Қазақстанның білім берудегі жетістіктері

СЕН:
– еліміздегі білім беру саласының дамуы жөнінде білетін боласың.
– болашақ мектебінің моделін құрастыруды үйренесің.

Суретке қара. Онда әдеттен тыс қандай көріністі байқағаныңды айтып бер.

Сен суреттен дәптерлеріне қарап отырған ересек адамдарды көрдің. Қалай ойлайсың, олар не істеп отыр?

  ХХ ғасырдың басында елімізде ересектер арасында сауатсыз адамдар өте көп болған. Сондықтан Кеңес өкіметі ересектер арасындағы сауатсыздықты жою мәселесін қолға алды. Сөйтіп, ауылдар мен қалаларда сауатсыздықты жою пункттері ашылды. Ауылға жаппай мәдени жорық жарияланды. «Қызыл киіз үйлер» ашылып, онда мыңдаған ересек адамдар білім алды

  1930 жылы барлық балаларға міндетті түрде бастауыш білім беру тәртібі енгізілді. Қазақ тіліндегі оқулықтар дайындалды. Қазақ тіліндегі алғашқы «Алгебра» оқулығын Қаныш Сәтбаев, «География» оқулығын Әлихан Бөкейханов жазды. 1928 жылы мұғалімдерді даярлайтын Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты ашылды. Бірнеше жылдан кейін оған Абай Құнанбаевтың есімі берілді.
  50-ші жылдары жалпыға ортақ сегіз жылдық білім, содан кейін жалпыға ортақ онжылдық білім енгізілді. 80-ші жылдары еліміздегі орта мектептер 11 жылдық болды. Мектептерде еңбекке тәрбиелеу ісіне үлкен көңіл бөлінді.

Бақылау,
зерттеу

Өзіңнің ата-анаң мектепте қалай оқығандарын сұра. Жақындарыңның бастауыш мектепте қалай оқығандарын сұрастыр. Олар қандай пәндерден білім алғанын біл. Оларды қазіргі пәндермен және оқулықтармен салыстыр. Қорытынды жаса.

  Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда білім беру саласында көп жұмыстар атқарылды. 1991 жылдан бастап гимназиялар, лицейлер мен колледждер пайда болды. Облыс орталықтарында дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар ашылды. Мектептер компьютерлермен жабдықталып, ғаламтор жүйесіне қосылды.
  1993 жылы Президент Н.Ә. Назарбаев халықаралық «Болашақ» стипендиясын тағайындады. Соның нәтижесінде мыңдаған жас мамандар әлемдегі озық университеттерден білім алды.

  Республикамыздың өзінде зияткерлік мектептер жүйесі құрылып, аса жоғары деңгейдегі университеттер ашылды.
  Еліміздегі орта білім беру жүйесі өзгере бастады.
  Бүгінгі мектеп оқушыларды командада жұмыс істей білуге, өмірде кездесетін түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білуге, үш тілде сөйлей білуге үйретеді. Қажетті ақпараттарды өзің іздеп, түрлі деректерден табуды үйренуің керек.

Ойланып көр, сабақтағы қандай жұмыс формасы мына тапсырмаларды шешуге көмектеседі?

Сұрақтар мен тапсырмалар

Жүз жылдың ішінде біздің еліміздегі білім саласы қарыштап дамыды. Осының бәрі кезінде ересектерге жазу мен оқуды үйреткен «қызыл киіз үйлерден» басталған. Ал бүгінде солар гимназияларға, лицейлер мен зияткерлік мектептеріне айналған.
Сеніңше, осы өзгерістерді енгізудің себебі неде деп ойлайсың?

Сендердің алдарыңда екі формула тұр.
1) «Өмір бойы білім алу».
2) «Өмір бойғы бір білім».
Пікір алмасыңдар, ХХ ғасырға қай формула лайық, ХХІ ғасырға ше? Неге?

Жұптық жұмыс

Жоспарлау,
жобалау

Топпен жұмыс істей отырып, ХХІ ғасыр мектебінің моделін жасап көріңдер. Енді 50 жылдан кейін мектепті қалай елестетесіңдер: ғимараты, сынып бөлмелерінің жабдықталуы, оқылатын пәндер? Ол мектепте білім алған оқушы қандай жетістікке жетеді деп ойлайсыңдар?

×
×

Cart