымсыз желілердің дамуы WiMAX (Worldwide interoperability for Microwave Access – Микротолқынды қол жеткізу үшін бүкіләлемдік өзара әрекеттесу) стандартының жаппай тарату бағыты бойынша жүреді. WiMAX желілері ірі елді мекендерде 50 шақырымға дейінгі қашықтықта 70 Мбит/с дейінгі ақпараттарды жіберу жылдамдығын қамтамасыз етеді. WiMAX сымсыз желісі үлкен және өте қымбат жабдықты қажет етеді (1.4.3-сурет), бірақ ұсынылатын қызметтер мобильді байланыс операторларына қарағанда сапасы жоғары, арзанырақ және функционалды болмақ.

1.4.3-сурет. WiMAX сымсыз желісі

Білу және түсіну

1. Сымсыз желі дегеніміз не? Тірек сөздерді орыс және ағылшын тілдерінде айтыңдар.
2. Сымсыз желінің сымды желіден қандай артықшылығы бар?
3. Сымсыз желілер қалай жіктеледі?
4. Қандай жағдайда сымсыз Wi-Fi желісіне қосылуға болады?
5. WiMAX желісінің Wi-Fi желісіне қарағанда қандай артықшылығы бар?
6. Сымсыз желілердің артықшылықтары мен кемшіліктерін салыстырыңдар.

Қолдану

7. Сымды және сымсыз желілерге салыстырмалы кестені құрастырыңдар (1.4.1-кесте). Қажетті ақпаратты іздеу үшін Интернетті қолданыңдар (мысал ретінде мына ақпараттағы сайтты пайдаланыңдар: http://www.armo-line.ru/communications/ip-vs-analog/wi-fi- vs-cable-network/).

1.4.1-кесте

Сымды және сымсыз желілерге салыстырмалы сипаттама

8. Файлдарды жүктеу кезіндегі жылдамдығын – 15 Мбайт/с-ты Мбит/с-қа аударыңдар.

Талдау

9. Сымсыз желінің артықшылықтарымен қатар әлсіз тұсы да (ол – қолжетімділігі) бар екені сендерге белгілі. Мысалы, ашық жерде орналасқан Wi-Fi тарату нүктесі шамамен 100 м қашықтықта қолжетімді болса, ал қалалық пәтерлерде Wi-Fi тарату нүктесін бірнеше қабат қашықтықтан-ақ «көруге» болады.
Сондықтан көршілеріңнің кез келгені Интернетке қол жеткізіп қана қоймай, бір желіге қосылған құрылғыларға да ене алады. Өздерің қолданатын желіге кіру радиусын қалай қорғауға және шектеуге болады? Wi-Fi желісіне тарату нүктесінің қауіпсіздігін жақсарту үшін қарапайым ұсыныстар жасаңдар.

Жинақтау

10. Сендердің үйлеріңде желінің қандай типі орнатылған? Оған қанша құрылғы жалғанған? Деректерді жіберу жылдамдығы қандай?
Тапсырманы орындауға арналған ұсыныстар
1) Қандай провайдер (Интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ететін компания) арқылы Интернетке қосылдыңдар? Талдау жасаңдар. Ол үшін http://www.speedtest.net/ сайтын пайдаланыңдар. 2) Бір орыннан басқа орынға көлемді файлды көшіре отырып, желідегі деректердің жылдамдығы қандай екенін анықтаңдар (1.4.4-сурет).

1.4.4-сурет. Элементтерді көшіру

Бағалау

11. «Wi-Fi сымсыз желісінің зияны мен пайдасы» тақырыбында эссе жазыңдар.

Android операциялық жүйесіндегі смартфоннан Интернетті компьютерге, планшетке немесе смартфонға қалай таратуға болады?
Мобильдік құрылғыдан Интернетті тарату өте қарапайым тәсіл болып табылады. Смартфон сымсыз роутер ретінде Интернетке бір мезгілде бірнеше құрылғыларды жалғай алады.

Смартфонды Wi-Fi режиміне көшіру үшін Android-тан орнатуды ашыңдар. Сымсыз желі бөліміндегі Ары қарай (Ещё) пунктін таңдаңдар. Содан кейін Модем режимі (Режим модема) терезесі және Wi-Fi-дің қолжетімді орны (Точка доступа Wi-Fi) пункті таңдалады. Wi-Fi-дің қолжетімді орны (Точка доступа Wi-Fi) жаңа терезесі ашылады. Жоғарғы жақта орналасқан қосқыштың көмегімен Wi-Fi модемін белсенді етіп қойыңдар. Содан кейін тарату нүктесі баптауындағы қорғау тәсілін (WPA2 PSK) және құпия сөзді беріңдер. Сонымен, тек компьютерді ғана емес, Wi-Fi модулін қанағаттандыратын кез келген құрылғыны қосуға болады.

3-тапсырма. Берілген сөздерді табыңдар.

×
×

Cart