ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ЕЛ ҚАЗЫНАСЫ

1. Құндылық дегенді қалай түсінесің?
2. Ұлттық құндылықтар туралы не білесің?

1-тапсырма. Өз ойыңды төмендегі пікірмен салыстыр.

   Кез келген заттың, құбылыстың, ұлттың және қоғамның ең басты сипаттарының жиынтығын құндылық деп атаймыз. Ол материалдық, рухани, отбасылық, ұлттық, жалпыадамзаттық т.б. құндылықтар болып бөлінеді. Біздің Отанымыз Қазақстанның ең басты құндылығы – ел тәуелсіздігі. Оны көздің қарашығындай сақтау – әрқайсысымыздың абзал борышымыз.

2-тапсырма. Мәтінді мұқият тыңда.

3-тапсырма. Атамекен, атажұрт туралы бір-біріңнен интервью алып, өзара пікірлесіңдер.

4-тапсырма. Сөйлемдерді екпін қойып оқы.

   Мұралардың ең қымбаты – сөз (Ғ. Мұстафин).
   Біз соңғы асуға келіп тірелдік. Бұл асудың арғы жағында өзіңе талай айтқан Жетісу жері – жалпақ ел бар. Ол – сенің атамекенің! (С. Жүнісов) Қазақ халқының салт-дәстүрлері – ел қазынасы (С. Кенжеахметұлы). Тама-ша-а! Бұл бір ке-ре-мет хабар болды!

5-тапсырма. Туып-өскен жеріңді, ата-бабаларыңның мекенін көркейту үшін не істер едің? Жауабыңды өмірлік жағдаяттармен байланыстыр.

6-тапсырма. Мәтінді екпін қоя отырып оқы.

   Менің Отаным – Қазақстан. Қазақстан – көпұлтты, тәуелсіз мемлекет. Оның жері кең-байтақ, табиғаты көркем. Еліміз Еуразияның орталығында орналасқан. Халқының саны 18 миллионнан асады. Қазақстанның ұлан-байтақ даласында мол байлық бар, ол – сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер, пайдалы қазбалар.
   Біздің еліміздің өз рәміздері бар. Олар: Ту, Елтаңба, Гимн.
   Қазақстанның бас қаласы және елордасы – Астана. Астана Сарыарқа даласында, Есілдің жағасында орналасқан.
   Еліміздің Тұңғыш Президенті – Н.Ә. Назарбаев. Біз өз Отанымызды сүйеміз, мақтан етеміз.

7-тапсырма. Мәтін мазмұнындағы сөйлемдердің дұрыс-бұрыстығын жаз.

8-тапсырма. Мәтіндегі негізгі ақпаратты үш сөйлеммен түйіндеп, сызбаны толтыр.

9-тапсырма. Сөйлемдерді сөз екпіні, ой екпіні және дыбыс екпініне сәйкестендіріп айтып көр.

1) Біздің ата-баба қонысымыз, атамекеніміз – Қазақстан.
2) Туған жер – адам баласының кіндік қаны тамған, өмірге қадам басқан қасиетті мекені.
3) Барлық адам үшін одан артық өлке жоқ.
4) Ол – менің Отаным, кішкентай ғажап әлемім. Туған жерім – менің жерұйығым.
5) Мен үшін туған жерім ыстық.

10-тапсырма. Сыныптасыңа немесе досыңа Қазақстан халқы тілдері күніне арналған құттықтаухат жаз.

• Құттықтаухат мерейтойларда, марапатталғанда, маңызды мерекелерде, туған күнде және тағы басқа ерекше жағдайларда жазылып, жолданады.
• Құттықтау хаттар «құрметті», «қадірлі», «қымбатты» деген сөздермен басталады. Міндетті түрде құттықтау себебі көрсетіледі.
• Құттықтаухатында адамның жетістіктері айтылады. Ізгі тілектер жазылады. Соңында құттықтаушының аты-жөні көрсетіледі.

11-тапсырма. Өлеңді екпін түрлеріне сай оқы. Ақын Төлеген Айбергенов «Туған еліме» өлеңінде қандай құндылық жайлы ой қозғайды?

Естірген жас жанымның шабыт желін,
Пейіліңнен айналайын даңқты елім,
Сен менің мәпелеген ұстазымсың,
Танытқан сырын өмір-әліппенің.

Сен менің алтын ұям, жыр бесігім,
Жанымда шоқ боп жанып тұр есімің,
Сүтіңді ақтаймын деп келем өсіп,
Ері боп бақытты өмір күресінің.

Бұрқанып бойда тасқын жас жігерім,
Сен үшін қиындыққа бас тігемін.
Сен айтқан құлағыма естіледі үн,
Деп: «Әр күн гүл боп жайнап өс, түлегім!»

(Т. Айбергенов)

12-тапсырма. Бұқаралық ақпарат құралдарынан, ғаламтордан ұлттық құндылықтар туралы ақпарат жина. Жинаған ақпараттарыңа сәйкес сұрақтар құрастыр. Оларды пайдаланып, ойбөліс өткізіңдер.

Ойбөліске қойылатын талаптар:
• тақырыптан ауытқымау;
• берілген уақыттан асырмау;
• сөз әдебін сақтау;
• тіл сауаттылығына мән беру;
• фразеологиялық тіркестерді қолдану;
• өзіндік көзқарасыңды дәлелді жеткізу;
• ақпараттардың шынайылығын тексеру.

13-тапсырма. Бүгінгі сабақта алған әсеріңді, ойыңды кесте бойынша жаз.

×
×

Cart