АНА ТІЛІМ – АЙБЫНЫМ

1. Неліктен ана тілін ұлттық құндылық деп айтады?
2. Мемлекеттік тіл туралы не білесің?
3. Ұлттық тіл дегенді қалай түсінесің?

1-тапсырма. Мәтінді тыңда. Мәтін бойынша сұрақ құрастырып, жауаптарыңды дәлелде. Тақырыбын анықта.

2-тапсырма. Мына сөйлемдерді негізге ала отырып, тілдің құндылық екенін дәлелде.

1. Ұлттық тіл – халық тарихының куәгері, деректі көзі, ұлттық руханияттың ажырамас бір бөлігі.
2. Тіл – адамзат баласының өткен өмір жолын, бүгінгі дамуының жарқын бейнесін әлемнің шексіздігімен сабақтастықта көрсететін ғажайып құбылыс.

3-тапсырма. Мәтінді оқы.

Ана тілі

   Ана тілі – атаңның, анаңның тілі, туған халқыңның тілі. Ана тілін біз кішкентай кезімізден әке-шешемізге, әжеміз бен атамызға, айналадағы ересектерге еліктеп жүріп біле бастаймыз. Ананың ақ сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңіреміз. Өзіміз өскен сайын халықтан, мектептен, кітаптан, газет-журналдардан, радио-теледидар мен кино, театрдан үйреніп, ана тілін тереңірек біле береміз. Ол – біздің өмір бойы өзгелермен ұғынысатын негізгі қатынас құралымыз.
   Әр халықтың басынан кешкен тарихы, ерлік істері, аңыз-ертегілері, шығарған өлең-жырлары, жазған кітаптары, табиғат пен қоғам құбылыстары атаулары, көрген-білген жалпы дүние жайындағы ұғымдары, ойы, сезімі – бәрі де ана тілінде сақталады. Ана тілі арқылы атадан балаға ауысып отырады.
   Тіл – бүкіл халықтың игілігі, халықпен бірге жасап, бірге дамиды. Ана тілін жетік білу үшін жас кезіңнен халық ауыз әдебиетін – ертегілерді, аңыздарды, өлең-жыр, дастандарды, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарды естіп, тыңдап, көп оқуың керек, халықтың өзінен, ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан үйренуің керек.

(«Ол кім? Бұл не?» кітабынан)

4-тапсырма. Бірінші бағандағы сөйлемдерді екінші бағандағы сөздермен сәйкестендіріп жаз. Оқылым мәтіні бойынша ретімен орналастыр.

5-тапсырма. Өлеңді қара сөзге айналдырып жаз. Екпін түрлерін анықта. Дыбыс екпіні бар сөздердің астын сыз.

Ана тілі

Ана тілі, ана сүтім, арым менің.
Сәулетім, сая бағым, сәнім менің.
Аспаным өзіңменен арайланып,
Нұрланып атар ылғи таңым менің.

Өзге елмен сен арқылы теңесемін,
Кемеңгер, даналармен кеңесемін.
Ән айтып, өз тілімде сөз сөйлесем,
Шабыттың айдарынан жел еседі.

Жас ұрпақ, тоқта, ойлан, жетер енді,
Еңсеңді ой басқан көтер енді.
Тіліңнің тұмшаланған бұйдасын шеш,
Дәстүрін ұстап мықты өсер елдің!

(Ө. Айтбаев)

6-тапсырма. «Тіл – ұлттық құндылық» тақырыбында ойыңды жинақтап, монолог құрастырып айтып бер.

7-тапсырма. Берілген өлең жолдарындағы орфографиялық және пунктуациялық қателерді сөздіктерге, емле ережелеріне сүйеніп түзет. Парталасыңмен салыстыр.

Көгінде күн нұрын төкен?!
Жерінде гүл жұбар себкен
Нетккен сұлу – неткен көргем,
Осы менім туған өлкем
Ер ембегі шалқып-тасқан,
Ел еркіңдей бағыт табқан
Неткен сулу, неткен көргем,
Осы менім туған өлкем.

(Ө. Тұрманжанов)

8-тапсырма. Мәтінде айтылған ойларды топта талдаңдар.

   Тіл – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауының ең басты құралы. Сондықтан оны ұқыпты қолданып, ұқсата пайдалану аса қажет-ақ. Алайда бұл талаптан шыға бермейтін, сөз мәдениетіне салақ қарайтын адамдар аз емес. Мысалы, кейбір балалар сабақта немесе жиналыста сөйлеген кезінде «сөйтіп», «нетіп», «сондықтан», «жаңағы», «ендеше», «демек» сияқты сөздерді айтар ойға ешбір қатысы болмаса да, төпеп орынсыз қолдана береді. Тілге ұқыпты қарайтын адам мұндай «ешқандай қызмет атқармайтын» қыстырма сөздерді қолданбайды, таза сөйлейді. Ойын айқын, дәл жеткізеді.

(«Ұлан» газетінен)

9-тапсырма. Төмендегі сөйлемдерді қолданып, «Ұлттық құндылықтар» тақырыбына мәтін құра.

1. Отанға қызмет ету – біздің парызымыз.
2. Елін, жерін сүйетін адамды патриот деп атайды.
3. Ана тілін ардақтайық!
4. Туған тарих – өткеннің белгісі.
5. Салт-дәстүр – ұлттық құндылықтардың бірі.
5. Іле өзені Көкшетауда орналасқан.

10-тапсырма. Кестедегі мәліметтер бойынша тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянын құрастырып жаз. Энциклопедия, ғаламторды пайдалан.

   Өмірбаян – жеке адамның өмір дерегі қысқаша көрсетілген ресми құжат.

13-тапсырма. Сабақта алған әсеріңді, ойыңды төмендегі кестеге сәйкес жаз.

×
×

Cart