КӨРКЕМ ТАБИҒАТ ЖӘНЕ КӨРІКТІ ЖЕРЛЕР

1. Қазақстанның көрікті жерлері туралы не білесің?
2. Өзің тұратын мекенді көрікті деп ойлайсың ба? Ойыңды дәлелдегенде, тұлғасы өзгертіліп барып біріккен сөздерді қолдан.

1-тапсырма. Үнтаспадан мәтінді мұқият тыңда. Ақпараттарды есіңе сақта. Төмендегі сұрақтарға жауап бер.

• Тыңдалған мәтінде қандай көрікті жер туралы сөз қозғалды?
• Мәтінде бірге жазылатын сөздер бар ма?
• Бірге жазылған сөздерді тауып, сызба дайында. Олар неліктен бірге жазылатынын ережеге сәйкес дәлелде.

2-тапсырма. Төмендегі сұрақтар бойынша диалог құрыңдар.

– Еліміздің көрікті жерлері туралы айтып бересің бе?
– Қазақстанның табиғаты сені неліктен қызықтырады?
– Өз еліңнің көрікті жерлерін басқа елдермен салыстыра аласың ба?
– «Туған жердің әр тасын бағалай білу керек» дегенді қалай түсінесің?

3-тапсырма. Мәтінді оқып, түсіндіріп айт. Бірге және бөлек жазылған сөздерге көңіл бөл.

   Марқаның жағасы ерте кеуіп, ерте көктеді. Жауқазыны қарды жарып шыға беретін тау бөктерінің былтырғыдан қалған күреңсесі күлтеленіп, қаулай тебіндеп келе жатқан көкпен араласып, алаабырланып жатыр. Тау ішінде көкжиек жақын болады. Тауда тұрғанда аспан да аласа көрінеді. Сол көктемгі көкжиек – қоп-қою жалқынды сағым іркіліп барып, әлгі көк күмбезімен көмкерілген. Жазғытұрымның кірбіңсіз ашық аспаны мөлдіреп, көлде көрініс беріп тұр. Кілкіген жұқалаң мұнар арасынан оқшау көрініп, мұнда-мұндалап аппақ болып жататын Тарбағатай шың-құздарын ұзынынан-ұзақ созылған жіп-жіңішке ақ бұлт екіге бөліп, аспан тауына ұқсайтын. Енді-енді бүршік атып, көктемнің шуағына алақанын жая бастаған орман соңғы нөсерден жаңа ғана ес жиып бусанады. Көктегі ауада сарай ашар жағымды саумал иісі бар. Сымпылдай ұшып келген бір топ шүрегей Марқакөлдің айдынын төсімен тілгілей қонды да, мамырлап жүзе жөнелді.

(Б. Соқпақбаев)

• Бұл мәтіннен қандай ақпарат алдың?
• Бөлек және бірге жазылған сөздерді жаз.

4-тапсырма. Сурет бойынша бірге жазылатын сөздерді қатыстырып, «Шымбұлақ» туралы сөйлем құра.

5-тапсырма. Тілдік бағдар айдарындағы ережелердің өзіне тән ерекшелігін, қызметін, маңызын талда.

6-тапсырма. Қазақстанның көрікті жерінде болған кезіңді баяндап, оны суретте де, репортаж дайында. Келтірген деректерің, алған ақпараттарың нақты болсын. Ол үшін төмендегі қағидаларды ұстан.

• Репортаж – нақты бір мәселе бойынша әсерлі түрде баяндау.

• Репортаж оқиға болған жерде дайындалады.

• Репортаждың басқа жанрлардан ерекшелігі: өткен оқиғаны емес, болып жатқан оқиғаны сол бойда баяндайды.

• Репортажға тек ірі оқиғалар ғана тақырып бола бермейді.

• Репортер оқиғаның басы-қасында болуы шарт.

• Сол оқиғаны қаз-қалпында суреттеп жазады, оған өзінің қатысын білдіріп, оны басқалардың пікірімен толықтырады.

• Репортаж өмір шындығына сүйенеді.

• Тілі жатық, стилі тартымды болып келеді.

7-тапсырма. «Кім жылдам?» Бірге немесе бөлек жазылатын сөздерді тап.

8-тапсырма. «Қазақстанның көрікті жерлері» тақырыбы бойынша деректер тауып, жинақы мәтін құрап жаз.

9-тапсырма. Суреттегі Жасыбай көлі туралы аңыз, өлең, танымдық мәтін немесе басқа жанрда жазылған ақпараттарды энциклопедия, газет-журналдардан тауып, олардың авторына сілтеме жаса. Өз ойыңды қосып жазуды ұмытпа.

10-тапсырма. Өлеңді қара сөзге айналдырып, негізгі ойды білдіретін мәтін жаз.

Не жетеді өзің туған мекенге?!

«Бармадым, – деп – жұрт секілді шетелге»,
Досым менің, мұңаясың бекерге.
Аз ғұмырда өз жеріңді арала,
Не жетеді өзің туған мекенге …

Сен көрмеген өз еліңнің жері бар,
Сен жүрмеген өз еліңнің шөлі бар.
Сен түспеген өз еліңнің көлі бар,
Сен қазбаған өз жеріңнің кені бар.

Керек болса, өз жеріңде жылы қыс,
Керек болса, өз бағыңда бұлбұл құс.
Туған жердің жапырағы жаныңдай,
Топырағы тұмар саған бір уыс.

(С. Мәуленов)

11-тапсырма. Сабақта алған әсеріңді, ойыңды төмендегі кестеге сәйкес жаз.

1-фигура. Не үйрендім?
2-фигура. Қанша мәлімет алдым?
3-фигура. Әлі де білгім келеді.
4-фигура. Нені түсінбедім?

×
×

Cart