ЛАҢКЕСТІК – АДАМ ӨМІРІНЕ ТӨНГЕН ТОСЫН ҚАТЕР

1. Сұрақтарға жауап бер.

1. Адам өміріне аса қауіпті қандай іс-әрекеттерді атар едің?
2. «Экстремизм», «терроризм» деген сөздер қандай ұғым береді? Олардың айырмашылықтары неде?
3. Лаңкестікті жасайтын кімдер? Оның дінмен қандай байланысы бар?
4. Табиғат апаттары мен адам қолымен жасалатын қатерлердің қайсысы қауіптірек? Неге?

2. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласын оқыңдар. Мақаладағы сабақ тақырыбына қатысты ой-тұжырымдарды конспектілеңдер. Бір-біріңнің жазған конспектілеріңді бағалаңдар.

3. Суретке қарап, тірек сөздерді пайдаланып, экстремизмнің заманауи мәселелері туралы өз ойыңды айт.

Тірек сөздер: ғаламдық мәселелер, адамзат, шегара, «таным сүзгісі», рух, ақпараттық технология, жастар, насихат, өзін-өзі басқару, психологиялық әлсіздік, білім, болашақ, таралу.

Синтаксистік нормалар

   Тілдің дыбыс жүйесі, сөз байлығы, сөз мағыналары, тілдің грамматикалық құрылысы – бәрі тілде қалыптасқан заңды ережелерге негізделеді. Нормалар халықтың сөйлеу тілінің ерекшеліктерінен бастау алады. Тіл білімінің әрбір саласын оқудағы мақсат: сөйлеу барысында сол нормаларды берік ұстанып, оларды дұрыс қолдануға үйрену.
  Синтаксистік нормалар – сөздерді дұрыс тіркестіру, сөйлемді дұрыс құраудың заңдылықтары. Әр тілдің синтаксистік құрылымының өзіндік жүйесі, нормалары болады. Сондықтан басқа тілдегі тіркесімді немесе сөйлемді сол қалпында қолдану тілдік нормаға сай келмейді. Олардың тілдің әдеби нормаларына сәйкес болуын ескеру қажет. Мысалы, орыс тіліндегі «утвержден министерством» деген тіркесті «министрлікпен бекітілген» немесе «придется самой решить» дегенді «өзіме шешуге келеді» деп сол қалпында аудару дұрыс емес. Олар қазақ тілінің синтаксистік нормасына сай «министрлік бекіткен», «өзімнің шешуіме тура келеді» деп қолданылады.
   Сол сияқты қазір жастар арасында сөйлем ішінде модаль сөздерді қолдану жүйесінде де қателіктер кең етек алып отыр. Мысалы, «Менің мектепке баруым керек» деудің орнына «Мен мектепке бару керекпін» деп айтуға құлақ та, ауыз да үйреніп барады. Сонымен қатар қазақ тіліндегі сөйлем құрамындағы сөздердің орын тәртібін сақтау жайы да өзге тілдердің әсерінен бұзылатын жайттар кездеседі. Мысалы, «Мен бүгін сабақ болмайды деп ойладым» деудің орнына «Мен ойладым бүгін сабақ болмайды деп» сияқты сөйлемдердің нормаға сай келмейтініне мән беру керек. Тілді сауатты қолдану, ең алдымен, қазақ тілінің нормаларын сақтаудан басталатынын ескерген жөн.

4. Берілген мәтінді «өңдеп», синтаксистік нормаға сай дұрыс жаз.

  Қарашаның алғашқы күні аудандық Мәдениет үйінде «Діни экстремизмнің алдын алу және жастарды имандылыққа тәрбиелеу » тақырыбымен аудандық конференция болып өтті. Конференцияға жергілікті атқарушы және құзырлы органдардың өкілдері, аудан имамдары, ардагерлер, учаскелік, мектеп инспекторлары, білім еру, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпараттық құрал өкілдері, жастар, шырақшылар мен қараушылар, барлығы 230 делегат қатынасты. Конференцияны аудан әкімі ашып, конференцияның күн тәртібімен таныстырды. Аудан әкімі қысқаша сөз сөйлегеннен кейін конференцияның негізгі мақсатын атап өтті. Яғни: саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуда діни идеологияның ұлт, қоғам өмірінде әртүрлі қызмет атқарып отырғандығын, соның ішінде біздің жастарымыздың қазіргі өмірге, дінге деген көзқарасын нақтылап, жастар мәселесімен тікелей айналысатын, бейжай қалмайтын тұлғалардың басын қосып, жастарымызды діни экстремизмнің арбауынан сақтау, бойларына имандылық дарыту.


(«Абай kz» сайтынан)

5. Сөйлемді оқы. Сөздерді дұрыс тіркестіру, сөйлемді дұрыс құраудың заңдылықтары бойынша парталасыңмен бірге өзіндік зерттеу жүргіз. Жұмыс түрін қатарлас парталастарыңмен бірге бөліс.

   Жаратылыстың құшағында, меруерт секілденген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеріп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада туып-өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиісті.


(М. Жұмабаев)

6. Мәтінді тыңда.

7. Мәтін бойынша тезис жаз. Ол үшін алдымен тыңдалған мәтіндегі негізгі ақпараттарды тақырыпшаларға бөл, соған сәйкес тірек сөздерді анықта. Тезисте синтаксистік нормаларды қатаң сақта.

8. Тыңдалған мәтін бойынша төменде берілген тұжырымдардың дұрыс/бұрыстығын бағалап әңгімелесіңдер.

1. Экстремизмнің мақсаты – қоғамда үрей туғызу.
2. Экстремизмнің мақсаты – халықаралық деңгейдегі мәселелерді бірлесе шешу.
3. Экстремистік оқиғалар тек ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап орын алды.
4. Террорлық әрекет – саяси күштердің арасындағы қақтығыстардың нәтижесі.
5. Терроризм тек бір ұлтпен немесе дінмен байланысты болады.

Сақтануға негіз болатын себептер:
– күдікті заттың табылуы;
– телефон немесе пошта жолдамасы арқылы қорқыту.
Орындалатын іс-әрекеттер:
  1. Табылған күдікті затқа тиіспеу, жақындамау, орнынан қозғамау. Затқа жақын жерде шылым тартпау, радио, соның ішінде ұтқыр байланысты пайдаланудан тартыну.
  2. Күдікті заттың табылуы туралы құқық қорғау органдарына көрсетілген телефондар бойынша кешіктірмей хабарлау.
  3. Табылған уақыты мен орнын белгілеп алу.
  4. Қауіпті аумақты радиусы кем дегенде 100 метрге дейінгі жерді адамдардан босату.
  5. Күдікті затқа және қауіпті аумаққа мүмкіндігінше күзетті қамтамасыз ету.
  6. Дүрбелең тудырмау. Қауіпті аумаққа жанасып тұрған жерлерден адамдарды көшіруді қамтамасыз ету (көмекті қамтамасыз ету).
  7. Құқық қорғау органдарының өкілі келгенге дейін күту, күдікті зат жатқан жерді, ол табылған уақыт пен жағдайды көрсету.
  8. Бұдан әрі қарай құқық қорғау органы өкілінің нұсқауы бойынша әрекет ету.
  9. Жарылыс қаупі туралы дүрбелеңге жол бермеу үшін оны білуге тиісті адамдардан басқа ешкімге хабарламау.
  10. Объектіге тексеру жүргізу, қызметшілердің қажетті санын білу және оларға өзін-өзі ұстау тәртібі туралы (неге назар аудару керектігі және қауіпті зат табылған немесе қауіп төнген кезде қалайша іс-әрекет ету туралы) ақыл-кеңес беру үшін персоналдардың қажетті санын бөлу.
  11. Объект қызметшілеріне бөгде адамдардан қандай да бір зат пен бұйымды сақтауға қабылдауға тыйым салынғандығы туралы ескертіп отыру.
  12. Жарылыс қондырғысына ұқсас заттың сыртқы түрін суреттеуге дайын болу.
  Зат көп адамдар жүруі мүмкін жерлердегі қалтарыстарда, жарылыс және өрт қаупі бар орындарда, әртүрлі коммуникация орналасқан жерде: сөмке, орам, пакет және т.б. түрінде жатуы мүмкін. Ол сыртқы түрі бойынша жарылыс қондырғысына (гранат,мина, снаряд және т.б.) ұқсас болуы мүмкін; өткізгіш жіп, арқан, изолента, жабысқыш түрінде жатуы мүмкін; сағаттың шықылдауы, механикалық гүріл, өзге дыбыстар естілуі; бадамның немесе өзге таныс емес иіс шығуы мүмкін.
  Күдікті затты күзеткен кезде мүмкіндігінше қорғануды қамтамасыз ететін заттар (ғимараттың бұрыштары, діңгек, жуан ағаш, автомәшине және т.б.) тасасында тұрып, бақылау жүргізу қажет.


(«Апатты жағдайлар және олардан сақтану жолдары» кітабынан)

10. Мәтіндегі ережелерді конспектілеп жаз.

11. «Үздік инспектор». Рөлдік ойын. Тыңдалған және оқылған мәтіндердегі ақпараттарды пайдаланып, заң қызметкері рөлінде оқушыларға күдікті зат табылған жағдайдағы іс-әрекет жүйесін қысқа да нұсқа етіп түсіндіріңдер.

12. Жағдаят: мектептің дәлізінен күдікті заттың жатқанын байқап қалдыңдар. Не істейтіндеріңді нақты әркеттермен көрсетіңдер.

13. Мәтінді оқы. Осы оқиғаларды экстремизмге жатқызуға бола ма? Пікіріңді дәлелде. Қарамен жазылған сөйлемдерге синтаксистік талдау жаса.

    Ежелден жеке адамдардың өміріне қастандық жасап, тұтқиылдан өмірін қиып, дұшпандыққа бару тарихтан белгілі. Бұл қастандық негізінен патшаларға, ел билеушілерге, министрлерге, фабрика-зауыттың директорларына, ірі помещиктерге қарсы бағытталатыды. Мұны түсінуге болады. Олар өз бақытсыздықтары үшін кінәлілерден, ар-намысын аяққа таптаушылардан, жеке басының кегін алудың бірден-бір жолы лаңкестік деп есептеді. II Александр патша осындай қастандықтан қаза болды. Ашжалаңаш халық өздерінің ауыр тұрмысынан құтылудың амалы қатыгез патшаның көзін жою деп түсінді. Француздар XVIII ғасырда XVI Людовик король мен оның айдай сұлу зайыбы Мария Антуанеттаның бастарын гильотинамен қағып тастады. Бұл қастандықтардың нысанасы нақты тұлғалар болды. Оларды құрбандыққа шалудың себептері де жеткілікті еді.

14. «Интервью». Жұптық жұмыс. Ақпарат көздерінен Қазақстанда болған экстремистік оқиғаның бірі туралы мәлімет жинаңдар. Сол оқиғаның барысын куә болған заң қызметкері мен журналистің рөлінде баяндаңдар. Әңгіме теледидардан көрсетілетін арнайы хабар түрінде берілсін. Журналист пен заң қызметкерінің сұхбаты түрінде жүргізілсін. Уақыты: 1,5–2 минут.

15. Мәтінді оқы. Оны көпшілік алдында сөйленетін қандай тақырыптағы сөзге дәйек етіп алуға болады? Неге? Қарамен жазылған сөйлемдерге синтаксистік талдау жаса.

   Жуырда АҚШ заң орындары Мұхаммед пайғамбардың каррикатуралық суретін салған суретшіні өлтіру үшін киллерге тапсырыс берген бір әйелді тұтқынға алды. Ол өзі Ислам дінін қабылдаған, мұсылман әйелдерінше киініп, Швецияға барған. Мұнда ол киллер жалдап, суретшіні өлтіруді мақсат еткен. АҚШ қауіпсіздік органдары бақылауға алып, әйелді тұтқындаған. Тексере келгенде, ол АҚШ-тың өз азаматшасы екен, келімсек емес, осында туып-өскен англо-саксондық болып шыққан. Террорист біткенді Шығыстан іздеген АҚШ қауіпсіздік қызметкерлері оны өз тумаларынан тапқан. Бұл нені көрсетеді?

16. «Шығу парағын» пайдаланып, сұраққа жазбаша жауап бер.

1. Сабақ тақырыбы бойынша не үйрендің?
2. Сен үшін қандай маңызды мәліметтер болды?
3. Өзіңнің және сыныптастарыңның білімін бағала (Өз жұмысыңа, сыныптастарыңның топ ішіндегі белсенділігіне көңілің толды ма?).
4. Осы тақырып бойынша тағы не білгің келеді?
5. Осы тақырып бойынша тағы қандай ақпарат көздерін оқисың?

×
×

Cart